Қазақстанда алпауыт ұлттық компания құрылмақ

10386

Ол жер қойнауындағы ен байлыққа иелік етеді. Болашақта әрбір қазақстандыққа одан өз үлесін иеленуге мүмкіндік берілуі мүмкін. 

Қазақстанда алпауыт ұлттық компания құрылмақ

Қазақстанда "қаралы қаңтар" оқиғаларына ұласқан халық толқуына 2021 жылдың 1 қаңтарынан "көгілдір отын" бағасының бірден екі есе көтерілуі – басты себеп болмағанымен, нақты серпін бергені мәлім. Қазіргі кезде билік осы салаға кең ауқымды талдау жүргізуде. Бұл елдің ашуын қайта туғызбау үшін қажет.

Климаттық теріс өзгерістерге тосқауыл қою мақсатынан туындаған әлемдегі декарбонизация үрдісі және соған байланысты Қазақстан қабылдаған халықаралық міндеттемелер аясында газ саласының мән-маңызы тек арта бермек. Бұл секторға "ҚазТрансГаз" АҚ ішінара ғана жауап беретін. Салада басшы көп еді. Оған Үкімет те, Энергетика, Экология, геология және табиғи ресурстар министрліктері де, "Самұрық-Қазына" қоры да, тіпті газ саласындағы квазимемлекеттік, коммуналдық кәсіпорындары арқылы жергілікті әкімдіктер де араласа беретін. Ақыр соңында, жауап беретін тұлғаны, нақты қожайынды табу қиынға соқты.

Сондықтан "ҚазТрансГаз" (ҚТГ) АҚ негізінде жаңа алып құрылым құрылуда. Үкіметтің шешімімен QazaqGaz ұлттық газ компаниясы пайда болды. Оның басшылығы ҚТГ-дағы биік лауазымды тұлғалардан тазартылды. "ҚазТрансГаз" АҚ басқарма төрағасы Қайрат Шәріпбаев жұмысынан босатылғаны мәлім. Бұған дейін "ҚазТрансГаздың" Директорлар кеңесінің төрағасы Әділбек Жақсыбеков болған.

Ұлттық компанияның атауы мен логотипі ғана емес, сонымен қатар оның ішкі құрылымы мен бизнес-процестері де өзгеріп жатқан көрінеді. Ел басшылығы қойған міндетке сәйкес, QazaqGaz енді "отандық газ саласын дамытудың жаңа кезеңін" бастауға тиіс.

Бұған дейін "ҚазТрансГаз" АҚ-ы тек табиғи газбен, оны магистральді газ құбырлары және газ таратушы желілер арқылы тасымалдаумен, сондай-ақ оны ішкі және сыртқы нарықта сатумен айналысып келді. Яғни ол тұтынушылардың жағдайына жауап бермейтін, жеткілікті түрде жауапкершілік арқаламайтын. Салдарынан, биылғы 4 қаңтарда автогаздың бағасы күрт қымбаттағанда, компания оған қатысы жоғын айтып, басын ала қашты.

"Сұйытылған газды өндіруге де, оны сатуға да ешқандай қатысымыз жоқ! Бұл функцияларды мүлдем басқа ұйымдар орындайды. Көптеген адам табиғи газды баллонға толтырылған және автокөліктер пайдаланатын сұйытылған мұнай газымен шатастырады. Шын мәнінде бұлар отынның мүлдем басқа түрлері", – деп мәлімдеді компания.

Енді жаңа мәртебесіне сәйкес, QazaqGaz газды геологиялық барлаудан бастап, одан дайын өнім шығаруға дейінгі бүкіл жұмыстарды атқаратын болады деп белгіленген.

Мысалы, Жаңаөзендегі Қазақ газ өңдеу зауыты базасында жылына 1 миллиард текше метр шикі газ өңдеп, оны автогазға айналдыратын жаңа зауыттың құрылысы жобасын да QazaqGaz жүзеге асыратын болады. Тиісті инвестициялық шешім қабылданды.

Оның қоластында газ компаниялары тік-вертикальді үйлесім негізінде жұмыс істеуге тиіс. Бұған қоса, оған жаңа газ және газды-конденсантты кен орындарында пайдалы қазбаларды барлауда және игеруде басымдық құқығы берілді. Жаңа тұрпатты компанияның жұмысы табысты болса, алда ол халықтық  IPO арқылы саудаға шығарылады. Президент айтқандай, осы арқылы "қазақстандықтар еліміздегі газ байлығының бір бөлігін иеленеді".

Ұлттық компания дефолт болмай ма?

Бұған дейін "ҚазМұнайГаздың" 100% еншілес компаниясы болып келген "ҚазТрансГазға" қатысты біраз былық та анықталып жатыр.

Компания борыш батпағына батқаны байқалады. Мысалы, 2020 жылғы қарашада ұлттық компания Ресейдің ВТБ банкінен 200 миллион доллар сомасында (шамамен 85 млрд теңге) қарыз алды. Оны компания 3 жыл ішінде қайтаруы шарт. Бұл міндеттеме енді QazaqGaz-ға көшті.

Ресейлік несиені ұлттық компания 2018 жылы ING Bank, Citibank N.A., Mitsubishi UFJ Financial Group, Inc., Societe Generale және Mizuho Bank Ltd. секілді жаһандық алпауыттардан алған қарызының бір бөлігін өтеуге, міндеттемелерін қайта қаржыландыруға бағыттаған. 

"ҚазТрансГаз" ішкі нарықта құбырмен жеткізілетін газдың бөлшек бағасы қымбаттамауы үшін оны субсидиялап келеді. Нәтижесінде, оның 2015-2019 жылдардағы шығыны 300 миллиард теңгеге жеткен. Оны шетелге қымбатырақ газ сатудан түскен табыспен өтеген.

"2020 жылдан бастап, 2024 жылға дейін ұлттық газ операторының шығын-залалы 879 миллиард теңгеге жетпек. Бұл елде жаңа магистральді және таратушы желілердің іске қосылуымен, өңірлерді газдандыру деңгейінің артуымен байланысты. Сондай-ақ бұған мұнай-газ химиясы жобаларына қосымша 4-5 миллиард текше метр газ бөлу, бірқатар электр қуатын өндіруші станциялардың газға көшуі, сондай-ақ Қытайға экспорттың қысқаруы ықпал етуде. Соның кесірінен, 2021 жылдан бері ұлттық газ операторының залалдары басқа қызмет түрлерінен түсетін табыстан асып түсе бастады. Бұл компанияны дефолтқа соқтыруы мүмкін", – деп болжайды Энергетика министрлігі.

Демек QazaqGaz-ға табысты, еңселі ұлттық компания құру жолында алдымен "ҚазТрансГаздан" қалған ауыр мұрадан арылу жолын табуға тура келеді.

Алпауыт тұтынушымен неге айқасты?

"ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ-ның жұмысына қатысты қарапайым қазақстандықтар шағым айтып жүр. Мысалы, Шымкент қаласының тұрғыны Татьяна Симагина 18 айдан бері алпауыт компаниямен айқасып келеді. Мәселенің мәнісіне тоқталсақ, шымқала тұрғыны ауданы небәрі 39,4 шаршы метрлік шағын ғана жеке үйі бір айда 26 мың текше метр газ тұтына алмайтынын дәлелдей алмай, әуре-сарсаңға түскен. Дау 2020 жылдың мамырынан бері созылуда екен.

"Үйімде телеметриялық, яғни деректерді спутник арқылы беретін газдық есептегіш орнатылған. Аспап сыртта тұр. Оның көрсеткіші жер серігі арқылы жолданатын сигнал түрінде компанияның ақпараттық базасына жүктеледі. Сол көрсеткіштерге сәйкес, "ҚазТрансГаз Аймақ" 2020 жылғы сәуірде 8 090 текше метр, ал мамырда 26 202 текше метр газ тұтындың деп, түбіртек жіберді. Сол жылғы мамырда Шымкентте сырттағы ауа 25 градусқа дейін ысып еді. Сонда неге тұтынылған газ бірден 18,1 мыңға артып шыға келген? Жүйеде немесе есептегіште ақау болса керек. Соны алға тартып, мен компанияның басшылығына талай кірдім, нәтиже шығар емес", – дейді Шымкент тұрғыны.

Оның айтуынша, компания тексеруші ұйымды – "Юг Астат Innovation" ЖШС-ының мамандарын жолдаған.

"Бұл ұйым "ҚазТрансГаз Аймақтың" аумағында орналасқан және соның айтқанымен жүретін болып шықты. Содан оның мамандары есептегіште еш ақау жоқ деп таныды. Аспапты ақаулы деп тану "ҚазТрансГаз Аймақ" үшін тиімсіз. Өйткені ақау кесірінен қалыптасқан дебиторлық берешекті есептен шығарып, шығын-залалға жатқызуға тура келер еді", – деген пікірде Т. Симагина.

Ал "ҚазТрансГаз Аймақтың" түсіндіруінше, сонша үлкен көлемде газ тұтынылды деген дерек батарейкалар қуатының таусылуынан туындауы мүмкін. Аспап батареясының қуаты әлсіресе немесе мүлдем отырып қалса, спутник арқылы көрсетілімдер автоматты түрде жолданбайды. Нәтижесінде, "тұтынылған газ көлемі туралы деректер есептегіш аспаптың сұйық-кристалды дисплейінде тіркеле береді және соның жадында жинақталып қалады".

Шағым иесі бұл дәйекпен келіспейді.

"Себебі сол кезде есептегіштің көрсеткіштері тұрақты түрде беріліп тұрған. Ай сайын маған түбіртек жібереді. Сол бойынша үздіксіз, ұдайы төлеп тұрамын. Сәуір айына да төледім, бұлардың сендіруінше, ол айда батареясы отырып қалыпты. Онда маған сол ай үшін жіберген түбіртектегі деректерді аспаннан алған ба? Сонда сәуірде өшкен батарея келесі мамыр айында ешкімнің араласуынсыз қайта қуаттанып, әрі қарай жұмыс істеп кеткен бе? Суықтау сәуірде 8 мың текше метр тұтынылады. Ал күн ысыған мамырда 26 мыңға дейін неге өседі?", – деп ашынады арыз иесі, екі баланың анасы.

Компания салғастыру актісін жүргізіп, аспаптың қалыпты жұмыс істеп тұрғанын таныған, яғни қандай да бір ақау болғанын мойындамады. Даудың соңы тұтынушы үшін жаман аяқталды. Бүгінде оның есеп-шоты бұғатталған, ал үйі 2021 жылғы маусымнан бері газдан ажыратылған. Биылғы қысты кәмелетке толмаған жас балаларымен бірге орталықтандырылған жылусыз үйде өткізуге мәжбүр.

Жалпы газ айналасындағы мәселелер де, қарапайым қазақстандықтардың ашы-ызасы да әрі қарай қордаланып, әзірге шешімін таба алмай жатқанға ұқсайды.

Жанат Ардақ