Қазақстанда балабақша ашу қаншаға түседі?

6981

Мектепке дейінгі білім саласында жан-жақты реформалар басталды.

Қазақстанда балабақша ашу қаншаға түседі?

Бұрынғы билік бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбиемен 100% қамту міндетін қойып, талап, шектеулерді жойып, бұл саланы бетімен жіберді. Әрине, міндет үдесінен шыға алмады. 

Ресми статистика бойынша, бүгінде 2-6 жас аралығындағы балдырғандардың тек 88%-дайы ғана балабақшалармен және миниорталықтармен қамтылған.

Сонымен бірге саланы былық басты. Ауыл-аймақ түгіл, тіпті елорданың өзінде ескі қала ортасында, "Жастар" шағын ауданындағы жеке секторда екі қабатты қарапайым гараж балабақшаға айналдырылған. Сондай-ақ көппәтерлі үйдің жоғарғы қабаттарында балабақшалар ашылды. Олардың балалар ойнайтын, жете жабдықталған, дуалмен қоршалған төл ойын алаңдары жоқ. Сондықтан тәрбиешілер осы мақсатта тұрғын үй кешенінің ортақ ауласын пайдаланып жүрді.

Мұндай сорақылықтарды кез келген ауыл-қаладан табуға болады. Бұл масқараға алда тосқауыл қойылмақ. Биылғы 14 шілдеде өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қ.Тоқаев 2011 жылы Елбасы тоқтатқан "балабақшалардың лицензия бойынша жұмыс істеу тәртібін" қайта енгізуді жүктеді.

Бұдан бұрын, былтыр 2011 жылы лицензиялаумен қоса жойылған мемлекеттік аттестация жүйесі қайтарылған болатын.

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтың мәліметінше, қолданыстағы барлық балабақшалардың 80%-ы аттестаттау сынағынан өте алмады. Осылайша, министрлік "саланың жағдайы сын көтермейтін нашар күйде екенін және бұзушылықтар қаптап кеткенін нақты фактілерден көре алыпты".

Аттестаттаудан сүрінген балабақшаларға, миниорталықтарға әшкереленген бұзушылықтарды жойып, жете жабдықталуға уақыт берілген. Сапалы, лайықты жұмыс жүргізбегендері, олқылықты толтыруға шара қабылдамағандары жабылып тынған. Бірақ аттестация ахуалды түзете алмапты. Неге?

"Бұзушылықтардан арылмаған балабақшалар қағаз жүзінде жабылған. Алайда артынша дәл сол ғимаратта, дәл сол проблемаларымен, тек басқа маңдайшамен қайта ашылған. Дым болмағандай жұмысын жалғастырған. Өйткені балабақша ашу үшін лицензия алу, тіпті рұқсат сұрау қажет емес. Жергілікті білім бөліміне жай ғана хабарлама жолдаса, жеткілікті. Содан шартты түрде алсақ, бұрын "Звездочка" болса, енді ол "Жұлдызға" айналып шыға келеді. Одан ақыр соңында балалар зардап шегеді", – деді министр Асхат Аймағамбетов.

Енді жаңа заң қабылданса, жаңадан ашылатын балабақшаларға келер жылдан бастап, лицензия алуға, талаптарға сәйкес келетінін дәлелдеуге тура келеді. Ал қолданыстағы, жұмыс істеп тұрған балабақшалар қызметі кезең-кезеңмен лицензияланады.

Бұл ретте бұзушылықтар анықталған 80% санатындағылар тәуекелді топқа енгізіледі: олар бірінші кезекте лицензиялаудан өтуге тиіс болады. Ал проблемалары жоқ балабақшалар сынақтан көп кейін өтеді. Нәтижесінде, бірнеше жыл ішінде мектепке дейінгі барлық білім беру ұйымдары лицензия алып, білім мен тәрбие сапасын қамтамасыз етеді.

Zakon.kz журналисті: "Бұл жекеменшік балабақшалардың жаппай жабылуына соқтырмай ма?" деп сұрады.

"Жоқ, әрине. Бұл шартты түрде алғанда 20 шаршы метрде, терезесі және желдетуі жоқ жертөледе 15 баланы тәрбиелеп отырған бірқатар нашар балабақшалардың ғана жабылуына әкеледі. Оларда тәрбиешілер де жоқ, мысалы, медбике немесе шаруашылық жұмысшысы тәрбиеші мен бала күтушіні ауыстыра салады немесе бір топқа 70 баланы алып, олармен жалғыз тәрбиеші жұмыс істейтін балабақшалар бар. Біз де балалардың балабақшамен толық қамтылуына мүдделіміз, сондықтан тегіс жабу болмайды", – деп сендірді министр А.Аймағамбетов.

Жалпы жекеменшік балабақшалардың қожайындары жаңа реформаға үнсіз көнген сыңай танытып отыр. Мысалы, ArtSport қатысушылары – қосымша тәрбие мен білім бері ұйымдары, үйірмелер мен секциялар сияқты жаппай бас көтермеді, ақпарат құралдарын жимады, елді дүрліктірмеді. Сонда олар министрліктің өзгерістері өздеріне игілік әкеледі деп күте ме?

Елордалық танымал балабақшалардың бірінің иесі Гүлнар Ілиясова өздерінің мемлекеттік аттестаттаудан өткенін хабарлады.

"Басқалар үшін жауап бере алмаймын, ал мен лицензиялауға қарсы емеспін. Себебі дамыған елдердің бәрінде мектепке дейінгі білім беру жүйесі лицензияланады. Біз Швеция, Дания, Испанияда болып, солардың тәжерибесін игердік, олардың бұл жүйесі әлемдегі үздігі саналады. Бізге қазір балалар ұсыным-рекомендациямен келеді. Ал лицензиямыз болса, ол да беделімізді бекемдей түседі. Біз ата-аналардың үмітін ақтауға тырысамыз. Барлық бөлмелер балалардың бір мезгілде көңіл көтеруі, ойнауы, жасына шақ түрлі білімді игеруі үшін жабдықталған. Өзге балабақшаларда топтар өз бөлмесіне қуып тығылады, тек ас ішуге шығарылады. Бізде балалар өзі қалаған ойын-білім бөлмесіне өте береді. Тек тәртіп сақтап, тәрбиелілік көрсетсе болғаны", – деді ол.

Оның айтуынша, Қазақстандағы балабақшалардың көбі сол бойы кеңестік үлгіден арыла алмады. Ас орнына түйдектелген быламық, жылы шырай орнына зіркілдеуге құмар тәрбиеші, көбі сынған ескі ойыншықтар. Оның ешқайсысы баланың шығармашылық әлеуетін ашуға, жасампаздық танытуына, дара тұлға болып тәрбиеленуіне мүмкіндік бермейді.

Жалпы мұндай үлгілі балабақшаны ашу қаншаға түседі? Гүлнар Ілиясова өздерінің жолы болғанын, он жылдай бұрын ірі инвестор оны салуға 2 миллиард теңге бөлгенін мәлім етті. Бұл сома жаңа, арнайы ғимаратты салуға, оны шетелдік үздік балабақшалар үлгісінде жабдықтауға, шетелден Блум жүйесі бойынша дарындылықты ұштау және даму бағдарламаларын енгізуге және басқа шығындарға жеткенін айтады.

"Бұл әрине, девальвацияларға дейінгі баға. Меніңше, елордада жақсы балабақша ашу үшін 600 мың доллардай қаражатың болғаны жөн. Бұл тек старттық қаржы. Елордада 400 мың долларға, 200 миллион теңгеге жеке тұрған еңселі коттеджді сатып алуға болады. Жабдықтау және басқа шығындарына кем дегенде 200 мың доллар кетуі ықтимал. Әрі қарай персоналға, азық-түлікке, коммуналдық шығындарға және басқасына қаржы қажет болады. Білім бөлімінің талабы бойынша қазір балабақша бейнебақылаумен жарақтандырылуы шарт, оның да шығынын қосыңыз. Өзге шығыны аз емес. Мысалы, бір интерактивті тақтаның өзі 2 миллион теңдедей тұрады, ал балабақшада ол жиі сынады. Сол себепті балабақшалардың көбі ғимаратты сатып алмайды, жалға не ипотекаға алады", – деді ол.

Егер қарапайым халыққа арналған ортанқол балабақша ашу қажет болса, ғимаратты жалға алса, не төл үйжайы болса, онда бастау үшін ең кемі 30-40 миллион теңге қажет болуы мүмкін. Кейбір балабақшалар тез сынатын ойыншықтарды жаңартуға шығындалмау үшін балалардан ойыншықтарды үйлерінен әкелуді сұрайтыны белгілі.

Балабақшаның өзін-өзі ақтауы да оған салынған инвестицияға байланысты болады. Негізі, элиталысын қоспағанда, елордада қатардағы балабақшаларда бір бала орнының құны орта есеппен 30-40 мың теңге тұратын көрінеді. Балабақшалар халық тұрмысының төмендігін ескеріп, төлемді 35-45 теңге көлемінде ұстауға тырысады. Қалған табысты қосымша ақылы қызметтер көрсету арқылы табады немесе әр бағыттан үнемдеуге тырысады. Әсіресе, жазда қиналуы мүмкін. Көптеген балабақша ата-аналарда бір ай каникул алуға, сол ай үшін төлемеуге рұқсат етеді. Балалардың көбі жазда ауылға, не шетелге демалысқа кетеді. Ал балабақша кредитін еш каникулсыз төлеуі керек.

Балабақшалардың өзіне салынған инвестицияны өтеуі түрлі факторға байланысты болады. Мысалы, перзентін сеніп тапсырған ата-аналар ауқатты болса, риза болса, ай сайынғы қымбат төлемін төлеу сыртында, ақшалай, тауармен меценаттық-демеушілік жасауы да мүмкін. Алайда ашқан балабақшасы табыс түсірмей, қарызға батқан, еңбекақысын төлей алмай жұмысшылары сотқа сүйреген, тіпті отырып келген бизнесмендер де бар көрінеді.

Оның үстіне аттестаттау және лицензиялау талаптарды жоғарылатып, балабақша ашу шығынын шығандатқалы тұр.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу