Қазақстанда "бұлттарды бұрып" құрғақшылықтан құтқару технологиясы жүзеге аспады

5274

Ал мамандар биыл қардың тым аздығын ескертеді, демек былтырғыдай құрғақшылық қайталануы ғажап емес. 

Қазақстанда "бұлттарды бұрып" құрғақшылықтан құтқару технологиясы жүзеге аспады

Бұлтқа бұлар не шашпақ?

Биылғы "жаңажылдық" мерекелік күндерде жақсылап демалу үшін астаналықтар Бурабай жаққа ағылған еді. Сонда тосын жайтқа тап болдық. Бурабайда да, Щучинск қаласында да биыл қар аз түсіпті. Тиісінше, балалар тюбингпен сырғанайтын жерлер алдыңғы жылғыдан аз жасақталған, содан ұзын-сонар кезек қалыптасты. Қардың аздығы орман ішінен де байқалады. Адам не жануар оппалап қалатын жерлер жоққа тән.

"Қазгидромет" кәсіпорны "Қазақстан бойынша 2021 жылғы қараша – 2022 жылғы наурыз айларына Консультативтік маусымдық ауа райы болжамында" биылғы қыста "жауын-шашын" кем болатынын алдын ала болжаған екен.

"Желтоқсанда жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде нормадан аз, солтүстігі мен шығысында норма шамасында деп болжанады. Қаңтарда жауын-шашын мөлшері көпжылдық нормадан аз, еліміздің қиыр солтүстік-батысында, солтүстік-шығысында және Алматы облысында – норма шамасында ғана болжанады. Ақпан қыс мезгілін аяқтайды. Жауын-шашын республиканың басым бөлігінде норма шамасында, еліміздің оңтүстік-батысында, орталық Қазақстанда нормадан аз, оңтүстігі мен оңтүстік-шығысының таулы және тау бөктеріндегі аудандарында нормадан көп болады деп болжанады", – делінген құжатта.

Демек Әлихан Смайыловтың Үкіметін де биыл қуаңшылық қатал сынға салуы ықтимал. 

Осы дағдарыс қатермен қатар мүмкіндік те ұсынатынын сезген бизнесмендер шетелден бұлтты жаудыру технологияларын әкеле бастады. Соның бірі, кәсіпкер Сәбит Қашқымбаев бұл технологиялардың перспективасы зор деген пікірде.

"Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде жауын-шашын саны күрт азайып, су тапшылығы туындауда. Жыл сайын әр елді құрғақшылық қысып жатады. Мұның бәрі ауыл шаруашылығы дақындарының шығымдылығын құлдыратады, егін күйіп кетеді. Мал мен жабайы жануарға шөп, жемазық жетпей, қырылады. Осыған байланысты біздің компания Ресейдің "Орталық аэрологиялық обсерватория" федералдық мекемесінің ғалымдарымен бірлесіп, атмосфералық жауын-шашынды жасанды реттеу тәсіліне қол жеткізді. Бұл технология жекелеген бұлттардан алынатын жауын-шашынды 100%-ға дейін арттырады. Үлкен территорияларда маусымдық сирек бұлт қабаттарынан жауатын жауынды 20-30%-ға дейін ұлғайтады", – дейді кәсіпкер.

Әдетте Ресейде бұлттарды "қуу" немесе белгілі бір жерге жаудыру үшін қабаттық-жаңбырлы бұлттарға – сұйық азотты қолданады. Ал жоғары шоғырланған түйдек бұлттарға қарапайым цементті шашады.

Сондықтан экологтер оның табиғатқа зияны болуы мүмкіндігін айтып жүр. Ал мына технологияда аспаннан "пиротехникалық құрауыштар" шашылатын көрінеді.

"Бұл жұмыстар ұшақпен орындалады. Сол арқылы ауыл шаруашылығы дақылдары өсірілетін аудандарда жауын-шашын түзетін бұлттарға қарсы "жоғарғы мұз қалыптастырушы белсенділігі бар" пиротехникалық құрауыштар қолданылады. Оның ықпал ету тиімділігі жоғары. Өйткені жаудырылатын бұлттар белгілі бір критерийлер бойынша қатаң іріктеледі. Бұл ретте сондай-ақ нақты бір аумақтағы нақты ауа-райы жағдайлары, бұлттану параметрлері ескеріледі. Соған сай "себу" (засев) нормалары мен схемалары таңдап алынады", – деді С. Қашқымбаев.

Оның дерегінше, осы технологияны қолдану арқасында жауын-шашынның артатынын Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның ұсынымдары негізінде орындалған көпжылғы ғылыми сынақтардың нәтижелері дәлелдепті.

Кәсіпкердің байламынша, шетелдік технологияларға қарағанда ресейлік баламасының шығыны аздау. Шығыны мен пайдасының ең төменгі ара-қатысы 1:3-тен 1:5-ке дейін барады екен. Яғни салған қаражатты үш-бес есе өтейді-мыс.

Мұны тексеру мүмкін емес. Себебі Ауыл шаруашылығы министрлігі мұндай технологияларды қаржыландыруға ынта-ықылас танытпады. Кәсіпкерлер АШМ-нің сырғытпа жауаппен жалтара салатынын айтады. Бәлкім, жағдай өзгеріп, биыл қуаңшылық болмайтын шығар деп үміттенетін болса керек.

Билік не дейді?

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Қазақстанның бұл технологиядан мүлдем бас тартпайтынын айтады. Бірақ АШМ бюджетінде оны қаржыландыру қарастырылмаған.

"Ауыл шаруашылығы өндірісі үшін жауын-шашын деңгейін реттеу мәселесі бүгінгі таңда біз үшін өзекті саналады. Ауыл шаруашылығы секторы нақты, дәл, сенімді, әрі уақытылы метеорологиялық ақпаратқа зәру. Бұл агротехникалық жұмыстарды жоспарлау және күнделікті шешім қабылдау үшін қажет. Сонымен бірге дақылдарды өсіру және жақсы егін алу үшін топырақтағы ылғал деңгейі маңызды рөл атқарады. Бірақ сөз болып отырған "жасанды жауын жаудыру" қызметтерін пайдалануды елде ендіру үшін шетелдік емес, республикамыздың бейінді ғылыми-зерттеу ұйымдарында ғылыми-өндірістік сынақтар жүргізілуі керек", – деді АШМ басшысы. 

Оның айтуынша, "Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы" заңы бойынша қазір "өңірдің агроөнеркәсіптiк кешен саласында инновациялық тәжiрибенi тарату және енгізу жөнiндегі іс-шараларды әзірлеу және іске асыру" облыс әкімдіктеріне жүктелген.

Сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару заңнамасына сәйкес, өз өңірінде кәсіпкерлік қызмет пен инвестициялық климатты дамытуға да, аграрлық сектордың ұтымды және тиімді жұмысын жолға қоюға да солар жауапты.

"Сол себепті кәсіпкерлерге мұндай қызметтерді кең пайдалану ісін аграршылар арасында танымал ету үшін жергілікті әкімдіктермен ынтымақтастық орнатуға кеңес береміз. Сондай-ақ нарығымызға тиімділігі жоғары, инновациялық әзірлемелерді, озық технологиялар мен ноу-хауды ілгерілету үшін "Агротехнологияларды трансферттеу және коммерцияландыру орталығы" ЖШС жұмыс істейді", – деді министр.

Қалай болғанда, бұлтты жасанды түрде жаудыру технологияларының қауіпсіздігі де жете зерттелмегені жасырын емес. Мысалы, Біріккен Араб Әмірліктерінде былтыр жасанды жаңбырлар алапат тасқынға соқтырды. Жергілікті SANAD академиясының ғалымдары Ұлыбританияның Рединг университетіндегі әріптестерімен бірлесіп, арнайы дрондар көмегімен, ешқандай химиялық қоспа қолданбай, электр зарядтары күшімен жасанды жауын жауғызу бойынша сынақ жүргізді. Эксперимент бақылаудан шығып кетті де, оның соңы жолдарды бұзып, көпірлерді шайып, көшелерде көліктерді ағызып әкеткен ғаламат тасқынға ұласты. Бұл технология сондай-ақ қатты дауыл жел туғызған. Қуатты селдің салдарларын ғаламтордағы бейнероликтерден көруге болады.

Жанат Ардақ