Қазақстанда әуе рейстері неге кешіге береді?

4279

Жолаушылар отандық әуе тасымалдаушылары ұшақтағы бiр орынды бiрнеше адамға сатады деп айыптауда. Авиациялық билiк мұны жоққа шығарды.  

Қазақстанда әуе рейстері неге кешіге береді?

Мәжiлiс депутаты Елнұр Бейсенбаевтың мәлiметiнше, Қазақстанда 2020 жылы әрбiр 8-рейс, ал 2021 жылы әрбiр 5-рейс кешiгiп ұшқан. Соның кесiрiнен, сапарлаушылардың бар жоспарын жарға жықты. Салаға жауапты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлiгiнiң дерегiнше, пандемия қатты қысқан 2020 жылы қазақстандық авиакомпаниялар 50 701 рейс орындапты. Соның 6 735-i кешiккен. Яғни, әрбiр 8-рейстiң уақытында ұшпағаны расталды.

Ведомство ақпараты бойынша былтырғы 2021 жылы авиакомпаниялар 67 828 рейс жасады. Бұл ретте кешiгу саны 13 702-ге дейiн өстi. Яғни, бұл – әрбiр бесiншiсi.

ИИДМ мәлiметiне сәйкес, өткен жылы Scat 11 785 рейстi жүзеге асырды, оның 2 805-i немесе әрбiр 4,2-шiсi уақытынан қалып қойды. Qazaq Аir-дiң 9 277 рейсiнiң 2 502-i немесе әрбiр 3,7-сi кешiгiп, клиенттерiнiң жүйкесiн жұқартты. Air Astana мен Fly Arystan да бәсекелестерiнен озып кете алмады: былтыр 44 908 рейстi орындап, оның 8 339-ын немесе әрбiр 5-шiсiн кешiктiрген.

Министрлiк бiр маңызды жайтқа назар аудартты: 2021 жылы кешiгiп ұшқан 13 702 рейстiң басым бөлiгi – 7 870-i борттың кешiгуi, яғни авиакомпания кiнәсiнен болған. Ал ауа райына байланысты қалып қойған рейстер саны 880. Бұл 6,4 пайызы ғана.

Авиарейстердiң кешiгуi биыл да жалғасты. Мысалы, Air Astana тек 1 күнде, 26 маусымда 3 рейстiң – Алматы–Ташкент–Алматы, Алматы–Нұр-Сұлтан–Алматы және Алматы–Ақтау–Алматы сапарларының кiдiргенiн хабарлады. Оған әуе көлiгiнiң ақауы себеп болған.

Бұл жағдайда қандай өтемақы қарастырылған?

Электронды Үкiмет порталының мәлiметiнше, әуе сапарлары кешіккенде, кейінге шегерілгенде жолаушыларға өтемақылар төленуге тиiс. "ҚР әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" заңының 86-бабында рейстен бас тартылған немесе ол кідірген кезде тасымалдаушының жолаушы алдындағы жауапкершілігі көзделген. Атап айтқанда, авиакомпания кінәсінен рейс орындалмаса, кідіртілсе, әуе кемесі кеш келсе, тасымалдау маршруты өзгерсе, тасымалдаушы жолаушылар үшін әуежайда, жөнелту пункттері мен аралық пункттерде мынадай қызметтердi ұйымдастыруға мiндеттi:

  1. 7 жасқа дейінгі баласы бар жолаушыға (егер ғимаратта бар болса) ана мен бала бөлмесін ұсыну;
  2. Рейстің жөнелтілуін күту 2 сағаттан асса, ұзақтығы 5 минуттан аспайтын 2 рет телефонмен қоңырау шалу, оның ішінде халықаралық байланыс желісі бойынша қоңырау соғу немесе электрондық почта арқылы екі хабарлама жіберу;
  3. Рейстің жөнелтілуін 2 сағаттан артық күткенде салқындатылған сусындармен қамту;
  1. Күту 4 сағаттан асса: күндізгі уақытта – әрбір 6 сағат сайын; түнгі уақытта – әрбір 8 сағат сайын ыстық тамақпен қамтамасыз ету;
  2. Рейстiң кешiгуi күндізгі уақытта 8 сағаттан аса, түнгі уақытта 6 сағаттан асса, тасымалдаушы ұсынған қонақ үйге орналастыру;
  3. Тасымалдаушы ұсынған көлікпен әуежайдан қонақүйге дейін және кері қарай жеткізу қызметтері ұйымдастырылуға тиiс.

Осы көрсетілген қызметтер жолаушылардан қосымша ақы алынбай көрсетіледі.

Тасымалдаушының кінәсінен рейс орындалмаса (отмена) немесе 10 сағаттан асатын уақытқа кідіртілсе, жолаушының қалауы бойынша, тасымалдаушы:

  1. Жолаушыны билетте көрсетiлген баратын жеріне ең жақын арада ұшатын рейспен тасымалдауға тиiс;
  2. Жолаушыға билеттiң толық құнын қайтаруға мiндеттi.
  3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген талаптарды бұзуға жол берген тасымалдаушылар Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне сәйкес жаза тартады.

Форс-мажор жағдайларды қоспағанда, авиакомпанияның кiнәсiнен жолаушыны тасымалдау кiдiртiлсе, компания жолаушыға әрбiр кiдiртiлген сағат үшiн билет құнының 3%-ы мөлшерiнде айыппұл төлейдi. Айыппұл сомасы билет құнынан аспауы қажет.

Әйткенмен, заң талаптары сақтала бермейдi. Тасымалдаушылар түрлi сылтау айтып, заңда бекiтiлген көмектi ұсынбайды. Қазақстандық журналист Дмитрий Шишкиннiң айтуынша, бұл көбiне қоңырау соққан жолаушыларға авиакомпаниялардың СММ-менеджерлерiнiң дөрекi жауап берiп, ұрсысуымен ғана тынады. Өтемақы үшiн соттасатын жолаушылар некен-саяқ.

Кәсiпкер Эмина Кужамуратованың пiкiрiнше, қазақстандық авиатасымалдаушыларының қызметiн пайдаланған Қазақстан азаматтары мен қонақтары жиi қиындыққа жолығатын болды.

"Мысалы, былтырғы 21 қазанда рейс 15 сағатқа кешiктi. Салдарынан, шетелдiк транзиттiк жолаушылар Алматы–Ақтау–Кутаиси бағытындағы FlyArystan ұшағына отыра алмай қалды. Бұл ретте 20 минут қалған болатын. Тасымалдаушылар 40 минут бұрын келудi талап ететiнi мәлiм. Содан авиакомпания қызметкерi Татьяна бортпен байланысқа шықты, олар рация арқылы ұшақтың толық екенiн хабарлады. Осылайша, соңында жүгiре жеткен 2 жолаушы отыра алмай қалды. Компания өкiлi рейс жабдықталып болғанын алға тартты. Сонда бұлар шетелдегiдей бiр орынға екi билеттен сатуды жолға қойған ба?", – дейдi ол.

Шолпан Есмағамбетова да ұқсас жағдайға тап болғанын жеткiздi.

"Бұлар әбден басынып алды. Егер авиакомпания кесiрiнен рейс кешiксе, еш өтемақы төлемейдi, еш жаза тартпайды. Ал жолаушыны жазалауға бейiм тұрады. Fly Arystan менi 4 минутқа кешiктiңiз деп кiргiзбей қойды. Бiрақ мен ұшуға дейiн 1,5 сағат бұрын әуежайда болдым. Компания өкiлiнiң түсiндiруiнше, кешiккендiктен, мен өзiм ұшаққа отырып, ұшып кете аламын, алайда багажым қалып қояды. Бiрақ шабаданымда құнды заттарым бар ғой. Амалсыз, SCAT-қа жаңа авиабилет сатып алуға тура келдi. Бұлар әлдебiр схеманы жолға қойып алған", – дейдi ол.

Мұндай оқиғалар жетерлiк. Флай Арыстан "маршрутты оңтайландыруға байланысты КС 7176 Aktau – Almaty рейсi 31.10.21 жылғы 22:50-ден 01.11.2021 жылғы сағат 06:40-қа ауыстырылады" деген хабарлама жолдайды. Алайда бұл хабарламаны транзиттiк жолаушылардың көбi алмаған. Салдарынан олар жағдайдан еш хабарсыз болып, тағы 8 сағат бойы Алматыға сапарын күткен. Олар Ақтау әуежайында жалпы көлемi 22 сағатын өткiзуге мәжбүр болған. Бiр тәулiкке жуық уақыт бойы не тамақтандырылмаған, не жатын орын ұсынылмаған. Не жуына алмаған. Тiптi бөтелкеленген қарапайым су да үлестiрiлмептi. Осыдан соң туризмдi дамыту, саяхатшылар арасында Қазақстанның жағымды бейнесiн қалыптастыру туралы қалай сөз қозғауға болады?

Билiк не дейдi?

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлiгi ұшақтағы бiр орынға екi билеттен сатылуы мүмкiн деген жорамалды жоққа шығарды.

Бұған Қазақстанда тыйым салынған екен: Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 30 сәуірдегі №540 бұйрығымен бекiтiлген Жолаушыларды, багажды және жүктерді әуе көлігімен тасымалдау қағидаларының 5-бөлiмiне сәйкес, "Сатылған билет саны әуе кемесіндегі іс жүзіндегі жолаушылар орнынан артық болмайды".

"Осыған байланысты министрлiк мән-жайды анықтады. "Fly Arystan" түсiндiруiнше, 2021 жылғы 22 қазандағы Ақтау–Кутаиси рейсi 180 орындық "Airbus-320" ұшағымен орындалған. Ол ұшақпен 72 жолаушы ұшып кеткен. Тиiсiнше, 108 бос орын болды. Аталған қағидалардың 12-бөлiмi бойынша тiркеу рәсiмдерiн орындау үшiн жолаушы әуежайға әуе кемесі ұшқанға дейін 40 минуттан бұрын кешiкпей келуi шарт. Егер жолаушы тiркеуге белгiленген мерзiмде келмесе, онда авиакомпания оған бөлiнген орынды жояды. "Ақтау халықаралық әуежайының" ақпаратына жүгiнсек, аталған рейске тiркеу ұшуға 40 минут қалғанда аяқталған. Ал сөз болып отырған 2 жолаушы тiркеуге ұшуға 20 минут қалғанда келген. Тiркеуге уақытында келмегенi үшiн олардың орны жойылды", – деп мәлiмдедi ИИДМ.

Министрлiк Ақтаудан Алматыға бет алған рейстiң кешiгуiне қатысты да биыл қызметтiк тексеру жүргiзiптi.  

"Тексеру қорытындысында анықталғандай, Ақтау–Алматы маршруты бойынша КС7176 рейсiнiң ұшу кестесi 2021 жылғы 31 қазан күнгi 22:50-ден 1 қарашадағы 06:40-қа ауыстырылған. Авиакомпанияның ақпаратынша, ол туралы барлық жолаушылар брондау кезiнде көрсетiлген нөмiрлерiне sms-хабарлама жiберу арқылы құлағдар етiлген. Аталған жағдайда КС7176 рейсiнiң кестесiне өзгерiс енгiзiлдi, ал бұл рейстi кiдiрту, кешiктiру болып табылмайды. Осыған байланысты салқылдатылған сусын, ыстық тамақ, қонақүйдегi жатын орын ұсынылмаған", – деп түсiндiрдi индустрия министрлiгi.  

Air Astana авиакомпаниясының жердегi қызмет көрсету жөнiндегi вице-президентi Александр Небоганың түсiндiруiнше, пандемия аясында карантиндiк шектеулердiң жойылуына және жазғы навигация кезеңiнiң басталуына байланысты жолаушылар ағыны күрт өскен. Бұған авиакомпаниялар да, әуежайлар да дайын болмай шықты: персоналдың тапшылығы, халықаралық әуежаларда операциялық қуаттылықтар мен құрал-жабдықтардың жетiспеушiлiгi проблемасы ушыққан.

Соның кесiрiнен, барлық авиакомпанияларда әсресе, техникалық себептермен рейстерiнiң кешiгуi оқиғалары көбейе беруi мүмкiн.  

Авиакомпаниялар бiрiншi орында ұшу қауiпсiздiгi тұрғанын, сондықтан сапарға тек ұшуға толық дайын ұшақтар ғана шығарылатынын жеткiздi. Ал олардың саны көп емес. Сол себептi осы факторлардың бәрi кiдiрiстерге соқтырады. Осы орайда әрбiр жолаушының өз құқығын бiлгенi және соны сақтауды талап ете алғаны маңызды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу