Қазақстанда ақша айырбастау тәртібі өзгерді

Енді 500 мың теңгеден төмен сома ауыстырсаңыз аты-жөніңіз арнайы реестр дәптеріне тіркеледі.

Қазақстанда ақша айырбастау тәртібі өзгерді Фото: caravan.kz

Ұлттық банк ақша айырбастау бекеттерінің жаңа ережелерін бекітті. Соған сәйкес жұмыс істеу уақыты мен ақша айырбастау тәртібі өзгерді.

Қазақстандықтардың аты-жөндері тіркеледі

Еліміздің ақшай айырбастау бекеттерінде 500 мың теңгеден жоғары және төмен сома айырбастаған азаматтардың аты-жөндері мен ЖСН-дері арнайы реестрлер дәптеріне тіркеледі. Қолма-қол ақша айналысы департаментінің директоры Жомарт Қажымұратовтың сөзінше мәліметтерді тіркеу жеңілдетілген әдіспен жүзеге асады.

"Егер айырбастау сомасы 500 мың теңгеден төмен болса, клиент тек жеке куәлігін ғана көрсетеді. Бұл көптеген елдерде қолданылып келе жатқан халықаралық тәжірибе. Осы орайда аталған процессті автоматандыруға болатынын ескерткім келеді. Қазіргі кезде нарықта электронды жеке куәліктің чипін оқитын сан түрді құралдар бар. Бұл кәсіпкердің қалауына байланысты. Ондай бағдарламалық құралдардың бағасы 10-16 мың теңгенің төңірегінде. Ал 500 мың теңгеден жоғары ақша айырбастауға байланысты бұрынғы ережелер қалады",– деді Қолма-қол ақша айналысы департаментінің директоры.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін 500 мың теңгеден жоғары ақша айырбастаған жағдайда бірыңғай реестрге: жеке куәліктегі мәліметтер (құжаттың түрі, берілген күні, нөмірі, жарамдылық мерзімі), ЖСН және клиенттің заңды мекен-жайы тіркелетін.

Айырбастау бекеттерінде 100 млн теңгеден жоғары сома болуы керек

Әр бекеттің ең төменгі жарғылық капиталы 100 млн теңгеден төмен болмауы тиіс. Бұл Нұр-Сұлтан, республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарына қойылған талап. Ал ауылдар мен шағын қалалардың ақша айырбастау бекеттері кассаларында немесе шоттарында 50 млн теңгеден жоғары қаржы болуы керек.  Жомарт Қажымұратовтың сөзінше бастапқыда барлық аймақтарға бірдей талап қою көзделген.

"Алайда ұзақ талқылаулардан кейін бұл тәртіп өзгертілді. Банктерге тиесілі емес барлық ақша айырбастау бекеттеріне ең төменгі жарғылық капитал 100 млн теңге сомасын бекіту жоспарланған. Алайда ауылдар мен елді мекендерге бұл талап 50 млн теңгеге төмендетілді. Сонымен қатар бұл талаптардың күшіне енетін уақыты да шегерілді. Бастапқыда  бұл шарттар 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс істейді деп жоспарланған. Кейін республикалық маңызы бар қалалардың айырбастау бекеттері 2020 жылдың 1 сәуірінен бастап, ал әкімшілік орталықтар мен облыстық маңызы бар қалалар 2020 жылдың 1 шілдесінен бастап, ал елді мекендер мен шағын қалалар 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап аталған жарғылық капиталдармен қамтылауы тиіс деп шештік",– деді Жомарт Қажымұратов.

Талап бойынша бұл сома айырбастау бекетінің шотында, кассасында немесе алтын құймасы түрінде болуы керек.

"Бұл шаралар айырбастау бекеттеріне үзіліссіз жұмыс істеуге мүмкіндік береді",–деді Ұлттық банкте.

1 ақпаннан бастап бекеттердің жұмыс істеу уақыты өзгереді

Жаңа ережелер бойынша 1 ақпаннан бастап айырбастау бекеттері 9:00-ден 20:00 аралығында жұмыс істейді. Жомарт Қажымұратовтың айтуынша бұл клиенттер мен айырбастау орталықтарының  қауіпсіздігі үшін жасалып отыр. Сонымен қатар ол аталған ержелер кешкі уақытта валюта бағамын қымбаттатуға жол бермейтінін айтады.

"Қазақстаннан сыртқа немесе керісінше мемлекеттік шекараны кесіп өтетіндерге ыңғайлы болу үшін әуежай, темір жол вокзалдары, көлік бекеттеріндегі айырбастау орталықтары тәулік бойы жұмыс істейді. Ал бірінші дәрежелі сауда орталықтарындағы айырбастау бекеттері 9:00-ден 22:00-ге дейін қызмет көрсетеді",– деді Жомарт Қажымұратов.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу