Елімізде бала күтімімен демалыста отырған мыңдаған ана ай сайынғы жәрдемақының түспегенін хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Әлеуметтік желілерде наразылықтар кеңінен тарап, Астана, Алматы және Ақтау қалаларын қамтыған.
Пайдаланушылардың сөзінше, төлемдер әдетте әр айдың 10-ына дейін түсетін. Десе де, бұл жолы қаражат тым кешігіп жатыр немесе мүлде түспеген. Threads желісіндегі жазбаларда шағымдар жаппай 10 сәуір күні көп жазылды. Ол демалыс күндері тағы да жалғасты.
– Жұмадан бері жәрдемақымды күтіп отырмын, әлі ала алмай жатырмын. 1414 нөміріне хабарлассам, "қолжетімділік жоқ" дейді. Әрбір ана осы ақшаға үміт артып отыр, – деп жазды желі қолданушысы.
Сонымен қатар, Азаматтарға арналған үкіметтің Бірыңғай байланыс орталығы – 1414 нөмірінің қолжетімсіздігі де наразылық туғызды. Пайдаланушылардың айтуынша, қоңырауларға жауап берілмейді немесе операторлар деректер базасына қолжетімділік жоқ екенін айтады.
Дегенмен, кейбір алушылар жәрдемақы түскенін айтқанымен, төлемдердің барлығына бір уақытта жүргізілмегенін жеткізді.
– Threads-тің бәрі бала күтімі бойынша жәрдемақы туралы шулап жатыр. Бірақ менің жолым болып, төлем түсті, – деп жазды тағы бір қолданушы.
Кейбір ата-аналар демалыс күндері қажетті заттарды сатып алуды жоспарлағанын, десе де төлемдер 10 сәуірде де, одан кейінгі күндері де түспегенін атап өтті.
"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, кешігудің себебі – "Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры" АҚ тарапынан трансферттердің уақытылы аударылмауы.
– Осыған дейін жолданған қажеттілікке сәйкес әлеуметтік төлемдер бойынша "МӘСҚ" АҚ тарапынан трансферттердің кешігуіне байланысты, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы 2026 жылдың 10 сәуірінен бастап қызмет алушылардың шоттарына қаражат аудара алмай отыр. Өз кезегінде, бүгін корпорация қалыптасқан жағдайды жедел шешу қажеттігі туралы "МӘСҚ" АҚ-на қайтадан хат жолдады, – деп хабарлады ведомство Inbusiness.kz редакциясының сауалына берген жауабында.
Дей тұрғанымен, төлемдердің нақты қашан түсетіні айтылмады.