Қазақстанда 16 жасқа дейінгі балалар әлеуметтік желіден шектелуі мүмкін

201

Елімізде 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желіге тіркелуін заңмен шектеу мәселесі көтерілді.

Қазақстанда 16 жасқа дейінгі балалар әлеуметтік желіден шектелуі мүмкін Фото: canva

Жақында Құрылтай депутаты Жанарбек Әшімжанов осындай ұсыныс тастап, Үкіметке сауал жолдады. Редакция тілшісі бұл мәселеге қатысты сарапшылардың пікірін білді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Психолог Рауан Сатимбекова бұл ұсынысты қолдап отыр. Оның сөзінше, бұған балалардың қауіпсіздігін қорғауға бағытталған қадам ретінде қарауға болады. Сала маманы 16 жасқа дейінгі балалардың психологиялық дамуы әлі қалыптасу кезеңінде екенін еске салды.

"Бұл жаста бала үшін құрдастарының пікірі өте маңызды. Әлеуметтік желі осы психологиялық ерекшеліктерді өте жылдам арттыра алады. Мысалы, бала өзін басқа адамдармен салыстыратын болады, лайк, пікірге мән беріп, оған тәуелді бола бастайды. Онымен қоса өздерінің жастарына сай емес видеоконтент көреді, бұлардың барлығы қауіпті болуы мүмкін", – дейді ол.

Сарапшы қазіргі заманда интернеттен, әлеуметтік желіден, гаджеттен балаларды мәжбүрлі түрде ала алмаймыз деп отыр.

"Бұл мүмкін емес нәрсе. Сондықтан оқу мен жазуды қалай үйреттік – балаға телефон ұстауды, интернет пайдалану мәдениетін солай үйретуіміз керек. Енді баламалы жолдарға ойыссақ. Әлеуметтік желі миға жылдам, күшті стимул береді, оның орнында кітап оқу, сурет салу, спортпен айналысу, серуендеу сияқты қарапайым әрекеттер бала үшін қызықсыз болып қалады. Сол себепті баланың өміріне біртіндеп осындай әрекеттерді қайтадан енгізіп, жағымды эмоция алуды үйреткен жөн", – деп есептейді Рауан Сатимбекова.

Заңгер пікірі

Кәсіби заңгер Нұрболат Ибраевтан 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіге тіркелуін шектеу механизмі заңдық тұрғыдан қалай іске асуы мүмкін екенін сұрадық.

"Мен бұл бастаманы кибербуллингтен, қауіпті контенттен және әлеуметтік желіге тәуелділіктен қорғау мақсатында қолдаймын. Бірақ барлық бағытта жаппай тыйым салу мәселені толық шешпейді деп санаймын, өйткені балалар жасырын аккаунттар ашу немесе жастарын басқаша көрсету арқылы оны айналып өтуі мүмкін. Сондықтан меніңше, заңда платформалардың жасты анықтау тәсілі, ата-ананың келісімі, шағымдану тәртібі және дербес деректерді қорғау кепілдіктері нақты жазылуы керек. Бұл тек қана ата-анаға емес, платформаларға аталған тетікті енгізу керек. Балалар верификацияны өтпей, заңды айналып өтетін болса, сол платформаларға тиісті шараны қабылдау мәселесін күшейту керек. олар балаларға қауіпсіз режим орнатуға, жеке хабарламалар мен ұсыныстарды шектеуге, қауіпті контент пен жарнаманы азайтуға міндетті. Балалардың аккаунты болғаннан кейін оған басқа жарнамаларды жариялауға немесе ойындарды жіберуге осыны платформаларға жүктеу керек", – дейді спикер.

Оның сөзінше, болашақта заңда баланың "жеке аккаунты", "ата-ана басқаратын отбасылық парақша", "баланың қатысуымен жүргізілетін коммерциялық блог" деген ұғымдар нақты ажыратылуы тиіс. Осы тұста "16 жасқа толмаған бала жасын өтірік көрсетіп немесе шектеуді айналып өтіп желіде тіркелсе, заң алдында кім жауап береді?" деген сұрақ туындайды. Нұрболат Ибраев елімізде жасты өтірік көрсетіп, әлеуметтік желіге тіркелгені үшін арнайы әкімшілік жауапкершілік көзделмегенін айтады.

"Демек заңда тікелей норма болмайынша баланы да, ата-ананы да автоматты түрде жазалауға болмайды. Әкімшілік-құқықбұзушылық туралы кодекстің 28-бабы бар. Жалпы тәртіп бойынша әкімшілік жауаптылық 16 жастан басталады. 16 жасқа толмаған баланы әлеуметтік желіге тіркегені үшін әкімшілік жазаға тарту заңға қайшы болар еді. Әкімшілік-құқықбұзушылық туралы кодекстің 127-бабында баланы тек дұрыс тәрбиелемеу, оның құқықтары мен мүддесіне қайшы әрекет жасаған жағдайда, (ата-ана) міндеттерін нақты орындамаған кезде әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынатыны көзделген. Ал енді баланың жасырын аккаунт ашқаны үшін ата-ананы бірден кінәлі деп тануға болмайды. Меніңше, негізгі жауапкершілік жас тексеру жүйесін енгізбеген платформаларға жүктелуі керек", – деп түсіндірді заңгер.

Депутаттардың айтқаны әлі ұсыныс екенін, заң әлі қабылданбағанын айта кеткен жөн.

"Конституцияның 5-бабына сәйкес, азаматтарға жаңа міндет жүктейтін немесе жауаптылықты күшейтетін заңның кері күші болмайды. Яғни, заң қабылдағанға дейін аккаунт ашқан үшін балаға немесе ата-анаға жаза қолданылмайды. Бірақ егер депутаттар қолдап, заң өтетін болса, бұрыннан бар аккаунттардың жасын қайта растау мүмкіндігі берілуі мүмкін. Мұндай жағдайда бірден жаппай бұғаттау емес, өтпелі мерзім берілуі тиіс деп санаймын", – дейді ол.

Жауапкершілік шегі қандай болуы тиіс

Білім беру саласының сарапшысы Жазира Асанова тиісті бастаманы қажетті қорғаныс шараларының бірі деп санайтынын жеткізді. Оның айтуынша, бұл ретте заңмен жас шегін белгілеу мәселені өздігінен шешпейді.

"Ең маңыздысы – оның қалай орындалатыны: баланың жасы қалай расталады, талапты орындауға кім жауап береді, платформаларға қандай міндет жүктеледі? Білім саласы тұрғысынан мақсат баланы әлеуметтік желіден жай ғана шектеу емес, оны цифрлық ортада қауіпсіз әрі саналы әрекет етуге дайындау болуы керек. Өйткені кез келген жас шектеуінің мерзімі аяқталады, ал цифрлық ортада өз бетінше шешім қабылдау дағдысы балаға өмір бойы қажет. Сондықтан заңнамалық шектеу цифрлық және медиасауаттылықпен, ата-ананың қатысуымен және платформалардың жауапкершілігімен қатар жүруі тиіс", – деп есептейді сала маманы.

⁠Спикердің сөзінше, шектеу әлеуметтік желіде өткізетін уақытты азайтуы мүмкін, бірақ мәселе тек уақыт көлемінде емес.

"Қысқа видеолар, шексіз лента, тұрақты хабарламалар баланың назарын үнемі бөліп отырады. Ал кітап оқу, сабаққа дайындалу немесе күрделі тапсырманы орындау, керісінше, ұзақ уақыт зейін қоюды талап етеді. Сондықтан аккаунтты шектеумен қатар баланың жалпы цифрлық әдетін қалыптастыру маңызды: экран уақытын реттеу, түнгі пайдалануды шектеу, қажетсіз хабарламаларды азайту, телефонсыз өтетін уақыттың болуы. Түпкі мақсат – баланы әлеуметтік желіден уақытша алыстату ғана емес, өз уақыты мен назарын басқаруға үйрету", – деп атап өтті ол.

Жазира Асанова бұл мәселеде мектеп пен ата-ананың жауапкершілігін бір-бірінен бөліп қарамаған жөн деген пікірде. Айтуынша, цифрлық және медиасауаттылық мектепте жүйелі түрде оқытылуы тиіс, бірақ оның күнделікті дағдыға айналуы отбасында жалғасады.

"Мектеп балаға ақпаратты сыни бағалауды, киберқауіптерді тануды, жеке деректерін қорғауды, цифрлық ортада жауапкершілікпен әрекет етуді үйретеді. Ал ата-ана осы дағдыларды күнделікті өмірде бекітеді: отбасындағы экран уақытын реттейді, баламен көрген контентін талқылайды, қауіпсіздік ережелерін түсіндіреді және ең бастысы, өзі де цифрлық мінез-құлықтың үлгісін көрсетеді. Сонымен бірге бүкіл жауапкершілікті мектеп пен отбасыға артып қоюға болмайды. Мемлекет ережені белгілейді, платформалар баланың жасына сай қауіпсіз орта қалыптастырады, ал мектеп пен ата-ана бірлесіп оның цифрлық және медиасауаттылығын дамытады. Меніңше, тұрақты нәтиже осы төрт тараптың жауапкершілігі қатар жұмыс істегенде ғана болады", – деді сарапшы.

Осы мәселе бойынша ЮНИСЕФ-тің балалардың онлайн қауіпсіздігі мәселелері жөніндегі ұлттық кеңесшісі Құндыз Турабайдың да пікірін білдік.

"Бүгінде балалар цифрлық ортада өсіп келеді, онда олардың құқықтары мен қауіпсіздігі әрдайым ескеріле бермейді. Онлайн кеңістікте олар буллингке, қанауға және зиянды контентке ұшырайды. Бұл отбасыларға түсетін салмақты арттырып, қосымша қорғау шараларын талап етеді. ЮНИСЕФ мемлекеттердің интернеттегі балалар қауіпсіздігіне көбірек көңіл бөле бастағанын құптайды", – дейді ол.

Спикердің пікірінше, интернеттегі балалар қауіпсіздігі – бұл мемлекеттің, цифрлық платформалардың, отбасылар мен қоғамның ортақ жауапкершілігі. Құндыз Турабай әр ел өзінің құқықтық әрі ұлттық ерекшеліктерін ескере отырып, ең қолайлы тәсілді өзі айқындайтынын еске салды.

"Жас ерекшелік шектеулері белгілі бір рөл атқаруы мүмкін, бірақ әлеуметтік желілерге кіруге тыйым салудың өзі балалардың қауіпсіздігін толық қамтамасыз ете алмайды. Мұндай шаралар кең ауқымды тәсілдің бір бөлігі болуы тиіс, ол цифрлық платформалардың жауапкершілігін, сервистердің қауіпсіз дизайнын және балалардың жасына сай болуын, олардың құқықтарын қорғауды, сондай-ақ балалар мен ата-аналардың цифрлық дағдыларын дамытуға қолдау көрсетуді қарастырады. Тиісті шараларды әзірлеу кезінде олардың нақты қандай қауіп-қатерлерді азайтуға бағытталғанын айқын белгілеп, балалардың пікірін ескеру және олардың құқықтарына тигізер ықтимал салдарды бағалау маңызды", – деп есептейді сарапшы.

Айта кету керек, материалды жариялау барысында депутаттық сауалға қатысты Үкіметтің жауабы жарияланбады. Десек те, бұған дейін Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова балалардың әлеуметтік желіде аккаунт ашуға байланысты бірқатар нормалар әзірленгенін айтқан еді. Алдағы уақытта тиісті заңнамалық өзгерістер Құрылтайға енгізілмек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу