Қазақстанда әскерге шақыру жүйесінде "тосын" реформа басталды

6193

Еркіндікте қалғандар еркін күрсінуіне болады: ел бойынша әскерге алудың көктемгі науқаны аяқталды.  

Қазақстанда әскерге шақыру жүйесінде "тосын" реформа басталды Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Әскери ант – жігіт өмірінің жаңа кезеңі

Кең ауқымды шақыру 17 наурызда басталды, ал, 30 маусымда мәресіне жетті. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, 18–27 жастағы 21 мыңнан астам азамат Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қатарына шақырылған, деп жазады inbusiness.kz сайты.

 Оның ішінде:

•         11 мыңнан астамы – Қарулы күштерге,

•         7 мыңнан астамы – ІІМ Ұлттық ұланына (ішкі әскерлер),

•         2 мыңға жуығы – ҰҚК Шекара қызметіне,

•         400-дейі – Төтенше жағдайлар министрлігі сапына,

•         300 адам – биік лауазымды тұлғаларды және стратегиялық нысандарды қорғайтын Мемлекеттік күзет қызметіне шақырылыпты.

Қазіргі кезде жас сарбаздар Отанға адал болуға және оны қорғауға ант беруде. Қарағанды қаласынан Приозерск гарнизонындағы 06708 әскери бөліміне шақырылған қатардағы жауынгер Станислав Аленкин патриот азамат ретінде Отан алдындағы борышын өтеуге ұйғарғанын жеткізді.

"Ант сөздерін айтқан сәтте толқыдым және үлкен жауапкершілікті сезіндім. Еліме деген мақтанышым артып, әскери борыштың маңызын терең түсіндім. Командирлердің қолдауы мен туғандарымның қатысуы маған сенім берді. Енді абыроймен қызмет етіп, жақындарымның үмітін ақтауға дайынмын", – деді сарбаз.

Салтанатты рәсімге қатыса алмаған туыс-туғаны, жора-жолдастары үшін әскери бөлімдерден әлеуметтік желі мен қорғаныс ведомствосының ресми интернет-ресурсында тікелей трансляция ұйымдастырылды.

"Мен үшін ант беру – өмірімдегі жаңа кезеңнің бастауы. Осы күнге мұқият дайындалдық. Ел мен жер алдында жауапкершілікті сезініп тұрмыз. Осы сәттен бастап әскери қызметті абыроймен атқаруға, жарғыны қатаң сақтауға және антқа адал болуға дайынмын", – деді жас сарбаз Азат Шалабайұлы.

Президенттің "Әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерді запасқа шығару және ҚР азаматтарын 2026 жылдың наурыз-маусымында және қыркүйек-желтоқсанында мерзімді әскери қызметке кезекті шақыру туралы" жарлығына сәйкес, келесі шақыру қыркүйекте басталады.

Әскер қалқаны – цифрландыру: смартфонға шақырту келсе, сылтау өтпейді

Биылғы шақыру ерекше болды. Бұрын әскерге шақыру қағазы жігіттердің қолына тапсырылатын. Енді бұл іс цифрландырылды. Қарулы күштер бас штабының Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің бастығы генерал-майор Алмас Исабековтің түсіндіруінше, 2026 жылы азаматтарға шақыру SMS-хабарлама және eGov порталындағы хабарландырулар арқылы кемінде 3 күн бұрын жіберілген.

Мұндай хабарламалар ресми шақыру болып есептеледі. Әлгіндей жолмен шақырту алған азамат жергілікті әскери басқару органына немесе шақыру пунктіне дереу келуге міндетті. "Смартфонға түскен хат-хабарламаны байқамаппын" немесе "Электронды Үкімет порталындағы жеке кабинетімен кірмегеніме көп болды!" сияқты сылтау назарға алынбайды. Шақыруға ден қоюдан бас тартқандар жауап береді.

Қылмыстық кодекстің 388-бабына сәйкес, ҚР Қарулы Күштерi, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдары қатарына жұмылдыру бойынша әскери қызметке шақырудан жалтару:

•         5 000 АЕК-ке (2026 жылы – 21 млн 625 мың теңгеге) дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға,

•         не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына,

•         не 1 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға,

•         не 5 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге,

•         не 5 жылға дейін бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Ал, егер дені-қары сау ер адамдар және әскери міндетті әйелдер соғыс уақытында шақырудан жалтарса, 5 жылдан 10 жылға дейiнгi мерзiмге түрмеге қамалады. Мұнда айыппұл не қоғамдық жұмыс сияқты жеңіл жазалар мүлдем қарастырылмаған.

Президент жариялаған "Цифрландыру және ЖИ жылы" аясында Қорғаныс министрлігі әскери есепке алу процесін де автоматтандырып, "Smart военкомат" жобасын жүзеге асыруда.

Бұл жүйе:

•         шақырылушылар мен әскери міндеттілердің жеке есебін жүргізеді,

•         азаматтар тұрғылықты жерін өзгерткен кезде автоматты түрде әскери есепке қояды,

•         17 жастағы жасөспірімдерді әскери есепке тіркеуді,

•         сондай-ақ шақыруды кейінге қалдыруды немесе одан босатуды автоматты түрде рәсімдеуді қамтамасыз етеді.

Енді бұл міндеттерді орындау үшін бұрынғыдай "военкоматтардың" табалдырығын тоздырудың қажеті жоқ. Әйтпесе, қорғаныс істері жөніндегі басқармалар (бұрынғы военкоматтар) үнемі ығы-жығы халыққа толып, кезегі сыртына шығып жататын. Мысалы, тек 2025 жылы 457 мыңнан астам адамға "кейінге қалдыру" (отсрочка) берілді.

Қарулы күштерде қарыздан демал!

Әскерге шақыру туралы бұйрықтардың электрондық форматта ресімделуінің бір игілігі бар екен. Егер армияға кетіп бара жатқан ер адамның мойнында өтелмеген көп қарызы болса, ол осы құжатты қаржылық ұйымға жолдай алады. Осы арқылы заң жүзінде әскери қызметшілерге берілетін несиелік демалысқа қол жеткізеді.

Электронды құжат сондай-ақ мәліметтерді кредиттік бюроларға автоматты түрде жіберуге мүмкіндік береді. Азаматтың Қарулы күштерде, ішкі әскерлерде немесе басқасында Отан алдындағы борышын өтеу кезінде банк, МҚҰ одан берешегін өтеуді талап ете алмайды, оған өсім-пеня немесе айыппұл жаза алмайды. Ер адам азаматтық өмірге оралған соң да "кредиттік каникулды" 6 айға дейін пайдалана алады. Осы тетік енгізілгелі 21 мыңнан астам әскери қызметшіге негізгі қарыз бен сыйақы бойынша шамамен он млрд теңгедей несиелік демалыс беріліпті.

Сонымен қатар, шақырылушыларды медициналық куәландыру да цифрландырылып, "E-Medosмотр" медициналық жүйесі пилоттық режимде іске асырыла бастады. Әзірге цифрлық медициналық тексеру Астана, Шымкент қалаларында, Алматы, Батыс Қазақстан және Жетісу облыстарында кеңінен қолданылады. Бұл ретте 17 мыңнан астам шақырылушы медициналық куәландырудан цифрлық форматта өткен.

Реформа әрине, мұнымен бітпейді: Қазақстанда әскерге шақыру жүйесін жетілдіріп, мемлекеттің жұмылдыру әлеуетін нығайту үшін "Бірыңғай шақырту тізілімін" енгізу жоспарланған.

Қорғаныс ведомствосының түсіндіруінше, бұл тетік әскерге шақырудан жүйелі түрде жалтарып жүрген азаматтарға қатысты уақытша шектеу шараларын енгізуді пәрменді етеді. Мысалы, олар шекара асып, шетелге шыға алмайды.

"Қорғаныс министрлігі азаматтарды хабардар ету жүйесінің тиімділігін арттыруға, шақыру науқанының ашықтығын қамтамасыз етуге және әскери міндетті орындау тәртібін күшейтуге бағытталған Біріңғай шақырту тізілімін енгізу мәселесін пысықтауда. Бұл тізілімді енгізу хабарлау жүйесін сапалы жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Біз азаматтарды уақтылы әрі толық ақпараттандыруды қамтамасыз ететін, сондай-ақ олардың конституциялық міндетін орындауын жүйелі түрде қолдайтын заманауи цифрлық тетікті қалыптастырамыз", – деді Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов.

Оның мәліметінше, министрлік мерзімді әскери қызметшілердің ай сайынғы қаржылай қажеттілік үлесін арттыру және әлеуметтік кепілдіктер жүйесін жетілдіру мәселесін пысықтауда.

Бүгінгі сарбаз – ертеңгі білікті маман

Отан алдындағы борышын өтеп қайтқан азаматтарға мемлекет тарапынан бірқатар қолдау шаралары қарастырылған. Атап айтқанда, олардың үздіктері ҰБТ тапсыру нәтижелерін есепке алмай, жоғары оқу орындарына мемлекеттік білім беру гранттарымен түсу мүмкіндігіне ие.

"2023 жылдан бері 9 мыңнан астам сарбаз ҰБТ тапсырмай, жоғары оқу орындарына түсті. Тек 2025 жылдың өзінде бұл мүмкіндікті 3 300 әскери қызметші пайдаланды", – деп атап өтті генерал-майор Алмас Исабеков.

Мысалы, 2026 жылы саптық жүріс пен қатаң тәртіпті артқа тастап, елге оралған 2 мыңнан астам қазақстандық солдат қоңыр күз келгенде партаға отыра алады. Отан алдындағы борышын өтеген осы жалынды жастарға таяуда жоғары оқу орындарында тегін білім алуға мүмкіндік беретін сертификаттар салтанатты түрде табыс етілді.

Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, генерал-майор Асқар Мұстабековтің мәліметінше, жас ұрпақтың әскери қызметке деген ынтасын арттыру мақсатында 2023 жылы ведомство тарапынан "Сарбаз 2.0 – Срочники 2.0" бірегей жобасы қолға алынды. Кейіннен заң жүзінде рәсімделіп, ресми мәртебе иеленген бұл жоба бүгінде жастардың жарқын болашағына бастар алтын көпірге айналып үлгерді.

Ендігі жерде әскери билеті бар үздік ұландар үшін ҰБТ үлкен кедергі болмайды. Оның үстіне баспана іздеп бас қатырмайды: жатақханадан бірінші кезекте орын беріледі. Шәкіртақы мәселесі де шешімін тапқан: медициналық және педагогикалық мамандықтарды таңдағандар ай сайын 84 000 теңге стипендия алады. Өзге мамандықтарды қалағандардың шотына ай сайын 52 372 теңге аударылады.

Әрине, әскерден оралғандардың және оқуға түскісі келетіндердің бәріне бірдей мемгрант таратылмайды. Тек жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққандарына ғана. Өйткені тапсырыс көлемі шектеулі. Сондықтан бұл жерде ешқандай тамыр-таныстық пен адами факторға жол берілмегені маңызды. Іріктеу үдерісі толықтай ашық әрі әділ өтуі үшін "Сарбаз 2.0" арнайы цифрлық жүйесі іске қосылыпты.

2023–2025 жылдары бұл цифрлық жүйеге 180 мыңнан астам әскери қызметші тіркеліп, бақтарын сынап көрді. Осынау үлкен бәсекеден жыл сайын ең лайықты деген 2–3 мыңдай сарбаз іріктеліп шығады.

Қарулы күштер қатарында тек Отанды қорғап қана қоймай, болашаққа азық болар кәсіп меңгеру – бүгіннің басты тренді. Қызметі барысында сарбаздар Қарулы күштердің түрлері бойынша кіші мамандар даярлайтын оқу орталықтарында жұмысшы мамандықтарын меңгере алады. Мәселен, солдаттардың бір тобы армияда жүріп, КамАЗ-43114, "Урал-4320" сияқты жүк көліктерін жүргізуге үйренеді. Жауынгерлер "С" және "С1" санатындағы жүргізуші куәлігін қоса алады.

Сондай-ақ олар механик-жүргізуші, көлік жөндеуші, шебер, аспаз, зымыран-артиллериялық қару-жарақтың көздеушісі, бронды техника жүргізуші, металл, ағаш өңдеуші, дәнекерлеуші, мотор жөндеуші, аккумулятор электриктері және бүгінгі еңбек нарығында сұранысқа ие өзге де маңызды мамандықтарды меңгеріп шыға алады.

Осылайша, кешегі сарбаз, бүгінгі бейбіт өмірдің азаматы әскери қызметін аяқтаған соң да далада қалмайды. Статусы дипломмен тең сертификаты мен шыңдалған тәжірибесінің арқасында олар ел экономикасының күретамыры саналатын түрлі салаларда, соның ішінде көлік және тасымал жүйесі, қазіргі заманғы логистика, халықаралық жүк тасымалдау нарығында жұмыс таба алады. Нәтижесінде, әскер қатарында өткен уақыт "міндетті міндет" немесе "босқа өткен жыл" емес, болашақ табысты мансапқа жасалған нақты қадамға айналады.

Қарулы күштер көптеген жасты жоғары көтеретін әлеуметтік лифт қызметін атқаруда. Әскер жастар үшін сапалы білім алуға, армияда жүріп, азаматтық өмірде де қажет болар мамандықтарды игеруге, кәсіби тұрғыда өсуге және сенімді болашағының іргесін қалауға ашылған нақты мүмкіндік.

Отан қорғау – парыз ғана емес, үлкен жетістіктерге бастайтын даңғыл жол екенін бүгінгі өмір шындығы дәлелдеп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу