Қазақстанда АҚШ-тың "Комирнати" антиковид-вакцинасын күткендер көп

2955

Денсаулық сақтау министрлігі Pfizer вакцинасымен азаматтардың барлық санатын қамту мәселесін қарастыруда. 

Қазақстанда АҚШ-тың "Комирнати" антиковид-вакцинасын күткендер көп

Қазақстандық вакцина, туристер Өзбекстанға ағыла ма?

Ел Үкіметі Pfizer/BioNTech жасаған КВИ-ге қарсы препаратты 12 жастан ересек балалар, сондай-ақ екіқабат және бала емізуші аналар ғана тегін ала алатынын хабарлағаны мәлім. Америкалық вакцина әлі күнге елге әкелінбеген. ДСМ мәліметінше, компаниямен келісімшартқа қол қойылды, вакцина жыл соңына дейін, осы жылдың IV тоқсанында жеткізіледі деп күтілуде.

Оны еккізгісі келетіндер денсаулық сақтау ведомствосына өтініш жазуда.

"Қазіргі кезде Еуропалық одақ елдері, АҚШ пен Австралия өздеріне келетін шетелдіктерден негізінен Батыста мақұлданған екпемен егілгенін растайтын вакцинация паспортын ұсынуды талап етеді. Онсыз кіргізбейді. Іссапармен қарашада Германияға баруым керек. Ел Үкіметі басқа адамдарға да Pfizer-мен егілуге рұқсат етсе, дұрыс болар еді. Ақылы негізде егілуге әзірмін", – дейді қарағандылық Инна Рудакова.

Оған әріптестері Германияның BioNTech/Pfizer, AstraZeneca, Moderna және Johnson&Johnson препараттарын мойындайтынын, сондықтан көрші Өзбекстанға барып, сонда Moderna-мен не AstraZeneca-мен егілудің жолын табуға болатынын айтыпты. Негізі әлеуметтік желіде ой бөліскен кейбір қазақстандық осы жолды таңдағанын жеткізді.

Дегенмен Батыс елдері Өзбекстанға гуманитарлық көмек ретінде вакцина жеткізгенде оны өз халқына салғызу шартын қойған. Ендеше көлеңкелі схемалар болмаса, шетелдіктерге, вакциналық туристерге ашықтан-ашық ұсына алмаса керек.

Айта кету керек, биылғы 13 қыркүйекте АҚШ-тан көрші өзбек еліне 1 млн 214 мың 460 доза Pfizer/BioNTech вакцинасы жеткізілді. Бұл COVAX жаһандық вакцинациялау тетігі аясында Американың Өзбекстанға тартуы болып есептеледі. Жалпы бұл екпе ерекше сақтау шарттарын қамтамасыз етуді талап етеді. Сондықтан ЮНИСЕФ ұйымы өзбек елі үшін жалпы сыйымдылығы 3 064 литр болатын 8 мұздатқыш камера сатып алып, тегін сыйлаған. Бұл арнайы рефрижераторлар америкалық вакцинаның бүкіл көлемін -70 градус температурада сақтауға жеткілікті.

Әйткенмен жергілікті тұрғындардың айтуынша, әзірге елдегі 3 мыңнан астам екпе пункттерінде ересектерге өзге вакциналар ұсынылады. Қазан айының басында Pfizer препаратын негізінен 12-18 жастағы жеткіншектер мен жастарға ата-аналарының рұқсатымен егу басталды. Жүз мыңнан астам бозбала мен бойжеткен бірінші компонентін салғызыпты. Ал ересектерге COVID-19 індетіне қарсы 4 вакцинаның бірі – Moderna, Oxford/AstraZeneca, Sputnik V және қытай-өзбек ZF2001 (Anhui Zhifei Longcom Biopharmaceutica) вакциналары қолжетімді. Алғашқы екеуі де гуманитарлық көмек ретінде жеткізілген.

28 қазандағы жағдай бойынша Өзбекстанның 34,7 миллион халқының 13,4 миллионы немесе 39,23%-ы бірінші дозаны салғызды. Толық вакцинацияланғандар саны 5,9 миллион немесе 17,3%.

Салыстырсақ 19 миллионнан сәл асатын халқы бар Қазақстанда 2021 жылғы 30 қазандағы мәлімет бойынша I компонентті 8 276 713 адам, II компонентті 7 473 451 адам салдырды. Елде вакцина алуға тиісті адамдарды қамту 71,9%-ды немесе бүкіл халықтың 43,4%-ын құрады.

Жалпы Қазақстан жыл соңына дейін 13,3 миллионнан астам азаматтың QazVaс, Спутник V, Sinopharm, Hayat-Vax, SinoVac және Pfizer вакциналарын еккізуіне қол жеткізбек. Сонда ұжымдық иммунитет қалыптасады деп күтілуде.

Егер Өзбекстанды Pfizer вакцинасын сақтауға арналған ультратоңазытқыш тізбекпен БҰҰ балалар қоры (ЮНИСЕФ) қамтамасыз етсе, ал Қазақстанға ондай жабдықтарды ешкім сыйлайын деп отырған жоқ, америкалық компания оны ел Үкіметінің өзі сатып алуы керектігін ескертіп, шарт қойыпты. ҚР ДСМ дерегінше, бүгінде Pfizer вакцинасының логистикасы мен сақтау мәселелерін пысықтау бойынша іс-шаралар тәмамдалуға таяды. Өңірлердің денсаулық сақтау басқармаларымен қалай егу, қалай сақтау мәселелері бойынша семинар-кеңестер өткізілді.

Pfizer-дің  жоспарланған көлемі балаларға да жетпеуі мүмкін

Алматылық ірі компанияның өкілі Дастан Әзірбекұлы жұмыс сапарымен Еуропаның біраз елін аралау қажет болып тұрғанын айтады.

"Бірақ бара алмай қалайын деп тұрмын. Өйткені ол мемлекеттер ресейлік, қытайлық вакциналарды мойындамайды. Салдарынан жұмыссыз қалуым ықтимал. Компания батыстық вакцина салғызған маманды жалдамақ. Қазақстанға Pfizer әкелінеді деп жар салғанына жарты жылдан асты. Көрші өзбектер де, қырғыздар да, тәжіктер де батыстық вакциналарды өз тұрғындарына егуде. Қазақстан Орталық Азияда осы істе артта қалған мемлекет болып тұр. Егер Үкімет ақылы негізде сатып алса, сол үшін ақша төлеуге дайынмын", – дейді Дастан.

Ал Райгүл Нұрмұхаметқызы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға хатында Pfizer вакцинасы умраға, қажыға баратын азаматтар үшін аса қажет екенін еске салды.

"Біз умра жасағымыз келеді. Бірақ тиісті вакцинасыз оны жүзеге асыра алмаймыз. Мен Спутник V-мен егілгенмін. Бірақ оны Сауд Арабиясы мойындамады. Ал шетелге арнайы сапарлап, өзге вакцинаны салғызуға уақыт та, мүмкіндік те жоқ. Елге Pfizer препаратының әкелінуін асыға күттім, дегенмен оны еккізетін санатқа жатпайды екенмін. Содан үмітім үзілгендей болып отырмын. Сіздерден бұл вакцинаны коммерциялық негізде де салғызу мүмкіндігін қарастыруларыңызды сұраймын. Сонда шетелге шыққысы келетін азаматтар оны сатып алып, әлемдегі көптеген елге еркін сапарлай алар еді", – деп өтінеді ол ДСМ басшысынан.

Денсаулық сақтау министрлігі елімізде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мойындаған қытайлық вакциналар қолжетімді екенін еске салумен ғана шектеліп отыр. Бірақ Қытайдың да, Ресейдің де екпелерін АҚШ, Еуропа, араб елдері мойындамайды.

"ДДСҰ мақұлдаған вакциналар тізіміне бүгінде Pfizer/BioNTech, Johnson&Johnson, Moderna вакциналары, сондай-ақ AstraZeneca әзірлеген вакцинаның 2 нұсқасы, Қытай өндірушілері шығарған Sinovac пен Sinopharm вакциналары енгізілген. Қазақстанда әзірге коронавирус инфекциясына қарсы вакцинациялау отандық QazVac, ресейлік "Спутник-V", сондай-ақ қытайлық Sinopharm препараттары негізінде жүргізілуде. Бұдан бөлек, алда 12-18 жастағы балаларды, жүкті және бала емізетін әйелдерді егу үшін Pfizer вакцинасын жеткізу жоспарлануда. Елімізге жалпы алғанда шамамен 4 миллион доза Pfizer вакцинасы әкелінеді, ол 2 миллион адамды еккізуге жетеді", – деп мәлімдеді ДСМ Дәрілік саясат департаменті.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, қазіргі кезде Қазақстанда 1-ден 17 жасқа дейінгі аралықтағы балалар саны 6,1 миллионнан асады. Оның 4 миллиондайы вакцинацияланатын санатқа жатуы мүмкін. Яғни Pfizer-дің мәлімделген дозасы балаларды тегіс егуге де жетпейді.

"Комирнати" дегені не?

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой өз блогы арқылы балалар мен аналардан басқа санаттарға да Pfizer-ді қолжетімді ету мәселесі талқыға салынып жатқанын жеткізді. Бәрі бюджетке байланысты.

"Қазақстанда алдағы қараша айынан бастап, АҚШ-тың Pfizer компаниясы шығарған "Комирнати" мРНК-вакцинасын егуді бастау жоспарланып отыр. Бұл препарат бүкіл әлемде 12-ден 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерді, 15-ші аптадан кейін жүкті әйелдерді, сондай-ақ лактация кезеңіндегі әйелдерді вакцинациялауға ұсынылған. Бұл ретте босанған әйелдерді туудан кейінгі кезең аяқталғаннан кейін, яғни 42 күннен кейін егуге кеңес беріледі", – деді министр.

Оның айтуынша, осыған байланысты, Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің 2021 жылғы 20 қазандағы №46 қаулысына сәйкес, Pfizer-дің "Комирнати" мРНК-вакцинасымен біріншіден, 12 және одан ересек жасөспірімдер, екіншіден, жүкті әйелдер, үшіншіден, лактация кезеңіндегі әйелдер вакцинацияланады.

"Басқа контингенттерге, қазақстандықтардың өзге санаттарына Pfizer-дің "Комирнати" мРНК-вакцинасын егу мәселесі қазіргі кезде талқыланып жатыр", – деп мәлімдеді Алексей Цой.

Эпидемиолог-сарапшы Михаил Лебедевтің түсіндіруінше, Comirnaty вакцинасын Pfizer мен BionTech компаниялары білесе жасап шығарған.

"Comirnaty – 12 жас және одан ересек адамдарды COVID-19 коронавирус дертінен қорғауға арналған вакцина. Ресейлік вакцинадан айырмашылығы сол, Comirnaty құрамында вирустің өзі жоқ. Тиісінше, Pfizer-дің бұл вакцинасы коронавирус инфекциясын туындата алмайды. Comirnaty-де мРНК деп аталатын молекула бар. Оның құрамына КВИ-ге қарсы антиденені түзуге арналған "нұсқаулық", яғни SARS-CoV-2 вирусының ақуызы енгізілген. Адамның иммунитеті соған, тиісінше COVID-19-ға қарсы қорғаныс түзеді", – деп түсіндірді сарапшы.

Жанат Ардақ