Қазақстанда 1 мыңнан астам кореялық компания жұмыс істейді

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2531

2018 жылы Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы тауар айналымы 3,8 млрд АҚШ долларын құрады.

Қазақстанда 1 мыңнан астам кореялық компания жұмыс істейді

"Kazakh Invest" ұлттық компаниясының деректеріне сүйенсек, соңғы он жылда Қазақстанға тартылған шетелдік инвестициялардың ағыны 10 есе ұлғайған. Мәселен, 2005 жылы Қазақстанға бағытталған корея инвестициясының көлемі 50 млн долларды құраса, 2018 жылдың қорытындысы бойынша 500 млн теңгеге тең болған. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласында өткен Қазақстан-Корея бизнес-форумында "Kazakh Invest" ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Рустам Исатаев мәлімдеді.

Ұлттық компания өкілінің айтуынша, 2005 жылдан бері кореялық бизнесмендер Қазақстанға жалпы 5 млрд доллар көлемінде тікелей инвестиция тартқан. Ал Қазақстанда 1 мыңнан астам кореялық компания жұмыс істейді.

"Kazakh Invest" Оңтүстік Корея қаржысына жалпы сомасы 4,8 млрд долларды құрайтын 42 жобаны жүзеге асырып отыр. Оның 20-сы ойдағыдай іске асырылды", – деп нақтылады Рустам Исатаев.

Ұлттық компания Оңтүстік Корея бизнесмендерін өнеркәсіп, жоғары технологиялар саласына инвестиция құюға шақырып отыр.

"Қазақстанда индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы жүзеге асырылуда. Оның аясында негізгі салалар анықталды. Олардың қатарында медицина, металлургия, химия, мұнай өңдеу, машина жасау, тамақ өнеркәсібі секілді салалар бар", – деді "Kazakh Invest" ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары.

Сонымен қатар Қазақстан кореялық компанияларға кен орындарын игеру жобаларын да ұсынып отыр. Бұдан бөлек, алтын, темір кен орындарын игеру бағытында жаңа зауыт салу немесе қолданыстағы кәсіпорындарды модернизациялау жобаларын да ұсынуға дайын.

"Мәселен, Қазақстанның солтүстігінде кремний өндірісіне арналған жобаның болашағы зор. Бұл өңірде арзан шикізат пен электр энергиясы бар. Сондай-ақ, Орталық Қазақстандағы әлемдегі ең ірі вольфрам кен орнын игеру жобасы да шетелдіктерді қызықтыруға тиіс", – деді ол.

Рустам Исатаевтың сөзінше, Қазақстанға Оңтүстік Кореяның медицина саласындағы тәжірибесі қажет. Бұл ретте, ол шетелдік кәсіпкерлерді Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы аясында бірлескен клиникалар салуға шақырды.

Қазақстан-Корея іскерлік кеңесі қазақстандық тарапының тең төрағасы Алмасадам Сәтқалиев екі елдің бизнес саласында берік байланыс орнағанын атап өтті. Дәлірек айтсақ, табиғи уран жеткізуде "ҚазАтомӨнеркәсіп" пен Korea Hydro&Nuclear Power компанияларының, энергетика саласында KEGOC корей консорциумы мен Hyundai корпорациясының бірлескен жұмысын үлгі етті.

Оның айтуынша, 2018 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Корея арасындағы тауар айналымы 3,8 млрд АҚШ долларын құраған. Бұл 2017 жылғы көрсеткіштен екі есе жоғары. Осы орайда, Оңтүстік Корея біздің елге негізінен электроника, өнеркәсіп өнімдерін, тұрмыстық техника, автоөндіріске қажетті жабдықтар экспорттайтынын атап өткен жөн.

Еске сала кетейік, Қазақстан-Корея іскерлік кеңесі 2012 жылы құрылған болатын. Іскерлік кеңес екі ел арасындағы байланыстың дамуына үлес қосып келеді.  

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу