Қазақстан зорлықшылардың еліне айналып барады

2149

Тәуелсіз сарапшылар анықтағандай, республикада жыл сайын шамамен 80 мыңға дейін әйел сексуалды зорлыққа ұшырайды.  

Қазақстан зорлықшылардың еліне айналып барады Фото: inbusiness.kz

Зұлымдық ауқымы бұдан да зор болуы ықтимал: Ішкі істер министрлігі зорлыққа қатысты деректердің басым көпшілігі құқық қорғау органдары мен құқық қорғаушыларға белгісіз қалатынын ескертті. Себебі, құрбандары үнсіз төзеді, сыртқа сыр шашпайды, құзырлы құрылымдарға шағымданбайды. Сөйтіп, "бас жарылса бөрік ішінде" дегеннің кері келіп, жабулы қазан жабулы күйінде қалады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

ІІМ байламынша, қоғамда мұндай құқық бұзушылықтар жасырын сипатта жүретіндіктен, осал топтарға қатысты зорлық-зомбылық проблемасының нақты ауқымын білу мүмкін емес. Сондықтан, ең құрығанда шамалап, тұспалдап болса да білу үшін Үкіметтің қолдауымен, статистика органымен бірлесіп, БҰҰ-ның Қазақстандағы үш агенттігі – БҰҰ-Әйелдер, UNFPA (Халықтың қоныстануы саласындағы қоры) және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы "Қазақстандағы әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық бойынша іріктеп тексеру" атты зерттеу жүргізді.

Оның қорытындысы көрсеткендей, елде жыл сайын шамамен 40–80 мыңдай 18 жастан ересек әйел сексуалдық зорлық-зомбылықтың құрбаны болады. Тағы 200–300 мың нәзік болмыс иесі басқа да зорлық-зомбылықтың немесе түрлі қоқан-лоққының құрбанына айналады. 

Тұрмыс құрған немесе жұбын тапқан қазақстандық әйелдердің бәрін бірдей бақытты деу қиын: 18–75 жас аралығындағы әйелдердің шамамен 17%-ы жұбайы немесе жұбы өзіне қол көтергенін, дене жарақатын салғанын, сексуалдық зорлық-зомбылықты басынан кешіргенін әңгімелеген.

Бірақ олардың көбі түрлі себеп, сылтаумен полицияға шағымданудан ат-тонын ала қашады. Жыныстық қылмыстар құрбандарының шамамен 12%, соққыға жығылғандардың және қоқан-лоққыға тап болғандардың шамамен 20% ғана өтініш жазыпты.

Бұдан да сорақы дерек бар. Ол қазақстандық қыз-келіншектердің қорғансыз екенін паш етеді. "Халықтың құрбан болу деңгейін және Қазақстанда құқық қорғау органдарына сенім деңгейін бағалау" зерттеуі көрсеткендей, өз бойынан батылдық тауып, не туыс, достарының итермелеуімен, зордың күшімен полицияға жүгінген жыныстық қылмыстар немесе тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының басым көпшілігі полицияның әрекеттеріне мүлдем қанағаттанбаған жариялаған. Тек 32%-ы ғана көмек сұрағаннан кейін полицияның жұмысына көңілі толғанын жеткізген.

Қаскүнемді қылмыстық қудалауды тағы бір жайт күрделендіреді екен: отбасылық-тұрмыстық зорлықтан жәбірленушілердің көбі, 60% жағдайда полиция бөліміне барған соң өтініш беруден бас тартады. Себебі, жолай ойлана келе, агрессорға материалдық және моралдық тұрғыдан тәуелді екенін түсінеді. Олар ары қарай қаржылық қолдаусыз қалудан, жалғыз қалудан, балаларын әкесінен айырудан қорқады. Соның кесірінен полиция "үй тирандарын" жазаға тартуға негізден айрылады.

Жазасыздық пен жүгенсіздіктің салдарынан қол жұмсаулар түптің түбінде ауыр қылмыстарға ұласады. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, соңғы 5 жыл ішінде отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында әйелдердің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірулер саны 2 есеге өсті: 38 оқиғадан 71-ге дейін.

Қазақстанда зорлық құрбандарына мамандандырылған жәрдемнің жолға қойылғаны үнемі айтылады. Кризис орталықтарының жұмысын да мемлекеттік телеарналар насихаттап тұрады. Дегенмен, халықаралық тәуелсіз сарапшылар әшкерелегендей, мұның көбі көзбояушылыққа ұқсайды. Орталықтар жете жабдықталмаған, толыққанды қаржыландырылмайды. Білікті психологтар тапшы.

Сонымен қатар "сексуалдық зорлық-зомбылық құрбандарына кешенді көмек көрсету бойынша қызметтерді ұсыну сұраныстан едәуір артта қалған". Салдарынан олардың көбі демеусіз қалады.

Қазақстанда жалпы саны 976 төсек-орны ғана бар 15 мемлекеттік және 46 мемлекеттік емес дағдарыс орталықтары бар. Бұл ретте 2018 жылдан 2022 жылға дейін дағдарыс орталықтарына өтініштер саны 74% немесе 16 033-тен 27 942 өтінішке дейін өсті.

Қазақстанда парадоксты жағдай орын алуда. Осыдан екі жылдай бұрын Президент Қ.Тоқаев отбасылық-тұрмыстық салада зорлық-зомбылық жасағаны үшін жауапкершілікті күшейту жөніндегі кешенді шаралар әзірлеу міндетін қойды. Сарапшылардың айтуынша, билік керісінше, бұл тұрғыда жазаны жеңілдетті.  

Ішкі істер министрлігінің мамандары қазіргі уақытта әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау жүйесі негізінен әкімшілік құқық саласында ғана жүзеге асырылатынына назар аудартты.

"Яғни ол отбасылық зорлықшылды 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салуды немесе 5-тен 20 тәулікке дейін ғана әкімшілік қамаққа алуды қарастырады. Бұл ретте полиция өзіне жүктелген өкілеттіктер аясында тек құқық бұзушылықтар салдарына ден қойып, шаралар қабылдайды. Жыл сайын отбасылық-тұрмыстық жанжал фактілері бойынша 25–27 мың адамға әкімшілік материал толтырылады. Соңғы үш жылда, арнайы саралауды енгізгелі тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіруді тіркеу 42%-ға, ұрып-соғуды тіркеу 51%-ға ұлғайды. Алайда әкімшілік ықпал ету шараларының аясы шектеулі: өйткені олардың жартысынан көбі бәрібір сотта тоқтатылады. Тағы 18%-ы бойынша сот ескерту жасаумен шектеледі. Небары 24% отбасылық зорлықшыл ғана әкімшілік қамауға алынады", – деп түсіндірді ІІМ.

Бұл жерде судьяларды айыптауға асықпаған жөн. Істерді тоқтатуға негізінен, тараптардың татуласуы себеп болады екен. Көбінесе жәбірленуші өз отбасына экономикалық зиян келтірмеу үшін бітісуге мәжбүр болады. Әйтпесе, сот салған айыппұл отбасылық бюджетке шығын болып салмақ салады.

Бұл өз кезегінде құқық бұзушылықтардың жиі қайталануына әкеп соғады: жыл сайын 4,5 мың адам 2 немесе одан да көп рет әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Толған "рецидивистер".

Мұнысы енді Тоқаев тапсырған жауапкершілікті қатайтуға еш ұқсамайды.

Содан болса керек, осы жұмада, 30 маусымда Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісін өткізген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қалыптасқан жағдайға қынжылыс білдіруге мәжбүр болды.

"Статистика көңіл көншітпейді. Соңғы 2,5 жылда үйдегі зорлық-зомбылықтың салдарынан 300 адам көз жұмды. Денсаулыққа ауыр зиян келтірудің 878 фактісі және орташа зиян келтірудің 808 фактісі тіркелген. Осындай құқық бұзушылықтары үшін 37 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Уақтылы шаралар қабылданса, отбасылық, тұрмыстық ұрыс-керіс кезінде жасалған қылмыстардың көпшілігінің алдын алуға болар еді. Яғни біреудің өмірі мен денсаулығын сақтап қалар едік", – деп опынды Қ.Тоқаев.

Алқа мәжілісінде Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов тұрмыстық зорлық-зомбылық сияқты қоғамдық кеселдер мен қылмыстың алдын алу және оларға қарсы күрес шаралары туралы Президентке баяндады.

Жалпы алғанда, ІІМ зорлық-зомбылық құрбандарына, соның ішінде әйелдерге, балаларға, қарттарға кешенді көмек көрсету қажеттілігін ескеріп, өңірлерде дағдарыс орталықтары желісін кеңейтуді ұсынып отыр.

Келесі жылдың соңынан бастап, Астана, Алматы және Шымкентте, стационарлық жағдайда сексуалдық зорлық-зомбылық құрбандарына психологиялық-психиатриялық көмек көрсететін 3 оңалту орталығын ашу жобасы бар. Келесі жылы полицияның сервистік орталықтарында құрбандарға мамандандырылған ақпараттық-консультативтік көмек көрсету жолға қойылуға тиіс. Бұған қоса, агрессорлармен жұмыс тетіктері жасалмақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу