Қазақстанда да онлайн платформалар бұғатталуы мүмкін

151

"Google салығының" тәртібіне бағынбау соған соқтырады.

Қазақстанда да онлайн платформалар бұғатталуы мүмкін Фото: canva

Қазақстанның цифрлық кеңістігін үлкен дүрбелең күтіп тұрғандай. Кеше ғана шексіз еркіндіктің мекені саналған интернет-ресурстар енді қатаң салықтық қалыпқа түсіріледі. Егер жаһандық алпауыттар "Google салығынан" жалтарса, ертең олардың Қазнеттегі есігіне қара құлып салынуы әбден мүмкін.

Республикада салық төлеуден жалтаратын немесе тіркеуден өтпеген шетелдік маркетплейстердің интернет-ресурстары, сондай-ақ онлайн-платформалар бұғаттала бастайды. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады.

Тәртіпке бағынған бұғатталмайды

2022 жылдан бастап Қазақстан Орталық Азияда алғашқылардың бірі болып "Google салығын" енгізді. Бұл – шетелдік интернет-компаниялар үшін қосылған құн салығы (ҚҚС).

Содан бері цифрлық қызметтерге салынатын салық табысты қолданылып келеді. Google tax енгізілген сәттен бастап 120 шетелдік компания Қазақстанда тіркелді.

Бюджетке түскен түсімдердің жалпы сомасы 136 млрд теңгені құрады, оның ішінде:

2025 жылы – 57,6 млрд теңге;

2026 жылдың қаңтарында – 8,7 млрд теңге.

Аталған шара цифрлық экономиканың ірі жаһандық ойыншыларын салықтық өріске оралтуға мүмкіндік берді. 2025 жылы 22 жаңа шетелдік компания тіркеуден өтті, бұл салықтық әкімшілендірудің қамту аймағының артып келе жатқанын көрсетеді. Тізімде кімдер жоқ дейсіз?

  • Chess.com – шахмат ойнауға арналған халықаралық онлайн-платформа;
  • OpenAI, L.L.C. – адамзат ақылын алмастырмақшы болған, жасанды интеллект қызметі ChatGPT-тің әзірлеушісі және иесі;
  • Canva Pty Ltd. – графикалық дизайнға арналған халықаралық онлайн-платформа;
  • Окко – ресейлік онлайн-телебағдарламалар мен кино сервисі және өзгесі бар.

Цифрлық алпауыттардың салықтық есепке тұруы – мемлекеттік егемендіктің виртуалды кеңістіктегі алғашқы жеңісі, етегін жауып, есігін қымтауы. Алайда, бұл тек экономикалық көрсеткіш емес, жаһандық ойыншылардың біздің заңды мойындауының символдық көрінісі.

"Заң мен тәртіптің" құрығы – ұзын

2026 жылдан бастап талап тіптен күшейтіледі, осы мақсатта жаңа шаралар қабылдануда. Жаңа Салық кодексіне сәйкес, екінші деңгейлі банктер мен төлем ұйымдары шартты тіркеуден өткен шетелдік компаниялардың операциялары туралы мәліметті құзырлы органдарға тұрақты түрде хабарлайды. Бұл мәліметтер Қазақстан аумағында жеке тұлғаларға тауарларды электрондық сауда арқылы сату және электрондық нысанда қызмет көрсету кезінде салық міндеттемелерінің толық әрі уақтылы орындалуын талдау үшін пайдаланылады.

Екінші деңгейлі банктердің, төлем ұйымдарының мәліметтерін және шетелдік компаниялар төлеген ҚҚС сомалары туралы деректерді салыстыру нәтижелері бойынша мемлекеттік кірістер органдары камералдық бақылау жүргізеді.

Салықтық тәртіпті күшейту және адал салық төлеушілердің мүдделерін қорғау үшін 2026 жылғы 1 қаңтарынан мына жаңа шаралар енгізілді:

  • ҚҚС төлеуден жалтаратын немесе шартты тіркеу міндетін орындамаған шетелдік интернет-компаниялар Қазақстан аумағында бұғатталуға жатады;
  • мұндай компаниялардың тізбесін уәкілетті орган қалыптастырып, пайдаланушылар мен нарық қатысушылары үшін ресми интернет-ресурста қолжетімді болады.

Яғни, бұғатталғандардың "қара тізімі" жұртқа ашық жарияланады. Ақпараттық заманда "бұғаттау" – ең ауыр үкім. Мемлекет салық жинаудың соңғы аргументі ретінде "өшіру түймесін" қолдануға бел буып отыр. Бұл – салықтық тәртіпті күшейтудің тиімді, бірақ кесірі де бар өткір құрал. Мұнда абайлап жүріп анық басқан, көршінің теріс тәжірибесін де ескеріп, оның қателігін қайталамаған абзал.

Мемлекеттік кірістер комитетінің түсіндіруінше, бұл шараларды қабылдау әділ бәсекелестік ортаны қалыптастыруға, бизнесті жүргізудің тең жағдайларын қамтамасыз етуге және Қазақстанның цифрлық экономикасын одан әрі дамытуға бағытталған.

"Төлемеу не толық төлемеу фактілері анықталса, камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған сәйкессіздіктер туралы хабарлама түзіледі. Салық кодексінің 89-бабына сәйкес, биыл камералдық бақылау нәтижелері бойынша хабарламалар, сондай-ақ ҚҚС төлеуші ретінде тіркеу есебіне қою туралы хабарламалар жіберіледі. Оларды орындамаса, шетелдік маркетплейстердің интернет-ресурстарын, ІТ-платформаларды бұғаттау туралы шешім қабылдауға мүмкіндік беретін нормалар көзделген", – деп түсіндірді МКК.

Бұл шараларды іске асыру цифрлық ортадағы салықтық тәртіп деңгейін арттыруға, сондай-ақ салықтық тексерулер жүргізбей-ақ көлеңкелі экономиканың үлесін азайтуға бағытталған екен.

2025 жылғы ең ірі салық төлеушілер:

  • Temu – 6,2 млрд теңге;
  • Valve Corporation – 5,3 млрд теңге;
  • Apple – 5,2 млрд теңге.

Қазақстан бюджетіне салық төлей бастаған жаңа шетелдік интернет-компаниялардың ішінде мыналарды атап өтуге болады:

  • Next Retail Ltd. – киім мен аксессуарлардың халықаралық онлайн-ритейлері, 283 млн теңге төлеген;
  • Alibaba.com – ең ірі сауда интернет-алаңы, 142 млн теңге төлеген.

Маркетплейстер – жаңа драйвер

Біздің отандық маркетплейстер шетелдіктерден бірнеше есе көп салық төлейді екен. 2025 жылы қазақстандық компаниялар бюджетке 216,1 млрд теңге аударған, бұл барлық шетелдік интернет-компаниялардан түскен жалпы салық сомасынан – 57,7 млрд теңгесінен төрт еседей көп.

Ranking.kz зерттеуінде дәйектелгендей, мұндай орасан алшақтықтың себебі: жергілікті алаңдар толыққанды салық резиденттері ретінде жұмыс істейді, ал, шетелдік алпауыттар тек ең төменгі төлемдермен шектеледі.

Зерттеуде қазақстандық маркетплейстер арасында салық төлемдері бойынша абсолютті көшбасшы Kaspi.kz болғаны көрсетілген. Компания 2025 жылы қазынаға 138 млрд теңгеден астам қаражат аударыпты (өсім 3,5%), бұл сектордағы барлық аударымдардың 64,06%-ын қамтамасыз етті. Есептеулерде "Kaspi Магазин" ЖШС, "Kaspi Travel" ЖШС, "Колеса" АҚ және "Magnum E-commerce Kazakhstan" ЖШС көрсеткіштері ескерілген.

Қалған қатысушылардың үлесі мынадай:

  • Wildberries ("ИМВБКЗ" ЖШС), шамамен 58 млрд теңге (нарықтың 26,75%-ы).
  • Ozon ("ОЗОН Маркетплейс Қазақстан" ЖШС), шамамен 15 млрд теңге (нарықтың 6,85%-ы)
  • OLX – 3 млрд теңгеден астам (нарықтың 1,4%-ы).
  • Flip.kz, Teez, Forte Market және Satu.kz жиынтығында аударымдардың небәрі 0,5%-ын қалыптастырған.

Жалпы алғанда, 2025 жылы осы бап бойынша салықтық түсімдер жоспарланған 27,3 млрд теңгенің орнына 57,7 млрд теңгені құрады.

Сарапшылар қазақстандық және шетелдік маркетплейстер үшін салық төлеу шарттары тең емес екенін атап өтеді. Шетелдік ойыншылар филиалдар ашпай, тек ҚҚС төлейді. Оның өзін қазақстандық клиенттерінен ұстап қалады, өз қалтасынан шығармайды.

Ал, қазақстандық компаниялар корпоративтік табыс салығын (КТС), әлеуметтік салықты, мүлік салығын, сондай-ақ кедендік баждарды және қызметкерлер үшін әлеуметтік аударымдарды төлейді.

"Жергілікті бизнес – мемлекеттің нақты тірегі. Отандық маркетплейстердің бірнеше есе көп салық төлеуі олардың тек патриоттығын емес, шетелдіктерге жасалған салықтық "жеңілдіктің" әділетсіздігін де көрсетеді. Үкімет кулуарында "Гугл салығы" шетелдік интернет-компанияларды отандық компаниялармен бір қатарға қояды және бұл нарықты бәсекелі етеді деген пікір қаншама рет айтылды. Шындық, өкінішке қарай, мүлде басқаша", – дейді агенттік сарапшылары.

Ranking.kz 2025 жылдың 9 айы бойынша жекелеген шетелдік алаңдардың статистикасын келтірді. Ең көп салық төлеген – қытайлық Temu, 9,2 млрд теңге. Екінші орында – iHerb, 3,7 млрд теңге. Alibaba 265,4 млн теңге төлеген.

"Бір қызығы, AliExpress Russia 2024 жылы ҚР бюджетіне шамамен 151 млн теңге төлеген болса, 2025 жылдың 9 айында бірде-бір төлем жасамаған. Бұл – шетелдік онлайн-компаниялардың салық төлеуінің "өзіндік ерекше тәсілінің" барының мысалы", – дейді сарапшылар.

Болашақтың 3 бейнесі

Зерттеуде Қазақстанда электрондық сауда қарқынды түрде трансформацияланып жатқанына назар аудартылады. Ресми деректер бойынша e-commerce-тағы маркетплейстердің үлесі 2022 жылғы 57%-дан 2024 жылы 85%-ға дейін өскен.

Сауда саясаты тұжырымдамасына сәйкес, бөлшек саудадағы онлайн-сатылымдардың үлесі 2030 жылға қарай 20%-ға жетуге тиіс. Сарапшылар бұл көрсеткіштің одан да жылдам қарқынмен өсеріне сенімді. Олар дамудың 3 сценарийін бөліп көрсетеді:

  • Базалық немесе қалыпты даму: нарыққа онлайн сауданың дендей ену деңгейі дамыған елдер деңгейіне сәйкес 20-25%-ға жетеді.
  • Инновациялық немесе ЖИ арқылы секіріс: жасанды интеллект және логистиканы автоматтандыру арқылы жедел цифрландыру қалыпты трендтен жоғары өсім береді,
  • Консервативтік немесе тоспаға тірелу: инфрақұрылымдық кедергілер мен шетелдік ойыншыларға қатысты шешілмеген мәселелер өсімді баяулатады.

Сарапшылардың пікірінше, басты тәуекел "сұр" аймақ болып қала береді. Өкілдіктері жоқ және Қазақстанда филиалын ашудан бас тартқан шетелдік платформалар контрафактілік өнімдердің экспансиясы және тұтынушылар үшін кепілдіктердің болмауы қаупін төндіреді.

"Оның үстіне, агрессивті демпинг, шетелдік платформалар арқылы келетін "ноунейм" тауарлардың кең ассортименті мен контрафактілік өнімдер жергілікті шағын және орта бизнес өкілдерін нарықтан ығыстыруда. Сондай-ақ, жергілікті тіркеу/эквайринг болмаған жағдайда түсімдер мен комиссиялардың бір бөлігі Қазақстанның банк жүйесінен тыс кетіп, экономикадағы мультипликаторды төмендетеді", – деп түсіндірді сарапшылар.

Тең емес бәсекелестік жағдайында қазақстандық алаңдарда сауда жасайтын мыңдаған шағын және орта бизнес субъектілері де қауіпке ұшырайды. Айта кетейік, маркетплейстер арқылы сатылымдардағы ШОБ үлесі 90%-дан асады.

Ендеше қазақстандық кәсіпкерлерді қорғау – тек экономикалық емес, ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Сарапшылар 2030 жылға дейін сектордың табысты дамуы не тоқырауы Үкіметтің нормативтік базаны үйлестіру және жергілікті ойыншылардың мүдделерін қорғау қабілетіне байланысты болатынын ескертті. Егер үкімет заңнаманы қатайтып, отандық ойыншыларды қолдамаса, ел жаһандық алпауыттардың жұтқыншағында тұтас жұтылып кетуі мүмкін.

Саланы дамыту үшін үкіметке логистикалық инфрақұрылымды және IT-платформаларды дамыту, сондай-ақ экономикасын "монетизациялау" үшін ШОБ-ты оқыту және жергілікті маркетплейстердегі кәсіпкерлерді қолдау ұсынылады.

Ал, бизнес жеткізілімдерді оңтайландыру үшін ЖИ мен Big Data енгізіп, сервис сапасына, интерфейстерге және маркетингке баса мән беруі қажет. Цифрландыру – кері қайтпас үдеріс, бірақ ол "жабайы капитализм" кейпінде емес, өркениетті заң аясында жүруге тиіс.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу