Қазақстанда 2023 жылы газ тапшылығы басталады деп болжанып отыр

6304

Республиканың экономикалық және әлеуметтік ахуалы осы отынға да тәуелді. Сарапшылар газ таусылса, қазақстандық қоғамда Қытайға қарсы толқулар күшеюі мүмкін деген болжам айтады.

Қазақстанда 2023 жылы газ тапшылығы басталады деп болжанып отыр

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында газ мәселесіне жеке тоқталды. Өйткені эксперттер бұл салада әлеуметтік шиеленіс пен экономикалық дағдарыс әлеуеті ашыған қамырдай күмпиіп келе жатыр деседі. Үкіметте найқалып-жайқалып жүруге уақыт қалмай барады. Алғашқы ірі қиындықтар келесі жылы басталуы мүмкін екенін ел Президентінің өзі ескертті.

Қасым-Жомарт Тоқаев газ саласы Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік әл-ауқатында шешуші рөл ойнайтынын қадап айтты. Тіпті тәуелсіздік жылдарындағы ең қанды оқиғаға – «қасіретті қаңтарға» да осы көгілдір отын түрткі-триггер болды емес пе?

Мамандар жағдайды бұрынғы биліктің жете ойластырылмаған қадамдары ушықтырып отырғанын қаперге салып жүр. Қазақстанды жаппай газдандыруға ден қойылып, «Сарыарқа» сияқты мега-жоба қолға алынғанымен, оның бәрін көгілдір отынмен қамтамасыз ету жағы пысықталмаған. 2022 жылы елдің газдандырылу көрсеткіші 57,7%-ға жетті. Газбен 11 млн адам қамтылған. Салмақты үлес. Бірақ соның бәріне газ қайда?

Өйткені республикада таза газ кенорындары жоқтың қасы. Мұнаймен бірге шығарылатын ілеспе газ бар. Жер қойнауын пайдаланушылар жер қыртысындағы қысымды ұстап тұру және қара алтынды көбірек өндіру ілесе көгілдір отынның үлкен бөлігін жер астына кері айдайды. Тағы бір бөлігін төл қажеттіліктері үшін қуат өндіруге жұмсайды.

Үлкен бөлігін әлі күнге алауларда босқа өртейді. Бірақ оның нақты көлемін қоғам түгіл, сарапшылар да біле бермейді.

Дүниежүзілік банктің дерегінше, осыдан он жыл бұрын, 2012 жылы Қазақстан 1 жылда 4 миллиард текше метр газды босқа жағып жіберіпті. Ал 2021 жылы бұл көрсеткіш 1,45 млрд текше метрді құрады. Яғни айтарлықтай азайды, бірақ бұл кесірлі көрініс мүлдем жойылған жоқ. Бұл жерде халықаралық сарапшылар мен ресми ақпарат өзара қабыспайды. Қазақстандық статистика бойынша, 2021 жылы 53,8 миллиард текше метр газ (оның басым бөлігі – 30 миллиарды ілеспе газ) өндірілген. Соның ішінде 413 миллион текше метрі немесе 0,77%-ы ғана алауларда жағылыпты.

Осы 413 миллионның көбі – 39%-ы немесе 160 миллион текше метрі жалғыз «Теңізшевройлға» тиесілі.

Бұл ретте Дүниежүзілік банк деректері өзгеше, газды факелдік өртеуге бәрінен бұрын «CNPC-Ақтөбемұнайгаз» тым ынтық көрінеді. Бұл Ақтөбе облысында аса ірі мұнай-газ кенорындарын игеріп жатқан қазақ-қытай бірлескен кәсіпорны.

Халықаралық ұйымның мәліметінше, «CNPC-Ақтөбемұнайгаз» өткен жылы бір өзі 330 миллион текше метрден артық көгілдір отынды текке жағып жіберіпті. Жалпы ДБ мамандары ғарыштан спутниктік бақылау арқылы есеп жүргізетінін еске сала кеткен жөн.   

Осы орайда, Президенттің мәліметінше, газдандыру және жаңа өнеркәсіптік объектілердің газға қосылуы нәтижесінде ішкі нарықта тұтынылатын газ көлемі жыл сайын қарқынды артып барады. Соңғы 10 жылда ішкі нарықтың көгілдір отынға деген сұранысы 2 еседен астам – 9-дан 19 миллиард текше метрге дейін артып шыға келген.

Ресми дерек бойынша Қазақстандағы табиғи газдың барланған қоры 3,8 триллион текше метрге тең. Оның сыртында Каспийдің терең тұңғиығында әзірге барланбаған мол қор бар деп есептеледі. Бұрғы салып, расталған көлем де елімізге 1,5 ғасырға жетер еді. Алайда оның барлығы ішкі тұтынысқа бағытталмайды, әрі толық өндіруге болмайды.

Ғалымдардың байламынша, егер газды мол көлемде жер астына кері айдамаса, мыңдаған метр тереңдіктерде қуыстар пайда болып, Каспийдің бар суы сол қуыстарға кетіп қалады. Қазіргі кезде онсыз да суы тарыла бастаған Каспийдің ең терең жері 1025 метр ғана. Бұл бірегей су қоймасының суы 1996 жылдан бері тоқтаусыз азайып келеді. Германия, Нидерланды ғалымдары зерттеу қорытындысында осы ғасырда Каспийдің үлкен көлемі құрғап, Аралдың тағдырын қайталауы ықтимал деген үрейлі жорамал жасады. 

Салдарынан, мемлекетіміз газ экспортынан бас тартып жатыр.

«Қазақстанда келесі 2023 жылы газ тапшылығы басталады деп болжанып отыр. Сондықтан экспорттық газды ішкі нарыққа қайта бағдарлау бойынша мәжбүрлі қадамға барудамыз. Салдарынан, мемлекет валюталық табыстан айрылады, сауда балансы нашарлайды. Сол себепті бұл проблеманы шешу үшін жүйелі шаралар қажет. Соның ішінде газдың барланған және игерілетін ресурстық базасын ұлғайтуымыз, оны өңдеуді арттыруымыз керек. Тек газ өндірісін және оны өңдеуді өрістету арқылы ғана мемлекет экспорттан табыс таба алады, сондай-ақ ішкі қажеттіліктерді толыққанды қамтамасыз ете алады», – деді Президент.

Осы орайда Энергетика министрлігі жаңа газ кенорындарын игеруге инвесторлар іздеп жатқан көрінеді. Оларды қызықтыру үшін салықтық және басқа да жеңілдіктер мен преференцияларды ұсыну мәселесі пысықталады.

Үкіметке салалық ұлттық компаниялар арасында функцияларды нақты бөлу тапсырылды. Әйтпесе, бұл іспен «ҚазМұнайГаз» да, «QazaqGaz» ұлттық компаниясы да айналысады. «QazaqGaz» басқарма төрағасы С.Жаркешов бұған дейін баяндағанындай, газ саласын дамытудың кешенді жоспары қолға алынды. Ол ресурстық базаны кеңейтуді және еліміздегі газ тасымалдау инфрақұрылымын жаңғыртуды көздейді.

Жалпы Қазақстан өңделген газда Ресейге тәуелді және бұл тәуелділік тек өсе беретінге ұқсайды. Таяуда Петербор халықаралық экономикалық форумы аясында «QazaqGaz» басқарма төрағасы Санжар Жаркешов пен «Газпром» ААҚ басқарма төрағасы Алексей Миллер ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжатқа сәйкес, тараптар РФ-дағы Орынбор газ өңдеу зауытында қазақстандық газды өңдеу көлемін арттырады. Аталған шара ішкі нарыққа тауарлық газ көлемін жеткізуді жылына 1,7 млрд текше метрге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Орынбор ГӨЗ-і жыл сайын шамамен 8 млрд м3 қазақстандық газды өңдейді. Енді ол көлем ұлғаяды.

Сонымен қатар «ҚазРосГаз» ЖШС және «Газпром Переработка» ЖШҚ арасында 2022-2023 жылдары қазақ газын өңдеуге қатысты келісім-шарт жасалды. Ол бойынша 2022 жылы бұрын жоспарланған 8,1 млрд м3 көлемге қосымша 0,57 млрд м3, ал 2023 жылы – 2022 жылғы көлемге қосымша 1,23 млрд м3 газды өңдеп, арттыру көзделген. Еселеп өскен сұранысты бұл да өтей алмауы ықтимал.

Мәскеу таза коммерциялық жобалардың өзін саяси қысым жасау құралы ретінде пайдаланатынын қазір арсыздықпен паш етіп, Еуропа елдерін еш негізсіз, түрлі сылтаумен газ жеткізуден ажыратып тастап жатыр. Сондықтан Қазақстанға да тәуелсіздігін сақтау үшін төл ГӨЗ-дерін дамытуды пысықтағаны дұрыс.

Қазақстанның Мұнайсервистік компаниялары одағының бас директоры Нұрлан Жұмағұлов кезінде қытай инвесторлары Қазақстанда сұйытылған табиғи газ зауытын салуға тиіс болғанын еске салды.

«Зайсан газын Қытайға экспорттайтын "Тарбағатаймұнай" ЖШС-ның контрактілік міндеттемесінде осы талап жазылған. Осыдан тура 10 жыл бұрын энергетика экс-министрі Сауат Мыңбаев Үкімет сағатында депутаттарға елде тұңғыш сұйытылған мұнай газын өндіретін зауыт тұрғызу талабы қойылғанын мәлімдеген. Ондай газды машиналармен, цистерналармен де таси беруге болады. 10 жыл өтті, зауыт әлі күнге жоқ. Бірақ контрактідегі міндеттеменің күшін ешкім жойған жоқ қой. Газ өңдеу зауытын салу шарты Қазақстан мен ҚХР үкіметтері арасындағы "Сарыбұлақ-Зимұнай" газ құбырын салу және пайдалану туралы келісімде де нақты жазылған», – дейді Нұрлан Жұмағұлов.

Демек Үкімет қытай инвесторларынан шарттық міндеттемелерін орындауды талап етуі керек. Алайда Смайылов Үкіметі де ескіше тәсілдерге әуестеніп, жеңіл жолды таңдап отыр: газды өзімізде өңдеуді емес, Ресейдегі ГӨЗ-де өңделетін көлемді арттыра салумен шектелді.

Таяуда ШҚО тұрғындары өңірден Қытайға айдалатын қазақ газының саудасын толық тоқтатуды талап етіп, наразылық шарасын ұйымдастырған болатын. Халық газымыздың шың еліне арзанға кетуі кесірінен алда өз елімізде газ тапшылығы басталады деп қауіптенеді. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов халық талабын қолдайтынын мәлімдеді.

«Менің ұстанымым нық. Экспортты қазір тоқтатуымыз қажет. Ол уақытша тоқтатылды да. Әрі қарай бірлескен жұмыс тобы жұмыс істейтін болады. Соның нәтижесіне қарап, азаматтарымызға қажетті шешімге қол жеткіземіз», – деді Д.Ахметов.

Яғни бұл тұрғыда да белгісіздік орнап тұр.

Айтпақшы, Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында келесі жылы газ бағасы қымбаттауы мүмкіндігін жариялады.

Оның пайымдауынша, автогаздың бөлшек сауда бағасын мемлекет жыл соңына дейін реттейді. Бірақ бұл нарық заңына қайшы. Сондықтан Үкіметке келесі жылы газды биржада саудалауды қайта іске қосуды тапсырды. Билік тек көгілдір отынның шектен тыс қымбаттамауын бақылайды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу