Қазақстанда 5G бойынша Қытай технологиясы енгізілуде

8533

Елімізде "бес Джи" стандартындағы ұялы байланысты 4 оператор сынақтан өткізеді, деп жазады Inbusiness.kz.

Қазақстанда 5G бойынша Қытай технологиясы енгізілуде

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі радиожиілікті спектрді бөлу (РЖС) жайында түсініктеме берді. Біраздан бері сарапшыларда бұл мәселеге қатысты сұрақтар қордаланып қалған болатын. Ал пандемия кезінде вакцинаға қатысты қаңқу сөздер мен "жасырын ымыраласу теорияларының" кең таралуы кесірінен бұл кәсіби мәселеге қарапайым азаматтар да көңіл бөле бастады.

Сонымен, цифрлық даму ведомствосының хабарлауынша, Қазақстанда қазіргі кезде 2, 3 және 4 Джи технологиялары қолданылады.

Соның ішінде 4G бойынша РЖС жиіліктерін пайдалану құқығын беретін құжаттар небары 4 отандық байланыс операторына – "Kcell" АҚ-ына, "Altel" АҚ-ына, "Кар-Тел" ЖШС-іне және "Мобайл-Телеком Сервис" ЖШС-іне ғана беріліпті.

Сонымен бірге, бүгінде министрліктің мәліметінше, "5G радиоэлектронды құралдарын коммерциялық мақсаттарда орнатуға мүмкіндік беретін байланыс саласындағы рұқсатнамаға Қазақстан Республикасының бірде бір байланыс операторы ие емес".

Соған қарамастан, елімізде екі жылдан бері осы технология ілгерілетілуде.

"2019 жылдан бері Қазақстанда 5G технологияларының шамамен 11 тестілік сынағы өткізілді. Бұл ретте "Astana Hub" ІТ-стартаптардың халықаралық технопаркі аумағында, тұрақты негізде Huawei-дің 5G базалық станциясы орнатылды. Ол тестілік режимде, 3,5 ГГц диапазонында, 5G кейстері мен технологияларын тестілеуден өткізу үшін жұмыс істейді", – деп түсініктеме берді азаматтардың сауалына орай Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек.

Оның мәліметінше, Қазақстанда "5 Джи" желілерін іске қосу келесі 2022 жылдың соңына қарай жоспарланып отыр. Ол ең алдымен үш мегаполисте – Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкентте қолданысқа берілмек.

Ары қарай, 2023–2025 жылдары облыс орталықтары да тегіс 5G-мен қамтылады деп күтілуде.

Ауылдарға аса қымбат 5G жеткізу әзірше күн тәртібіне қойылып отырмаған көрінеді.

5G операторы конкурс не аукцион арқылы анықталады

Айтқандай, "Қазақстанда таяуда 5G желісінің енгізілгеніне" қатысты қоғамымызда сауалдардың көбейіп кетуіне және журналистер бағыттаған сауалдар легінің артуына байланысты Цифрлық даму министрлігі журналистерге тағы бір мәлімдеме таратты.

"Қазақстан Үкіметі жанындағы Радиожиіліктер жөніндегі ведомствоаралық комиссия еліміздің үш қаласында – Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкентте 5G стандартындағы ұялы байланысты тестілеуден өткізу туралы шешім қабылдады. Бұл жерде байланыс операторларының бірде біреуіне эксклюзивті құқық берілмейді! Жоспар кестесіне сәйкес, 5G стандартындағы ұялы байланысты сынақтан өткізу мүмкіндігі белгілі бір уақытқа келесі операторларға – "Қазақтелеком" АҚ-ына, "Кар-Тел" ЖШС-іне, "Кселл" АҚ-ына, "Мобайл Телеком-Сервис" ЖШС-іне берілді", – деп құлағдар етті ведомство.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметінше, "5G стандартындағы мобильді байланыстың коммерциялық пайдалану мақсатында іске қосылу мерзімін нақты айту әзірше мүмкін болмай" тұрған көрінеді.

Сынақтардың қалай өтетіні белгісіз.

Оның үстіне осы шараларды заңдастыратын заң жобасы әлі күнге Парламент Сенатының қарауында жатыр.

"Бұл мәселе толықтай заң жүзінде реттелген соң ғана конкурс немесе аукцион өткізіледі. Соның нәтижесі бойынша жеңген оператор 5G стандартын коммерциялық қолданысқа енгізетін болады", – деп түсіндірді Цифрлық даму министрлігі.

Ресей халық қарсылығына кезікті

Қазақстан бұл салада да посткеңестік кеңістіктегі көшбасшылардың бірі болып отыр. Бізбен қатар келе жатқан Ресейде тұңғыш 5G биылғы наурыз айында қолданысқа берілді. Оның өзі тек таңдаулылар үшін қолжетімді. Атап айтқанда, біріншіден, желі тек Мәскеудің бірнеше ауданын ғана қамтиды.

Екіншіден, оған МТС бірнеше параметрлер бойынша өзі таңдап қалған абоненттерінің шектеулі саны ғана қосады.

Үшіншіден, батыс елдері, дүниежүзіндегі өзге де елдер 3,4-3,8 ГГц диапазонында енгізіп жатқаны мәлім. Ал Ресей олардан оқшаулануға ұйғарып, "бес Джиге" 4,4-5 ГГц жиілігін ұсынды. Мамандардың айтуынша, бұл жиілікті тіпті қолданыстағы 5G-смартфондарының бәрі бірдей ұстай бермейді.

Жоғарыда айтылғандай, Қазақстан бесінші буындағы ұялы байланыс үшін 3,5 ГГц диапазонын босатты.

Ал біздің одақтасымыз оған бара алмады. Себебі, CNews дерегінше, Ресейде 3,4-3,8 ГГц-те қорғаныс ведомствосы, күш құрылымдары отырған көрінеді және бұл диапазон оларда спутниктік байланысқа пайдаланылады. Оның үстіне 4,4-5 ГГц жиілігі ауқымына кіретін 4,7-4,9 ГГц жиіліктері Ресей аумағының елеулі бөлігінде байланыс желілерін салуға жарамайтын болып шықты. Яғни, солтүстік көршіде бесінші буындағы байланыс толыққанды іске қосылса, мәскеуліктермен қазақстандықтар да, сондай-ақ ресейліктердің үлкен бөлігі де 5 Джи форматында байланыса алмайтын түрі бар.

Солтүстік көршінің астанасы Мәскеуде 5G-ге тек таңдаулылардың іріктеп қосылуы да елдің наразылығын туғызуда. Ресейде МТС байланыс операторы оған қосудың критерийі ретінде клиенттің мобильді трафикті неғұрлым көп тұтынуын, Мәскеудің орталығында тұруын, беделді-салтанатты орындарға (қымбат клуб, ірі музейлерге, сәнді мейрамханаларға, т.б.) жиі баруын белгілеген. Яғни, негізінен байларды іріктеуде. МТС өкілдері өз клиенттерінің басқан ізін аңдымайтындарын, талдау кезінде тек тұлғасыздандырылған деректер қолданылатынын мәлімдеді. Осы өлшемдерге сай тұлғаларға оператордан 5G пилоттық желісіне қосылуға және "Доступ в 5G" опциясын іске қосуға шақыруы бар SMS-хабарлама келеді.

Жаңа буындағы байланыс игілігін пайдалана алғандар интернет пен деректерді беру жылдамдығы 1,5 Гбит/секундқа жеткенін айтып, таң-тамаша болуда.

Сонымен бірге Ресейде "бес Джиге" қарсы қозғалыс та күшейді. Кавказда, Ставропольда және Кубаньда бірнеше айдан бері 5G мұнараларының орнатылуына қарсы дүркін-дүркін наразылық шаралары өтуде.

Ал Ростов облысындағы Азов қаласында таяуда бір топ еркек археологтарды тірілей көміп тастауға талпынды. Олар қала ортасында қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан мамандарды 5G мұнарасын орнатушылар деп ойлаған. Тек арнайы шақырылған полиция ғана бұзақыларды тия алды. Шынында, бұл өңір кезінде Алтын орда құрамында болыпты, сондықтан қала аумағы археологтар үшін құнды мекен болып есептеледі.

Ресей миллион адамы бар мегаполистерін 5G-ге 2024 жылға қарай қосуды жоспарлап отыр.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу