Кенезе кепкенде жұтқан кәусарда кесел кезікпесін деп тілек қылыңыз. Өйткені пандемия кезінде тұтас жұртымызды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған Қазақстанның Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері тағы да ел алдына шықты.
Елге үндеуінде ол оншақты шайдың қауіпті болуы мүмкін екенін жариялады және оларды сатуға тыйым салды. Алайда, арзан дүниенің астарындағы "ауыр" мұрадан сөрелер арылар емес. Сондықтан байқампаз болыңыз. Бюрократияның баяулығы мен халықтың талғамсыздығы тоғысқан тұста денсаулық мәселесі екінші кезекке ысырылып қалғандай.
Қаулы мен қауіп: Бас санитардың "үкімі"
Қазақтың күңгірт тартқан көңілі шай ішсе ғана шайдай ашылады. Бірақ сол көңілдің хошын келтіретін сусын бүгінде күдікке ілігіп тұрған жайы бар.
Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер Сархат Бейсенованың 2026 жылғы 5 қаңтардағы №1-ПГСВ қаулысы ел ішіндегі бірқатар шай өнімдерінің тағдырына нүкте қоюға тиіс еді. Себебі, бұл құжат елде Кеден одағының "Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы" (021/2011 КО ТР), "Тағамдық қоспалардың, хош иістендіргіштердің және технологиялық қосалқы құралдардың қауіпсіздігі талаптары" (029/2012 КО ТР) сияқты техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкес келмейтін шайларды елге әкелуге және сатуға тыйым салды.
"Мен, Қазақстанның Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Сархат Бейсенова, мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру материалдарын және "Ұлттық сараптама орталығы" ШЖҚ РМК-ның Ақтөбе облысы және Қостанай облысы бойынша филиалдарының тамақ өнімдерінің үлгілерін зерттеу хаттамаларын, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссияның Еуразиялық одаққа мүше мемлекеттер аумағында қазақстандық өндірушілердің жалған шай өнімдерінің сатылуы туралы ақпаратын қарап, қаулы етемін", – делінген бас санитар қаулысында.
Ол халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы үшін "бақылаулық сатып алу" жүргізілгенін және сараптама жасалғанын нақтылады. Нәтижесінде, зертханалары сұмдық деректердің бетін ашты. Елде сатылып жатқан әрі халық арасында арзандығы үшін кең танымал кейбір шай түрлері адам өміріне және денсаулығына залалды болып шыққан.
Сархат Бейсенова тыйымға іліккен шай түрлерінен қандай бұзушылықтар әшкереленгенін нақтылады. Құрамында сары түсті "күннің батуы" (желтый "солнечный закат") (Е110), тартразин (Е102), понсо 4R (Е124) сияқты шайда пайдалануға жол берілмейтін тағамдық бояғыштар, зиянды заттар табылған.
Кейбірінің қаптамасында тіпті бұл өнімді кімнің өндіргені, өндіріс объектілері көрсетілмеген. Бұдан бөлек өнімнің таңбалауына қойылатын талаптар бұзылған.
"Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздігі саласында бақылау мақсатында сатып алу жүргізу барысында құрамында тағамдық бояғыштар (сары "күн батуы" (E110), тартразин (E102), понсо 4R (E124) бар қара шайдың өндіріліп, сатылу фактілері анықталды, оларды шайда қолдануға рұқсат етілмейді. Бұдан бөлек, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздігі саласындағы тергеулер барысында шай қаптамаларында шай өндірісі мен қапталуында расталмаған мекенжайлардың көрсетілгені анықталды, бұл қызметті жүзеге асыруға рұқсат беру құжаттарының жоқтығын көрсетеді", – делінген бас санитар мекемесінің түсініктемесінде.
Осыған байланысты, Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті келесі қара шай атауларын Қазақстанға әкелуге және сатуға тыйым салды:
- "Апамның шәйі Premium gold" түйіршіктелген қара шайы, "Orda Trade Astana" ЖШС қаптамалаған, Алматы облысы, Қарасай ауданы, Қаскелең қаласы, Достық көшесі, 4 Г;
- "Al-Hayat" Golg қоспалары бар қара шайы, өндірушісі "Empire KENIY E.P.Z. Limited", Алматы облысы, Қарасай ауданы, Көкөзек ауылы, 751/2 учаскесі;
- "БАЛҚИЯ Premium gold" түйіршіктелген қара шайы, "Аль-Хадия" ЖК қаптамалаған, Алматы қаласы, Алмалы ауданы, Дүйсенов көшесі, 25;
- "Pakistan tea" түйіршіктелген қара шайы, өндірушісі "Real Trade Astana" ЖШС, Астана қаласы, Әл-Фараби даңғылы, 27;
- "Alfarah" түйіршіктелген қара шай, өндірушісі көрсетілмеген;
- "Aje Onim" түйіршіктелген қара шайы, өндірушісі "Орда Чай" ЖК, Алматы қаласы, Алатау ауданы, "Кальций" ЖШС тапсырысы бойынша;
- "Орда Кения" қара шайы, өндірушісі және қаптамалаушысы "Orda Trade Astana" ЖШС, Алматы облысы, Қарасай ауданы, Қаскелең қаласы, Достық көшесі, 4 Г;
- "Аль-Кайрат шәйі Premium gold" түйіршіктелген қара шайы, өндірушісі "Orda Trade Astana" ЖШС, Алматы облысы, Қарасай ауданы, Қаскелең қаласы, Достық көшесі, 4 Г;
- "Al-Jannat Premium" түйіршіктелген қара шайы. "Ferdaus" ЖШС өлшеп-орап, қаптамалаған, Алматы қаласы, Алмалы ауданы, Дүйсенов көшесі, 25/159;
- "Sultan Suleyman" түйіршіктелген қара шайы, өндірушісі "Real Trade Astana" ЖШС, Астана қаласы, Әл-Фараби даңғылы, 27.
Денсауминнің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің Техникалық регламенттер талаптарының сақталуын бақылау басқармасының басшысы Әйгерім Садубаеваның пікірінше, тағамдық қоспаларға қатысты 029 техникалық регламенттің талаптарына сәйкес, шайдың құрамында қандай да бір бояғыштардың болуына жол берілмейді.
"Алайда біз тексерген шай атауларында тартразин және "күннің батуы" сияқты бояғыштар анықталды. Олар осы сусынға шайға мүлдем тән емес қанық қызыл түс береді, шайды қою етіп көрсетеді. Сонымен қатар, шайдың қаптамасы да техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмеді. Шай қаптамаларында мұндай өнімді жасауға рұқсат құжаттары жоқ өндірушілер көрсетілген. Оның үстіне көрсетілген мекенжайда өндіріс орындарының өзі жоқ. Яғни, бұл шайдың қай жерде өндіріліп, қапталғаны белгісіз", – дейді маман.
Аталған фактілерді ведомство тергеу жүргізу барысында анықтады. Сондай-ақ тауардың қапталу және буып-түйілу орны туралы берілген мәліметтердің шындыққа сәйкес келмеуі де күдік тудырды. Күмәннің негізсіз еместігін сараптама растаған.
Бояулы шайдың базардағы дәурені
Біздің елде шайдың сапасын тек 3 қалада ғана тексеруге болады. Мұндай зертханалар Астана, Ақтөбе және Қостанай қалаларында бар. 2025 жылы осы зертханаларда дүкен сөрелерінен табуға болатын шайдың басым бөлігі зерттелді. Соның ішінде қаулыда көрсетілген 10 аталым-маркасы мамандардың теріс қорытындысын алды.
Санитарлық дәрігерлердің байламынша, бұл тауарлар рұқсат құжаттарынсыз қапталған болуы мүмкін. Тіпті жасырын, заңсыз цехтарда дайындалуы ықтимал екенін жоққа шығармайды. Сондықтан елге кіріп үлгергенін тәркілеп, сөреден алып тастау шаралары жүргізілген.
Назар аударатын жайт, мамандар бұл шайлардың зияндығы туралы алғашқы дабылды өткен жылы қаққан. Алайда, ресми тыйым салынғанына дейін біраз ай өткен. Осы аралықта залалды тауардың қаншасы халықтың ағзасына сіңіп кеткенін есептеу мүмкін емес.
"Ұлттық сараптама орталығы" республикалық мемлекеттік кәсіпорнының филиалдары бұл шайларға қатысты "тамақ өнімдерінің үлгілерін зерттеу хаттамаларын" алғаш рет 2025 жылғы 18 қыркүйекте беріпті. Алайда бюрократия рәсімдері кесірінен бас санитар қаулысын тек 2026 жылдың басында шығара алған.
Салдарынан тегі белгісіз шайлардың бір бөлігін сауда орындары "арзандату-уценка" арқылы сатып жібермегеніне кепіл жоқ. Қағаз жүзіндегі қаулы қаншалықты қатал болғанымен, оның тұтынушы үстеліне дейінгі жолындағы кедергілер әлі де көп. Денсаулықтан гөрі дәліздердегі құжат айналымының жылдамдығы шешуші рөл атқарып тұр.
Елдің бас санитарлық дәрігерінің қаулысы жарияланғаннан кейін "Жетінші арнаның" журналистері Астана қаласындағы сауда орындарын аралап, сол шай түрлерін дүкен сөрелерінен тауып алды.
"Ең қызығы, сатушылардың өздері бұл тыйым туралы естімеген. Олар бұл шайды сатылымнан алып тастау керектігі туралы ешкімнің ескертпегенін жеткізді. "Біз тауарды сауда агенттерінен аламыз. Бұл маркалар халық арасында ең танымал. Сатып алушылар өздері іздеп келеді, арнайы осы шайды алады. Қоюлығы ұнайды" дейді сатушылар. Біз де бір қорап шай сатып алып, тәжірибе жасап көрдік. Егер шай табиғи әрі қоспасыз болса, онда суық суда "ерімейді", су мөлдір күйінде қалады. Мамандардың түсіндіруінше, шайдың сапасын тексеру үшін құрғақ шайға суық су құю керек. Егер түсі бірден өзгерсе, мұндай шай қолдан жасалған болуы және денсаулыққа қауіпті заттардан тұруы ықтимал", – деп хабарлады "Жетінші арна".
Ақпараттық вакуум мен саудагерлердің бейқамдығы денсаулық сақтау жүйесінің пәрменін нөлге теңгеріп тұр. Халықтың өз денсаулығына деген жауапсыздығы да осы тізбектің бір үзігі.
Дәрігерлердің пікіріне сілтеме жасап, телеарнаның мәлімдеуінше, Е102 және Е110 синтетикалық бояғыштары аллергия, астма туғызады, көру қабілетінің нашарлауына, ұйқысыздыққа соқтыруы мүмкін. Бұл қоспалар Еуропа елдерінде әлдеқашан тыйым салынған.
Алайда Қазақстан – шайды көп ішетін елдердің бірі және біздің адамдар бұл сусынды түрін таңдамай, күн сайын ішеді: тамақтың алдында да, кейін де, ара-арасында да. Тек арзан әрі түсі қоюлау болса болды. Жылына әрбір қазақстандық орта есеппен 1,5 келі шайды бір өзі тұтынады. Сондықтан мамандар шайды дұрыс таңдауға кеңес береді. Сонда ғана ол пайдалы болып, денсаулыққа зиян келтірмейді, қайта пайдасы тиеді.
Статистика "серпілісі" мен экспорт шындығы
Қазақстан халқы шайды мол ішеді және жыл сайын тұтыныс қарқынды артып келеді. Мысалы, Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, қазақстандықтар 2024 жылы 66,7 тонна шай ішсе, былтырғы 2025 жылы бұл көрсеткіш 74,7 тоннаға жеткен. Яғни, бір жыл ішінде бірден 12,1 пайызға ұлғайды.
Статистика мамандары биылғы өнімнің 20,5 мың тоннасын "отандық өндіріс" деп мақтанады. Бірақ Қазақстанның қай өңірінде шай плантациясы жайқалып өсіп тұрғанын ешкім дөп басып айта алмайды. Бұл – сырттан, Үндістан, Кения, Шри-Ланка, Грузия, Қытай және басқасынан қанар қаппен келіп, Шымкент пен Алматы маңында кішкене қораптарға салынатын "отандық" өнімдер екені даусыз.
Ресми статорган дерегіне сүйеніп, Energyprom мониторинг агенттігі де "отандық өндіріс" туралы әңгіме қозғайды.
"Қазақстандағы шай мен кофе нарығының төрттен үш бөлігі импортқа тәуелді. Өткен жылдың қорытындысында Қазақстанда өңделген шай мен кофе өндірісі 20,5 мың тоннаны құрады. Бұл 2024 жылмен (17,3 мың тонна) салыстырғанда 18%-ға артық. Сала соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіштердің біріне жетті: қазіргі нәтиже 2014 жылдан бергі ең жоғары деңгей болып отыр. 11 жыл бұрын елде 21,5 мың тонна өнім өндірілген еді", – деді агенттік сарапшылары.
2016-2019 жылдардағы саладағы ұзаққа созылған тоқырау кезеңінде өндіріс көлемі 15,6 мың тоннаға дейін құлдыраған болатын. Енді сектор тұрақты түрде өсу қарқынын көрсетуде. Дегенмен 2026 жылдың басында өсім екпіні баяулады: қаңтар айында 1 мың тоннадан аз шай мен кофе өндірілді, бұл өткен жылдың қаңтарынан 8%-ға аз.
Сонымен, Қазақстандағы шай мен кофе өндірісі негізінен 3 өңірде шоғырланған. Өндіріс көлемі бойынша көшбасшы – Шымкент: 2025 жылы мұнда 8,3 мың тонна шай мен кофе өндірілді, бұл бір жыл бұрынғы 6 мың тоннамен салыстырғанда 39%-ға көп.
Екінші орында Алматы қаласы тұр: 8,2 мың тонна, жылдық өсім – 5,8%. Үштікті Алматы облысы тұйықтады: 3,4 мың тонна (өсім – 13,3%). Жалпы алғанда, осы үш өңір ел бойынша өндірілген өнімнің 97,1%-ын қамтамасыз етті.
Сонымен қатар жалпы көрсеткішке Қарағанды облысы (579 тонна) және Астана (69 тонна) да үлес қосты.
Бірақ қазақстандықтар тікелей шетелде қорапталған кофе мен шайды да тасып ішеді. 2025 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында ресурстар құрылымындағы импорттың үлесі 72,6%-ды құрады, оның көлемі 10%-ға өсіп, 54,3 мың тоннаға жетті.
Баға динамикасы да қалысар емес. 2026 жылдың ақпан айында бір айдың ішінде кофенің бағасы 3,3%-ға, шай бағасы 1%-ға қымбаттады. Сонымен қатар, кофе бағасы шайға қарағанда әлдеқайда ұзақ уақыт бойы көтеріліп келеді: соңғы 28 айда бірде-бір рет арзандамаған.
Жылдық динамика бойынша кофенің бағасы күрт өсіп, бірден 28,6%-ға қымбаттады. Салыстыру үшін айтсақ, бір жыл бұрын өсім 11,7% болған. Ал шай бағасы бір жыл ішінде 7,3%-ға өсті (өткен жылы – 5%). Оның ішінде қара шай 7%-ға, ал жасыл шай 11,2%-ға қымбаттаған.
Баға қымбаттаған сайын, тұтынушының арзан әрі күмәнді өнімге қарай бет бұруы – заңдылық, бірақ қауіпті заңдылық.
Шай ішу – біз үшін тек сусын ішу емес, дәстүр мен мәдениет. Алайда, сол мәдениеттің химиялық қоспалармен улануына жол бермеу – тек мемлекеттің емес, әрбір шай ішушінің жеке жауапкершілігіндегі іс. Сөредегі сұрқынсыз саудаға тосқауыл қоятыны – бірінші кезекте халықтың талғамы мен талабы.