Қазақстанда бюджеттік кредиттің жаңа түрі пайда болады

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
18219

Бірақ ол әзірге тек жамбылдықтарға ғана беріледі деп жоспарлануда. 

Қазақстанда бюджеттік кредиттің жаңа түрі пайда болады

Өйткені жаңа жоба алдымен осы өңірде сынақтан өткізілмек.

Ол жоба – "Жамбыл облысы халқының табысын ауқымды және тиімді арттыру жөніндегі жоба" деп аталады.

Бұл жаңа кредит пен микрокредиттерді ауылда банктер де емес, "ҚазАгро" да емес, "Даму" қоры да емес, басқа ұйым береді.

"Жамбыл облысы халқының табысын ауқымды және тиімді арттыру жөніндегі жоба шеңберінде кредиттер мен микрокредиттер мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган немесе бюджеттік бағдарлама әкімшісі айқындайтын сенім білдірілген өкіл, яғни агент арқылы беріледі", – делінген Үкіметтің түсіндірме жазбасында.

Жамбыл өңіріне арналған жоба аясында бюджеттік кредит қарапайым тілмен айтқанда, "су тегінге" – жылдық 0,01% сыйақы мөлшерлемесімен 10 жылға берілмек. Ол қарыз қаржыға жамбылдықтардың қымбат зат алуына, той жасауына, шетелге қыдыруына және басқалай бостекі шығындауына тыйым салынады. Тек бизнес ашуы керек. Ең құрығанда, екі сиыр алғаны жөн.

Бұл ретте негізгі борышты өтеу бойынша жеңілдікті кезең беріледі, бірақ ол мерзім "бюджеттік кредит мерзімі ұзақтығының үштен бірінен аспауға тиіс". Яғни, он жылға алса, 3 жыл бойы борышын тек там-тұмдап, әлі жеткенше ғана төлеуіне рұқсат етіледі деп күтілуде.

Мемлекет таңдайтын агент-ұйым кредиттер мен микрокредиттерді ұзаққа созбай, жарты жыл ішінде таратып шығуы шарт: "бюджеттік кредитті игеру кезеңі 6 айды құрайды және жергілікті атқарушы ұйым бюджеттік кредитті аударған сәттен бастап есептеледі".

Бұл – бюджеттік кредит дегені. Оның сыртында "Жамбыл облысы халқының табысын ауқымды және тиімді арттыру жөніндегі жоба шеңберінде берілетін кредиттер мен микрокредиттер" дегені де бар.

Олардың құны қымбатырақ, бірақ басқа өңірдегі қазақтар үшін бәрібір арман тәрізді.

"Аталған кредиттер мен микрокредитті беру мерзімі – 5 жылға дейін, мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар үшін – 7 жылға дейін. Кредиттің және микрокредиттің ең жоғары сомасы Қазақстанның қолданыстағы заңнамаларына сәйкес айқындалады. Жылдық номиналды сыйақы ставкасы 2,5%-дан аспайды", – делінген "Еңбек" бағдарламасына енгізілгелі отырған өзгерістер жобасында.

Осы кредиттер мен микрокредиттерді беру тәртібі, сондай-ақ бюджеттік кредиттің негізгі талаптары, түпкі қарыз алушы үшін кредит бойынша қойылатын талаптар, қарыз алушылардың санаты, қарыздардың мерзімдері мен сомалары кредитордың шешімімен белгіленеді және бюджеттік кредит шартында көрсетіледі.

Несиелердің кімдерге берілетінін, яғни түпкі қарыз алушыларды әлгі агент анықтайды.

Өз кезегінде агенттің кредиттік өнімі бағдарламаның талаптары мен шарттарына сәйкес келуі тиіс.

Агентке сыйақы алуына рұқсат етіледі. Ол сондай-ақ бағдарламаға қатысушының өз міндеттемелерін бұзуы себебінен алынатын комиссияларды, алымдарды және өзге де төлемдерді өзінде қалдыра алады.

"Агентке бағдарламаға қатысушылардан бұдан басқа кредитке, микрокредитке байланысты қандай да бір комиссияларды, алымдарды немесе өзге де төлемдерді алуына тыйым салынады", – делінген құжатта.

Экономист Жәнібек Хасан қазақстандықтарды кредитке батырып жатқанына алаңдаушылық білдіреді.

"Көбісі келісімге қол қойып, қаржының қолға тиюін басты мақсат тұтады. Содан кейін төлем жайын ұмытып кетуге де болады деп санайды. Шынында, тек төлем ғана жақсылыққа жеткізбек. Өз бизнесін қарызға ашқысы келетіндерде де,әу, бастан, осындай көзқарас болғаны жөн. Кредит алмас бұрын, әр адам өз әлеуетін, өз шығыстарын зерделеуі қажет. Бұл үшін сауат ашу керек", – дейді ол.  

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов жеңіл несиелер басқа да өңірлерде берілетінін айтады, бірақ әзірге шектеулі санатқа ғана. 

"Президенттің көпбалалы аналарды ұсақ және шағын бизнеске тарту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында да "Еңбек" нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік бағдарламасына түзетулер енгізіледі. Біз микрокредиттер беру шарттарын қайта қараймыз. Жаңа бизнестің тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында көпбалалы отбасылардың жобалары үшін микрокредит беру мерзімін ұлғайту ұсынылады. Кредитті өтеу бойынша қаржылық жүктемені төмендету үшін номиналды сыйақы мөлшерлемесін төмендетуді ұсынамыз. Әйтпесе, қолданыстағы схема бойынша 6%", – дейді Біржан Нұрымбетов.

Бұдан бөлек, кепілге қояр мүлкі де, жоғары табысы да жоқ көпбалалы отбасыларға мемлекеттік гранттар берілмек. Ол грант өтеусіз және қайтарымсыз негізде 200 айлық есептік көрсеткіш немесе 505 мың теңге мөлшерінде болады. Бұл оларға бастапқы кезеңде "қарапайым бизнеспен" айналысуға мүмкіндік береді.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу