Қазақстан зиян әкелген метадон терапиясын қаржыландыруды тоқтатты

3264

Денсаулық сақтау министрлігі мұның мәнісін түсіндірді. 

Қазақстан зиян әкелген метадон терапиясын қаржыландыруды тоқтатты

Халықаралық ұйымдардың қолдауымен 2008 жылы Қазақстанның екі қаласында – Павлодар мен Теміртауда опиумды-алмастырушы терапия (ОАТ) жүргізу бойынша пилоттық жоба басталды. Оған сәйкес, есірткіні денесіне инемен енгізетін нашақорларға метадон атты синтетикалық есірткі заты тегін таратылады. Басқаша айтқанда, осы тыйым салынған затты мемлекеттің өзі үлестіреді.  

Бұл жобаны қолдайтын сарапшылар осы арқылы АИТВ (ВИЧ) және ЖИТС (СПИД) таралу қарқыны бәсеңдейтініне сендірді.

ЖИТС-тің алдын алу және онымен күрес жөніндегі республикалық орталықтың мәліметінше, 2009 жылы Қазақстанда есірткіні инъекциялық жолмен қабылдайтын адамдар саны 124 400-ге жеткен. Оның 29,1 пайызы елдің наркологиялық қызметі жүйесінде нашақорлықтан емделген. Нашақорлар инемен бірге бір-біріне АИТВ вирусын жұқтыратыны мәлім. 2010 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша республикада 100 мың тұрғынның 74,5-інде осы қауіпті кесел анықталған. Жалпы алғанда, 13 784 адамның бойынан АИТВ-инфекциясы табылған. Оның 760-ы ЖИТС-тен өлді. Қазақстандықтардың көбі оны парентеральды жолмен есірткі қабылдау кезінде жұқтырған деп есептеледі. 2010 жылы парентеральды жұқтырудың үлесі 67,9 пайызға жеткен. 

2019 жылдың 31 желтоқсанында ЖИТС орталықтарында АИТВ-инфекциясы бар 21 951 адам диспансерлік есепте тұрған. Оның 409-ы – 14 жасқа дейінгі балалар. Салыстыра айтқанда, 2018 жылы облыстық және қалалық ЖИТС орталықтарында 29 980 инфекцияланғандар есепте тұрған болатын.

Содан 2011 жылы Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен, есірткіге еліккендерді емдеуге арналған метадон бағдарламасын енгізудің нәтижелерін тексеру үшін сарапшылар комиссиясы құрылды. Тексеру барысында бұл бағдарламаның тек пациенттерге ғана емес, сонымен бірге бүкіл ел үшін салмақты қаупі бар екені әшкереленген. Осы орайда елде сарапшылар арасында қызу пікірталас туды. Бұл айтыс-тартыс күні бүгінге дейін жалғасуда.

Емдеу емес, есірткі түрін алмастыру

Метадон да – есірткінің синтетикалық түрі. Оны пайдалану физикалық тәуелділік тудырады. Мысалы, оны енгізу Жоспарында "терапияны бір күнге үзу салмақты медициналық, әлеуметтік және тіпті саяси ушығуларға соқтыруы мүмкін" екендігі айтылған. Осыдан он жыл бұрын жұмыс істеген топ та осыны дәлелдеді. "Метадон тұтынушылардың туыс-туғандары жоба жабылатын болса, ереуілге шығатындарын айтып қорқытуда. Себебі метадоннан бас тарту синдромы героинге қарағанда әлдеқайда ауыр".

2017 жылғы 20 желтоқсанда Қазақстанда қолдау-ауыстыру терапиясын жүзеге асыру бойынша бірыңғай ұстаным қалыптастыру мәселесіне арналған кеңестің хаттамасы бекітілді. Онда метадонға негізделген терапияны жалғастыру туралы шешім қабылдады. Бұл ретте ОАТ-ты ары қарай қолдану перспективасына қатысты ақырғы шешім шыққанша, қолданыстағы пилоттық жобаға енген өңірлер тізімін әрі қарай ұлғайтпауға, бағдарламаға жаңа пациенттерді қоспауға ұйғарылды.  

Алайда осы кездің өзінде біраз өңірде синтетикалық есірткі затын тегін тарататын көптеген пункт ашылып үлгерген болатын. Метадонға бірнеше рет емделген, мол "тәжірибелі" нашақорлар көшірілді.

"Метадон – емдеуге арналған препарат емес, ол жай ғана алмастырушы терапия. Оны инъекция емес, сироп түрінде береді. Ол "ломканы" тосқауылдайды, одан ләззат-эйфория сезімі туындамайды", – деп түсіндірген болатын дәрігер Меңдібай Досқалиев.

Бағдарламаға Ақтөбе, Орал, Қарағанды, Өскемен, Қостанай, Тараз, Теміртау, Алматы, Шымкент, Ақтау және басқа да қалалар тартылды.

2017 жылы белгілі профессор, медицина ғылымдарының докторы Абай Байгенжин Президент көмекшісіне хат жолдап, онда ОАТ не есірткі құмарлардың санын азайтуға не АИТВ/ЖИТС өсуін тоқтатуға әкелмегеніне назар аудартты. Көптеген ғалымдардың пікірінше, метадондық бағдарлама тиімсіз, тіпті зиян.

2017 жылғы қазандағы Қолдау-ауыстыру терапиясының тиімділігіне қатысты ұстанымды қалыптастыру жөніндегі жұмыс тобы мүшелерінің қарарына қоса берілген "Ерекше пікір" бөлімінде келесі тұжырым жазылды: "Қазақстанда опиумды-алмастырушы терапияны өткізудің 9 жылдық тәжірибесін зерттеу көрсеткендей, бастапқыда мәлімделген тиімділігі осы ұзақ кезеңде расталмады. 9 жыл ішінде бағдарлама АИТВ-инфекциясымен сырқаттанушылықты төмендетуге ықпал етпеді. 2012 жылдан бері АИТВ мәртебесі бар тұлғалар санының жыл сайын шамамен 1 мың адамға өсуі байқалады". Соған қарамастан, халықаралық және жергілікті ұйымдардың күш салуымен метадон тарату бағдарламасы әрі қарай ілгерілетілді.

"Қарағанды, Теміртау, Павлодар, Екібастұз, Тараз, Қызылорда қалаларында апиынды алмастырушы терапияны енгізу нәтижелерін талдау бағдарламаның толығымен сәтсіздігін паш етті. Себебі героин орнына басқа есірткіні беру емдеу болып табылмайды. Керісінше, ол есірткіге тәуелділіктің тағы бір ауыр түрін – метадонға тәуелділікті туындатады", – деп жазады құқық қорғаушы ұйымның жетекшісі Әлия Әбдинова Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға хатында.

Билік не дейді?

Жалпы қазіргі кезде метадон тарату пилоттық жобасы қай сатыда тұр? Ақпарат құралдары қоғамдық ұйымдардың деректеріне жүгініп, синтетикалық есірткінің қанша қалада тегін үлестірілетініне қатысты әртүрлі ақпарат беріп жүр. Шын мәнінде қанша қаланы қамтыған?

Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің мәліметінше, Қазақстанда апиын агонистерімен қолдау терапиясы (ААҚТ) бағдарламасы 2008 жылы бастау алды.

"Қазіргі уақытта бұл бағдарлама әрі қарай жүзеге асырылуда. 12 жылдан астам уақыт ішінде ол республиканың 10 өңіріне таралды. Атап айтқанда, Ақтөбе, Атырау, ШҚО, Жамбыл, БҚО, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Павлодар облыстарында және Алматы қаласында Психикалық денсаулық орталықтарында қолдау терапиясының 15 кабинеті ашылды", – деп мәлімдеді департамент өкілі.  

Бұл бағдарламаны кімнің қаржыландырып отырғаны айналасында да алыпқашпа сөз көп. Ақпарат құралдарында, әлеуметтік желіде ДДСҰ, UNODC (БҰҰ-ның есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы) секілді халықаралық ұйымдар тықпалап, қолдап отырғаны айтылып қалады.

ДСМ департаментінің түсіндіруінше, бұл мәселе Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың "Қазақстан халқына психикалық денсаулық саласында медициналық-әлеуметтік көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартын бекіту туралы" 2020 жылғы 30 қарашадағы бұйрығымен реттеледі. Онда республикада психикалық денсаулық саласында медициналық-әлеуметтік көмек көрсететін ұйымдарда "апиын агонистерімен қолдау терапиясын ұсыну кабинеті" (ААҚТ кабинеті) құрылатыны айтылған.

"Аталған стандарттың 2-тарауының 5-бөліміне сәйкес, ААҚТ кабинеттері Психикалық сауықтыру орталықтарының құрылымдық бөлімшелері болып табылады. Тиісінше, ААҚТ кабинеттерінің жұмысын қаржыландыру осы ұйымдардың есебінен жүргізіледі", – деп хабарлады ДСМ Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті.

Бұл ретте "Психикалық сауықтыру орталықтары" – шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын саналады. Яғни бюджеттен қаржыландырылады.

Бірақ Денсаулық сақтау министрлігінің Бюджеттік департаментінің мәліметінше, апиынды ауыстырушы терапия жобасына Қазақстанның денсаулық сақтау бюджетінде 2021 жыл мен 2022-2024 жылдарға да қаражат қарастырылмаған.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу