Қазақстан жол апаттары бойынша "антилидер" атанды

2039

Елде күн сайын орта есеппен 6 адам жол үстінде қаза табады.

Қазақстан жол апаттары бойынша "антилидер" атанды Фото: Жасанды интеллект негізінде жасалған

Қайғылы кештің "қараңғы" ізі

Биылғы 21 наурыз күні Алматыда болған қайғылы оқиға қоғамды дүр сілкіндірді. Түн ішінде Әл-Фараби даңғылының және Меңдіқұлов көшесінің қиылысында Zeekr тізгіндеген жүргізуші қарсы бетке шығып кетіп, Mercedes көлігіне соғылған. Соққының қатты болғаны сонша, Mercedes ішіндегі жүргізуші жігіт пен екі бойжеткен сол сәтте тіл тартпай кетті. Тағдырдың ащы мазағы ма, әлде кездейсоқтық па, апатқа себепкер болған жүргізуші аман қалды.

Әлеужеліде бұл оқиғаны "көше жарысының" салдары деп сипаттады. Қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр. Алайда ешқандай заңдық рәсім, жазалы үкім үзілген үш қыршын жастың ғұмырын қайтара алмайтыны қоғам үшін ең ауыр ақиқат. Осы бір түн – жеке трагедия ғана емес, тұтас жүйенің ақауын көрсеткен белгі іспетті.

Апаттан кейін полиция рейдке шықты. Үш күннің ішінде ғана Алматыда 5 мыңнан астам жол жүрісі қағидаларын бұзу дерегі тіркелді. 43 жүргізуші арақ-шарапқа мас болып немесе есірткі тұтынған күйде көлік жүргізгені үшін ұсталды. Тағы 369 адам құжатсыз көлік басқарған. Айыппұл тұрағына 94 автокөлік әкетілді. Жылдамдықты асырудың 2 мыңнан астам оқиғасы тіркелді. Ардан безген бір жүргізуші қала көшесін автодромға айналдырып, сағатына 250 шақырыммен зулағаны үшін 10 тәулікке қамалды. 

Сан сөйлейді, жан айқайлайды

Бұл жайт қазақстандық автожолдардағы жоғары өлім-жітім мәселесін күн тәртібіне қайта шығарды. Energyprom жариялаған ресми статистика растайды: өткен жылы Қазақстан жолдарында орта есеппен күн сайын 6 адамнан опат болған.

"Қазақстан жолдарындағы жағдай соңғы жылдары шынымен нашарлап барады. ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің дерегінше, егер 2020 жылы елде 13,3 мың жол-көлік оқиғасы (ЖКО) тіркелсе, өткен жылдың қорытындысында бұл көрсеткіш 36,1 мыңнан асқан. Яғни, 2,7 есе көбейді. Бұл ретте осы жылдары автомобиль саны айтарлықтай өсе қойған жоқ. 2026 жылы жолдағы апаттылық алаңдатарлық деңгейде қалуда: қаңтар-ақпанда 4,1 мыңға жуық ЖКО тіркеліп үлгерді", – деп жазады агенттік.

Апаттардан зардап шеккендердің саны да қарқынды өсуде: 2020 жылдан 2025 жылға дейін жарақат алғандар саны 2,6 есеге, қаза тапқандар саны 16,7%-ға артты. Жарақат алғандардың саны ондаған мың адамға жетті: 2025 жылы 49,2 мың адам. Өткен жылы ЖКО салдарынан қаза тапқандар саны 2,3 мың адамды құрады.

Биылғы алғашқы екі айда жол апатынан 5,6 мың адам жарақат алып, 222 адам қаза тапты.

Тіркелген жол-көлік оқиғаларының саны:

  • 2021 – 13,9 мың,
  • 2022 – 14,8 мың,
  • 2023 – 15,9 мың,
  • 2024 – 31,6 мың,
  • 2025 – 36,1 мың,
  • 2025 жылдың қаңтар-ақпанында – 4,15 мың,
  • 2026 жылдың қаңтар-ақпанында – 4,06 мың

Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің мәліметінше, ЖКО-да зардап шеккендер саны:

  • 2022 жыл: Барлығы – 21,6 мың адам, соның ішінде жараланғандар – 19,1 мың адам, қайтыс болғандар – 2,4 мың адам;
  • 2023 жыл: Барлығы – 22,1 мың адам, жараланғандар – 19,6 мың адам, қайтыс болғандар – 2,5 мың адам;
  • 2024 жыл: Барлығы – 43,5 мың адам, жараланғандар – 40,9 мың адам, қайтыс болғандар – 2,6 мың адам;
  • 2025 жыл: Барлығы – 51,6 мың адам, жараланғандар – 49,2 мың адам, қайтыс болғандар – 2,3 мың адам,
  • 2025 жылдың қаңтар-ақпаны (салыстыру үшін): Барлығы – 6 мың адам, жараланғандар – 5,8 мың, қайтыс болғандар – 200 адам;
  • 2026 жылғы қаңтар-ақпан: Барлығы – 5,8 мың адам, жараланғандар – 5,6 мың адам, қайтыс болғандар – 0,2 мың адам.

Демек, мәселе темірде емес, тәртіп пен жүйеде. Статистика – тек есеп емес, қоғам айнасы десек, айнадағы сұрқай бейне анық байқалады.

Әлемдік қаралы көш

OurWorldinData халықаралық деректер порталының ақпаратына сәйкес, Қазақстан жолдардағы өлім-жітім деңгейі жоғары елдердің қатарына жатады. Мәселен, 2023 жылы ЖКО-дағы өлім-жітім коэффициенті Германияда 100 мың адамға шаққанда 2,6-ны құраса, Қазақстанда ол төрт еседен астамға көп: 12,7 адамға жеткен!

Жолдардағы өлім-жітім коэффициенті бойынша Қазақстан – Орталық Азия елдері мен ТМД арасында антилидер. Бұл "көшбасшылықтың" салмағы адам өмірімен өлшенеді. Мұнда медаль, марапат жоқ. Мұнда тек жоқтау және аза бар. Әр санның артында аңырап қалған отбасы, қайғы жұтқан ата-ана тұр.

2023 жылы жол қауіпсіздігі бойынша Орталық Азиядағы ең жақсы көрсеткіш Түрікменстанға тиесілі болды: 100 мың тұрғынға шаққанда – 5,1. Тәжікстанда да бұл индикатор төмен болды: 5,7. Ресейде ол 100 мың адамға шаққанда 8,4-ті құрады.

Неліктен дамыған елдерде жолдардағы өлім-жітім деңгейі төмен? Олар ауыр зардаптары бар ЖКО-ның алдын алуды үйренген. Бұл, ең алдымен, дұрыс ұйымдастырылған жол қозғалысының, асфальтты уақытылы жөндеудің, көшелерді тазалаудың және қала сыртындағы магистральдардың тамаша сапасының арқасында мүмкін болыпты.

Жолдағы жөнсіздік – жасырын қатер

"Тек орталық көшелермен ғана емес, қала сыртындағы трассалармен де жүретін әрбір жүргізуші біледі: ЖКО-ға себеп болуы мүмкін көптеген "жолға қатысты себептер" бар. Статистикалық мәліметтер бойынша Қазақстан жолдарында орын алатын әрбір бесінші апатта жол төсемінің, таңбалаудың және басқасының кемшіліктері оқиғаның жанама факторына айналған. Ағымдағы жылдың қаңтар-ақпан айларында мұндай факторлар кезінде орын алған ЖКО үлесі 22,4%-ды құраса, 2025 жылдың басында ол 30,5%-ға жеткен", – деп жазады Energyprom.

ҚР БП ҚСжАЕК-нің 2024 және 2025 жылдардағы статистикасы жолдардағы апаттылыққа әсер ететін, ең жиі кездесетін кемшіліктерді анықтады. Мысалы, өткен жылы 972 ЖКО жол төсемінің тайғақтығынан (яғни, жолға уақтылы құм-тұз қоспасы себілмегендіктен) орын алған. Мұндай апаттардың саны 2024 жылмен салыстырғанда 2%-ға артты. Екі жыл ішінде осы себептен 193 адам қаза тапты.

Қазақстан қалаларында және қала сыртындағы трассаларда көптеген апаттар жол төсемінің тегіс еместігінен, шұңқырлардың болуынан орын алады. Мұндай жанама фактордан болған ЖКО саны 2025 жылы 4 есе, биылғы жылдың екі айында – 2,7 есе өскен.

Бұдан бөлек, былтыр жолдың жүру бөлігінің жеткіліксіз жарықтандырылуынан (2,5 есе) және жаяу жүргіншілер жолдарының жоқтығынан (4,6 есе) болатын апаттар саны айтарлықтай артты. Қараңғы көшеде қауіп қатар жүреді. Жол – тек асфальт емес, қауіпсіздік жүйесі. Жүйе әлсіресе, апат кездейсоқтық емес, заңдылыққа айналады.

Куәлік саудасы – "өлім" конвейері

Жол апаттарының тағы бір себебін 2024 жылғы 2 қыркүйектегі жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті, бұл – көлік басқаруға құқық беретін куәліктердің сатылуы.

"Адамдар күн сайын жол үстінде қазаға ұшырауда. Арасында тұтас отбасылар бар. Жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту, интеллектуалдық жүйені енгізу арқылы жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге болады. Жүргізуші даярлау деңгейінің төмендеп кеткені жасырын емес. Жүргізуші куәлігін арнайы оқымай-ақ алатын жайттар бар", – деді ол.  

Осыған орай таяуда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі "автоцондарда" куәліктердің сатылуы жүйелі жолға қойылғанын анықтағанын мәлімдеді.

"2026 жылдың басынан Астанада, Ақмола және Павлодар облыстарында автомектептердің қызметін ұйымдастыру және жүргізуші куәліктерін ресімдеу кезінде заңсыз сыйақы алу және өкілеттіктерді теріс пайдалану фактілері анықталды. Астанада мамандандырылған ХҚКО басшысының бұрынғы орынбасары жүйелі түрде пара алу арқылы азаматтарға емтихан тапсыруға және жүргізуші куәлігін алуға жәрдемдескені әшкереленді", – деп хабарлады ведомство.

Оның дерегінше, жалпы сомасы 100 млн теңгеден асатын 60-тан астам факті құжатталды. Яғни, әрбір заңсыз куәлік орта есеппен 1,6 миллион теңгеге сатылса керек. Баға – бар. Бірақ білім – жоқ.

"Сондай-ақ, Көкшетаудағы мамандандырылған ХҚКО және Екібастұз қаласындағы "Азаматтарға арналған үкімет" мемкорпорациясы филиалдары басшыларының заңсыз әрекеттерінің жолы кесілді. Олар жалған тұлғалар арқылы емтихан тапсыруды ұйымдастырып, ақша алған", – деп мәлімдеді ҰҚК.

Адам өзгермесе, жүйе түзелмейді

Аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Мемкорпорация бұл деректерді жоққа шығарған жоқ. Бірақ "автоцондардағы" жемқорларды өзі тауып жатқанын қосты.

"БАҚ-та таралып жатқан заң бұзушылық фактілерін мемлекеттік қызметтердің сапасына жүргізілген ішкі мониторинг пен бақылау аясында тікелей мемкорпорацияның өзі анықтады. Барлық материал тиісті процестік шешімдер қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданды. Мәселен, тек 2025 жылдың өзінде қызметкерлеріміз 100-ден астам материалды өздері анықтап, құқық қорғау органдарына жолдады", – деді мемкорпорациясының өкілдері.

Сонымен қатар, "автоцондарда" жүргізуші куәліктерін заңсыз берудің алдын алу және көлік құралдарын басқару құқығына емтихан қабылдау саласындағы коррупцияны барынша азайтуға бағытталған жүйелі шаралар кешені іске асырылуда екен.

Біріншіден, ХҚКО 2.0 интеграцияланған ақпараттық жүйесін мәліметтерді тек электронды форматта қабылдайтын "Автомектеп" автоматтандырылған ақпараттық жүйесімен интеграциялау нәтижесінде автомектепті аяқтау туралы жалған куәліктер ұсыну мүмкіндігі жойылды.

Екіншіден, Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелерімен интеграция нәтижесінде 073/у нысанындағы жалған медициналық анықтамалардың түпнұсқалығын автоматты тексеру арқылы жалған медициналық анықтамаларды пайдалану мүмкіндігі жойылды.

Үшіншіден, ҰБТ-ға ұқсас, автоцондардың емтихан сыныптары металл іздегіштермен, радиотолқындарды басу құрылғыларымен және тыйым салынған заттарды анықтау датчиктерімен жабдықталған.

Төртіншіден, емтихан сыныптарындағы компьютерлерге деректердің таралуын болдырмау үшін қашықтан қол жеткізуді бұғаттайтын жүйе (DLP) орнатылыпты. Бесіншіден, жүйе әкімшілері тарапынан емтиханға араласудың алдын алу үшін артықшылықты пайдаланушылардың әрекеттерін бақылау жүйесі (PAM) енгізілген екен.

Қалай болғанда, Қазақстандағы жүргізуші куәлігін саудалау бизнесі – жай ғана парақорлық емес, жүйелі түрдегі "өлім конвейері". Кейбір дерек бойынша сатылған куәліктер көбіне базаға "техникалық қателіктерді түзету" немесе "шетелдік куәлікті айырбастау" деген секілді заңды кейіптегі схемалармен енгізілетін көрінеді. Мұндай қылмыстық схемалар көп және жетілдірілу үстінде.

Цифрландыру – тек құрал. Егер мемкорпорацияны, автоцонды басқаратын бастықтың, жүйені жетектейтін оператор мен администратордың ниеті түзу болмаса, технология сапаны емес, пара көлемін ғана жоғарылатады.

Куәлік сатқан шенеунік көбіне айыппұлмен құтылады. Сол куәлікпен адам тапаған жүргізуші "абайсызда кісі өлтірді" деген айыппен жеңілдеу жазаланады. Сарапшылар заңнаманы қатаңдатуды ұсынады: куәлікті заңсыз берген адамды "қасақана кісі өлтіруге оқталу" ауыр қылмысына сыбайлас ретінде қарастыру, куәлікті сатып алғандарды – өмір бойы көлік басқару құқығынан айыру. Бұл ұсыныстар қатал көрінуі мүмкін. Бірақ адам өмірінің құны заңның жұмсақтығымен өлшенбеуге тиіс. Қоғам осы шындықты мойындамайынша, жолдағы қауіп сейілмейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу