Қазақстандық жастарды оқу ақысының қымбаттығы, баспананың қолжетімсіздігі, азық-түлік бағасының шарықтауы, интернет жылдамдығының нашарлығы мазалайды.
Ел Үкіметі мен "Jastar" ғылыми зерттеу орталығы жүргізген "Қазақстан жастары" әлеуметтік зерттеуінің қорытындысы көптеген қызықты жайтты анықтады.
Орталықтың дерегінше, зерттеу аясында ең алдымен, жастардың білім беру жүйесіне қанағаттану деңгейі мен ғылымға қатысы зерттелді. Респонденттердің басым көпшілігі – 76,2%-ы мектепте, колледжде, университетте өзі алған немесе дәл қазір алып жатқан білім сапасына қанағаттанатынын жеткізді. Тек 20,2%-ының көңілі толмайтын болып шықты. Арасында ғылыми дәреже алған респонденттер көп.
Мектептегі білімге қатысты жастардың 58,5%-ы – мұғалімдерінің біліктілігін, 56,4%-ы – кітапханада оқуға жайлы жағдайлар жасалғанын, 56%-ы – қазақ тіліндегі кітаптар мен оқулықтардың қолжетімді бола түскенін атап өткен. Сонымен бірге, оқушыларға құрбы-құрдастарының діни киімдерді киіп келуі, дәретханалардың ластығы, оқудан тыс сабақтар сапасының нашарлығы, интернеттің жылдамдығының тым төмендігі қынжылтады.
Колледждердегі білім беру жүйесіне қатысты тек оқытушылардың біліктілігі (43%) мен кітапханада оқудың жайлылығы (42%) ғана жоғары баға ала алды. Респонденттерге төленетін стипендия көлемінің тым аздығы және студенттерге діни киім киюге рұқсат етілуі ұнамайды.
Жоғары білімге қатысты жастар тағы да кітапханада жұмыс істеудің жайлылығын (46,3%), оқытушыларының біліктілігін (46,1%), қазақша кітаптар мен оқулықтардың қолжетімді болуын (41,7%) оң бағалады.
Жалпы алғанда, сауалнамаға жауап берген жастар өкілдері білім беру жүйесіндегі өздерін қатты мазалайтын мәселелер қатарында:
• шәкіртақының төмендігін,
• сонымен бір мезгілде оқу ақысының күрт қымбаттауын,
• мемлекеттік білім гранттары санының аздығын және әділетсіз бөлінетінін,
• жоғары білім жүйесін сыбайлас жемқорлықтың жайлауын атады.
Жас қазақстандықтар ғылымды әлеуметтік лифтімен көтерілу немесе әл-ауқатты жақсарту жолы ретінде қарастырмайды. 40,7%-ының пікірінше, жастар ғылымға жай ғана "жеке қызығушылыққа байланысты" барады. 28,4%-ының байламынша, әлдебір жобаны жүзеге асырып, қосымша жұмыс табу немесе оқуды ары қарай жалғастыру үшін ғылымды таңдауға болады.
Оқушылар мен студенттердің тұжырымдауынша, Қазақстанның жастарын ғылымға тарту, зерттеулер мен ғылыми жобаларға қызығушылықтарын арттыру үшін мемлекет пен бизнес келесі шараларды іске асыруы керек:
• жобалар мен өнертабыстар үшін марапаттар, соның ішінде мемлекеттік наградалар беру (41,5%),
• зерттеуге бөлінетін қайтарымсыз гранттарды көбейту (41,1%),
• мектептен бастап, барлық оқу орындарының шәкірттерін инновациялық жобаларға белсенді тарту (39,5%),
• оқушылардың инновациялық әзірлемелерін тұрақты түрде іріктейтін конкустарды үнемі өткізу (31,8%).
Ғылым орнына жастарымыз өзін-өзі дамытумен айналысқанды жөн көреді. Сұрау салынғандардың 34,6%-ы қосымша білімін дамыту, жаңа дағды-машыққа, біліктілікке қол жеткізу үшін офлайн-курстарда, тағы 40,3%-ы онлайн-курстарда оқитынын не оқығанын мәлімдеді.
Үкіметтің тапсырысымен жүзеге асырылған осы ауқымды әлеуметтік зерттеу аясында жастардың әлеуметтік-экономикалық мәселелерге, соның ішінде өз өміріне көзқарасы және материалдық жағдай аспектілері жеке зерделенді.
"Тарата кетсек, жастардың 39,3%-ы өз болашағына алаңдамайды. Тағы 33,5%-ы өз болашағына сенімді және оған оптимизммен қарайды. Жастардың 19,2%-ы өз болашағына алаңдаулы және оған үреймен, қауіптене қарайды. Сұралғандардың 6,9%-ы өз болашағына бейжай. 1,3%-ы жауап беруге қиналды", – деп түсіндірді зерттеушілер.
Қазақстанда азды-кем ауқатты жастардың үлесі – 27,5 пайызды, ал, бай жастардың үлесі 3-ақ пайызды құрайтыны анықталды.
"Зерттеу аясында жас ұрпақтың материалдық ахуалы қарастырылды. Жастардың 5,2%-ы материалдық жағдайын барынша төмен (тақыр кедей) деп бағалайды. Олардың тапқаны тіпті азық-түлікке де жетпейді. 14%-ы тек азық-түлік сатып алумен шектеледі. Респонденттердің 49,8%-ының тапқаны тамақ сыртында киім алуға жетеді, бірақ тұрмыстық техниканы сатып алуға қаржысы жоқ. Сонда сұралған жастардың небары 27,5%-ының теледидар, тоңазытқыш сияқты ұзақ мерзімді қолдану затын алуға мүмкіндігі бар. Жастардың 3,2%-ы ғана пәтер, машина және басқа қымбат заттарды алуға қабілетті екенін мәлім етті", – деп хабарлады зерттеушілер.
Жастардың 77%-ы өз қаржысын бірінші кезекте немесе кейде толығымен азық-түлікке шығындайды. Егер қалып жатса, 66,7%-ы киім мен аяқ киім алады. Одан артылса, баспанаға жинайды.
Жүргізілген кең ауқымды әлеуметтік зерттеу қорытындысында белгілі болғандай, Қазақстан жастарының 40,9%-ы өз кірістері мен шығыстарын үнемі, "әрдайым жоспарлап", тізімдеп, жазып отырады. Тағы 38,1%-ы ара-тұра болса да, табысы мен шығынын жоспарлап қоюға бейім.
Небәрі 18,4%-ы ғана өз шығыстарын жоспарлауды қаламайды, оған бас ауыртқысы келмейді. Яғни, жас ұрпақтың 79 пайызы – қаржылық сауатты!
Респонденттердің жасы ұлғайған сайын қаржылық жоспарлауға ұмтылысы да артып отырады. Қара шаңырақтан бөлініп шыққан ересек жастарда жаңа, қосымша қаржылық шығыстар туындайтынын ескерсек, бұл заңды да.
Мысалы, 14-18 жастағы респонденттердің арасында 29,5%-ы шығыс пен кірісті нақты жоспарлау туралы мүлдем ойламайды екен. 24-34 жас аралығында мұндай бейғам жандардың үлесі тек 14,2 пайыз ғана.
"Қаржылық қиындықтар туындаған кезде ең жас тобындағы (14-18 жас) оқушылардың 32,4%-ы ата-анасынан көмек күтеді. Одан үлкен жас тобындағылар бірінші кезекте затты бөліп төлеумен алады, немесе банкте кредит рәсімдейді. Сонымен бірге, қосымша табыс табу үшін қосымша жұмыстар іздейді. Қорыта келгенде, Қазақстан жастарының басым бөлігі өмірге қанағаттанатынына қарамастан үлкен бір бөлігі бәрібір өз болашағына алаңдаулы. Жастардың тек аз бөлігінде ғана баспана мен автомобиль алу мүмкіндігі барын ескерсек, осындай үрдістің себебі түсінікті", – деген байламға келді зерттеушілер.