Қазақстанда алғаш рет падел орталығы ашылды

727

Орталық күнделікті сағат 09:00-ден 23:00-ге дейін жұмыс істейтін болады. 

Қазақстанда алғаш рет падел орталығы ашылды Фото: Серикжан Ковланбаев

Елорда төрінде әлемде қарқын алып келе жатқан спорт түрі  паделдің 4 корттан тұратын ADD PADEL орталығы ашылды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Падел – теннис, сквош пен пинг-понг элементтерін біріктіретін заманауи әрі жылдам қарқынға ие спорт түрі.

Падел – әлемнің түкпір-түкпірінде, әсіресе, Испания мен Латын Америкасында өте танымал, футболдан кейін екінші орында тұрған ойын. Енді қазақстандықтар да падел ойнап, әлемдік қауымдастықтың бір бөлігі бола алады.

Фото: Серикжан Ковланбаев

Себебі бүгін Қазақстанда ADD PADEL атты алғашқы падел-орталықтың ашылу салтанаты өтті. Тарихи оқиғаның куәсі болуға елорда әкімдігінен, шетелдік падел қауымдастығынан өкілдер келіп, орта меймандарға толы болды. "Падел ұлттық федерациясы" Республикалық қоғамдық бірлестігінің негізін қалаушылар Арслан Әбілғазин, Темірлан Қрымов пен Асан Махмұтов осы игі істің басында тұрған жандар.

Фото: Серикжан Ковланбаев

"Бүгін сіз бен біз спорт мәдениетінің тарихында айтулы оқиғаның куәгері боламыз. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, еліміз бұқаралық және балалар спортының дамуына ерекше көңіл бөлуі қажет. Біз елімізге жаңа спорт түрін алып келу арқылы соған өз үлесімізді қосқымыз келеді. Сіздерді Қазақстанда бұрын соңды болмаған спорт әлеміне шақырамыз!", – Арслан Әбілғазин.

Орталықта жасанды жабын төселіп, көрінбейтін қабырғалардан тұратын төрт падел-корты орналасқан, ал ADD PADEL келушілері киім шешетін бөлмені пайдаланып, ADD TABLE TENNIS CENTER ASTANA дәмханасынан дәм тата алады. Орталық күнделікті сағат 09:00-ден 23:00-ге дейін жұмыс істейтін болады.

Фото: Серикжан Ковланбаев

"Падел ойынының ерекшелігі жас талғамайды, қызығушылық танытқан кез-келген адам екінші біреумен жұптасып ойнай алады. Әр түрлі деңгейдегі ойыншыларды оқыту үшін орталықта Мурманскіде арнайы дайындықтан өткен білікті 2 жаттықтырушы жұмыс істейді. Сонымен қатар, біздің жаттықтырушыларымыздың біліктілігін арттырып, болашақ клиенттерімізді оқыту үшін сонау Испаниядан жаттықтырушылар келді", – деп түсіндірді Асан Махмұтов.

ADD PADEL  жәй ғана спорт орталығы емес, Қазақстанда бұқаралық спорт түрлерін дәріптеуге, танымал етуге бағытталған әлеуметтік жоба. Сол себепті болар мұндай айтулы шараны елорда әкімдігі өкілдері назардан тыс қалдырмады.

Фото: Серикжан Ковланбаев

"Келген қауымды елордамызда, жалпы Қазақстанда алғашқы падел орталығының ашылуымен құттықтаймын! Мемлекет басшымыз бұқаралық спорттың дамуына әрдайым ерекше көңіл бөледі, жас спортшыларды қолдайды. Осы орталықтың ашылуы елордамыздың 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр, баршаңызды осы мерейлі жылмен шын жүректен құттықтаймын! Әлемде танымалдыққа ие болып үлгерген жаңа спорт түрі осы орталықтың ашылуымен бізде де үлкен қарқын алады деген үміттемін", - деді Астана қаласының әкімі орынбасары Есет Берікұлы.

Жоғарыда атап өткеніміздей, падел спортының қазығы Қазақстанда қағылып үлгерген. "Ұлттық падел федерациясы" құрылып, 11 өңірде филиалдары ашылды. 7 шілдеде федерация Римдегі Бас Ассамблеяда Халықаралық федерацияның толыққанды 70-ші мүшесі болып, ұйымда Қазақстан Республикасының атынан өкіл ретінде тіркеледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу