Қазақстанда бизнестің тұтас бір түрі жойылғалы тұр

4946

Ірі қалалардың өзінде компьютерлік клубты немесе интернет кафені табу қиынға айналды. Оларға құзырлы органдар, қоғамдық ұйымдар қырғидай тиіп, қудалап жатыр.

Қазақстанда бизнестің тұтас бір түрі жойылғалы тұр Фото: yandex.kz

Талдықорғандық кәсіпкер, ZION компьютерлік клуб желісінің басшысы Тимур Астамировтың айтуынша, ХХI ғасырдың басында дамудың шырқау шегіне жеткен бұл индустрия ақыры пандемия кезінде тоқырады.

"2020 жылдың наурызында әлемде және елде коронавирус инфекциясының пандемиясы басталғанда, билік ең алдымен барлық компьютерлік клубтарға жұмыс істеуге тыйым салды. Карантин кезінде біздің жұмыс істеуімізге рұқсат етпеді, өзге кәсіпорындар Ashyq қосымшасына қосылып, шетінен, жаппай ашылып жатты. Аққұла бізге ғана ешқандай жеңілдік жасамай қойды. Неге олай істегені әлі күнге жұмбақ. Біз тіпті ең құрыса отыру орындарының 50%-ын ғана толтырып, ісімізді жалғастыруды сұрадық. Бір де бір орынға клиент отырғызуға рұқсат бермеді. Бұл ретте бірде бір компьютерлік клубтан індет табылмады, карантин ошағы деп танылмады. Барлық бизнес түрі арасынан неге бізді ғана кемсіткені түсініксіз", – дейді кәсіпкер.

Ақыр соңында биылғы жыл басында барлық шектеулер жойылғанда, ұзақ уақыт жабық тұрған компьютерлік клубтар мен интернет кафелердің басым көпшілігі сол бойы ашылмады. Банкрот болды.

Әрине, бұл микробизнес экономиканың локомотиві болып табылмайды. Бірақ ол қарапайым халық үшін ең қолжетімді бизнес саналатын. Сол арқылы нәпақа тауып, несиесін өтеді, жұмыс орындарын ашты.

Қарағанды тұрғыны Ерлан Әубәкір Павлодар қаласында 2020 жылдың қаңтарында компьютерлік клуб ашты. Алда алапат індет пен карантин келе жатқанын кім білген?

"Менің жоспарым үлкен болды. Алдымен Павлодарда ашып, ісімді дөңгелентіп алайын, содан соң бизнесімді туған қалам Қарағандыда жалғастырып, осы клубтардың желісін дамытамын деп ойладым. Бұл бизнеске банктер қолайлы кредит бермейді. Бағдарламалар аясында мемлекеттен де қолдау шамалы. Сол себепті пәтерімді және автомобилімді саттым. Ақшама көтерме бағамен қаптатып компьютер алдым. Алайда сол жылдың наурызында елде төтенше жағдай жарияланып, билік бұл бизнестің қызметін тоқтатып тастады", – деді кәсіпкер.

Салдарынан, оған клубын жауып, барлық компьютерін Қарағандыға алып кетуге тура келген. Дегенмен, өз қаласында жаңа клуб ашып, жарақтандырып, ілгерілетуге қаражаты қалмапты.

Осы бизнестің құлағын ұстаған өзге кәсіпкерлер де тұйыққа тірелді. Кейбірі компьютерлерін онлайн оқуға немесе жұмыс істеуге көшкен адамдарға, ұйымдарға жалға берді. Бірақ одан түсетін түсім мардымсыз еді.

Қазіргі кезде пандемияға қатысты еш шектеу жоқ. Демек, бұл бизнес қайтадан қанат жаюына жол ашық қой. Енді басқа қиыншылық пен кедергі белең алды. Саладағы клубтар мен кафелерді авторлық құқықты қорғаушылар шабуылдауда.

Қылмыстық кодекстің 198-бабына сәйкес, авторлық немесе сабақтас құқықтарды бұзу үшін аса қатаң жаза қарастырылған. Баптағы ең жоғарғы жаза бойынша авторлық құқықты бұзғандарға 5 мың АЕК (15,3 миллион теңге) айыппұл салынуы немесе 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазалануы мүмкін. Тіпті ірі жемқорлар да осылай жазаланбайтыны белгілі. Ал бұл құқықты бұзбау үшін не істеу керек? Оны да сауатты түсіндіретін орган жоқ көрінеді.

Орал тұрғыны Алпамыс Сабырғалиевтің айтуынша, компьютерлік клуб ашқысы келетін бизнесмен алдымен қандай да бір залды, немесе үйдің жертөлесін жалға алады. Компьютерлерді, үстелдер мен креслоларды, азық-түлік үшін тоңазытқышты және басқасын алуы қажет. Содан соң Мeloman-нан немесе басқасынан Sony Рlay Station приставкасына компьютерлік ойындарды сатып алады. Ал сол ойындардың құқық иегерлерімен қалай келісімшартқа отыруға болады?

Алпамыстың өтінішіне қайырған жауабында Әділет министрлігі: "Сіздің хатыңызда әңгіме құқық иегерлерімен келісім туралы болып отырғандықтан, сіз төл бағдарламалық қамтылымын пайдалану мәселелері бойынша тікелей Sony Interactive Entertainment Inc. компаниясына жүгінуіңіз қажет" деп жауап берген. Алайда қазір Қазақстанда да, Ресейде де бұл компанияның өкілдігі жоқ. Әрине, отандық құқық қорғаушы ұйымдардың бірімен шартқа отыруға болар. Бірақ олар жинаған жарнаны бәрібір, Sony компаниясына аудармайды.

"Мен Орал қаласындағы Әділет басқармасына, БҚО Әділет департаментіне де хат жолдап, зияткерлік меншікке қатысты түсініктеме беруді сұрадым. Олар компьютерлік клубтарда Sony Play Station ойындарын пайдалану үшін құқық иегерлерінің келісімі мен рұқсаты керектігін алға тартып, тікелей осы компаниямен не ойын авторымен келісімге отыруға кеңес берді. Содан жұмыс істеп тұрған азын-аулақ компьютерлік клубтарды аралап, әріптестерімнен әлгі компаниямен қалай келісім бекітуге болатынын сұрастырдым. Анықталғандай, олар солай жасау керектігін естімепті. Келісімдері жоқ болып шықты. Шағын бизнесімді ашқым келіп еді. Өкінішке қарай, әлдебір қағаз кесірінен оны аша алмайды екенмін", – деп күрсінеді Алпамыс.

Ол мемлекеттен осы рәсімдерді оңайлатуды сұрайды. Ол шетелдегі құқық иегерлерінің Қазақстанға келіп, әрбір компьютерлік клубты тексермейтінін біледі, бірақ заңға қайшы жұмыс істеп, басы сотқа шатылып, беделін бүлдіргісі келмейді. Ал клиенттерге қызықты болатын отандық ойындар жоқ көрінеді.

Оралдық жас кәсіпкер Арман Құспанов өзінің үстінен қозғалған қылмыстық істі негізсіз деп санап, шағымданып жүр. Ол да бірнеше жыл бұрын үй-жайды арендаға алып, сонда компьютерлік клуб ашқан екен. Онда видеоойындар сыртында, ксерокөшірме, Word-та теріп беру, принтерден басып шығару және басқа қызметтер көрсетілген. Сондай-ақ экраннан спорттық жарыстар трансляцияланған.

"Қазақстанда киберспортқа рұқсат етілген және ол спорттық ойындар тізіліміне енгізілді. Сондықтан залда киберспорттан шағын сайыстар да ұйымдастырып тұрдым. Ойындарға арналған барлық жабдықты қазақстандық дистрибьютордан ресми сатып алдым, лицензиялары бар. 2 жыл бұрын өзін әлдебір Авторлық және сабақтас құқықтарды қорғау қауымдастығының өкілімін деп таныстырған Лосевтің шағымы бойынша құқық қорғау органдары маған қатысты қылмыстық іс қозғады. Олар сау ете қалып, барлық жабдықтарымды алып кетті. Жарты жылдан астам уақыт бойы мені ғана емес, қызметкерлерімді де қоймай-қоймай тергеді. Барлық табыстарымды, қызметімді мұқият тексерді", – дейді А.Құспанов.

Ақыр соңында оның ісінен қылмыстық құрам сипатын таба алмай, істі жауыпты. Бұл шешімге прокуратура да келісіп, құптаған. Қылмыстық іс архивке жолданды.

"Биылғы 2022 жылы оқиға қайталанды. Енді клубқа БҚО экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері баса-көктей енді. Қайтадан барлық жабдықты алып кетті. Міне, екінші айдан астам уақыттан бері жеке кәсіпкерлігімнің қызметін бұғаттап отыр. Мені, бүкіл жұмыскерлерімді тергеуде. Құжаттың бәрін алып қойды. Мұның бәрі тағы да Лосевтің шағымымен жасалыпты. Оның қолында құқық иегерінен әлдебір қолхат бар екен, бірақ ол құжаттың заңдылығын тексермеген. Қылмыстық іс аясында 30 миллион теңгеден астам шығын келтірілген, соны өтеуге тиіссің дейді. Президент шағын және орта бизнесті аялау қажет деп үнемі айтады. Қаңтар оқиғаларынан соң прокуратураға кәсіпкерлердің құқығын қорғауды қадап тапсырды. Ал жергілікті жерлерде мынадай масқара болып жатыр", – деп қамығады А.Құспанов.

Жалпы, мына бір ресми деректің өзі салада не болып жатқанын аңғартқандай. Тек бір жыл ішінде құзырлы органдар авторлық және сабақтас құқықтардың бұзылуына қатысты 198-бап бойынша қозғалған істер аясында 24,6 мың жабдық пен өнімді тәркілепті. Оның ішінде 15,8 мыңы – видеоөнімі бар диск, 156 – лицензиясы жоқ бағдарламалық қамтылым. Осы салада 127 қылмыстық іс қозғалды. Әділет министрлігінің дерегінше, құқық бұзушылықтардың басым бөлігі SONY Play Station приставкаларына арналған ойындардың, "Windows" жүйесінің бағдарламалық қамтылымының заңсыз пайдаланылуымен байланысты екен. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу