Қазақстанда адалдық пен серіктестік департаменттері құрылады

2564

Коррупцияға қарсы агенттіктің қайта құрылымдануының егжей-тегжейі анықталды.

Қазақстанда адалдық пен серіктестік департаменттері құрылады

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев қолға алынып жатқан өзгерістер агенттіктің құрылымын оңтайландыруға, оның ережесін заңнамадағы соңғы өзгерістерімен сәйкестендіруге бағытталғанын айтады.

"Атап айтқанда, агенттіктің және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының астаналық департаменттерінің атаулары "Қазақстан астанасы – Астана қаласын Нұр-Сұлтан қаласы деп қайта атау туралы" ел Президентінің 2019 жылғы 23 наурыздағы №6 жарлығымен сәйкестендіріледі. Бұдан бөлек, агенттіктің құрылымдық бөлімшелерінің санын 12-ден 8-ге дейін азайту, сондай-ақ басқарушылық лауазымдарды қысқарту көзделген", – дейді ведомство басшысы.

Оның мәліметінше, дәл осы мақсатта "Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің кейбір мәселелері және ҚР Президентінің кейбір актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Президенттің 2016 жылғы 5 қазандағы № 349 жарлығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Президентінің жаңа жарлығының жобасы әзірленген.

"Бұл жарлықты қабылдау әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарларға әкеліп соқпайды және мемлекеттік бюджеттен қосымша қаражат бөлуді талап етпейді", – деп сендіреді Алик Шпекбаев құжатқа қатысты түсіндірме жазбада.

Мемлекет басшысының агенттікке қатысты жарлығы жобасының анық-анығы да жария етілді.

Бұл агенттік тек шенеуніктерде ғана емес, бизнесмендерде де, былайғы жұртшылықта да атын естісе үрей туғызатын қаһарлы да құзырлы мекеме екені құпия емес. Сарапшылардың айтуынша, құжат оның суық бейнесін өзгертуге бағытталған көрінеді.

Мәселен, жаңа жарлық агенттіктің миссиясын өзгертеді. Оның қазіргі миссиясы ретінде "мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және мемлекеттік бақылау салаларында бірыңғай мемлекеттік саясатты іске асыру" болып белгіленген.

Ал жаңа миссиясы қысқа әрі нұсқа: "Біз мемлекеттік қызметті халықтың сенімі мен игілігі үшін дамытамыз"  болмақ.

Мекеме басшылығының түсіндіруінше, бұл "Елбасының 2018 жылғы 5 қазандағы жолдауын іске асыру аясында бүкіл мемлекеттік аппараттың тұтынушыға бағдарланушылығын арттыру және мемлекет пен қоғам арасындағы ара-қашықтықты қысқарту үшін" жасалуда.

Президент жарлығы қабылданғаннан кейін, агенттіктің департаменттерінің саны қысқарады және олар қайта аталады.

Мысалға, мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қазіргі құрылымы мынадай: басшылық, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы (антикоррупциялық қызмет), одан кейін "Мемлекеттік қызмет департаменті", "Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау департаменті", "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат департаменті", "Мемлекеттік қызметтер көрсету департаменті", "Стратегиялық әзірлемелер және халықаралық бағдарламалар департаменті", "Жұртшылықпен байланыс департаменті", "Әкімшілік департаменті", "Заң департаменті", "Мемлекеттік құпияларды қорғау және ақпараттық қауіпсіздік басқармасы", "Персоналды басқару қызметі", "Ішкі аудит қызметі" және "Төраға хатшылығы" бар.

Ал жаңа құрамда агенттіктің келесідей ықшам ғана құрылымы түзілгелі тұр: 

1. Басшылық

2. Төраға хатшылығы

3. Мемлекеттік қызметті дамыту департаменті

3. Адалдық департаменті

4. Сервистік мемлекетті дамыту департаменті

5. Серіктестік департаменті

6. Құқықтық және ішкі реттеу департаменті

7. Персоналды басқару қызметі

8. Ішкі аудит қызметі

9. Мемлекеттік құпияларды сақтау басқармасы

10. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы.

Бұл тәсіл Президент Әкімшілігі басшысының 2019 жылғы 16 мамырдағы №19-1540-5 резолюциясымен мақұлданыпты.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу