Бұл құбылыс әсіресе ауыл шаруашылығының үлкен бір тармағы саналатын тері өндірісінде көрініс тапқан.
Біз бұл мәселені былтыр да сөз еткен едік, биыл да қайта қозғаудың орайы туып тұр. Арада 1 жыл өтті, "салада аз да болса жетістік бар ма, не өзгерді?" деген сұрақ туындайды.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Қазақстанда ірі қара малдан 2023 жылы – 2,54 млн, 2024 жылы 2,78 млн дана тері жиналған. Ал ұсақ малдан 2023 жылы – 7 млн данаға жуық, 2024 жылы 6,41 млн дана алыныпты. Динамика осындай ұқсас қарқынмен жалғаса береді. Ал 2025 жылы тері және теріден жасалған тауарлардың өндіріс көлемі шамамен 16,9 млрд теңгені құраған. Бұл сектор жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің ішінде шамамен 10-15% үлес алады екен.
Негізі Ауыл шаруашылығы министрлігі 2024-2028 жылдары ел аумағында мал терісін дайындап, жинайтын 200-ден астам пункт ашуды жоспарлаған.
Бұдан бөлек, салаға инвестиция тарту, кәсіпорындар салу, компаниялардың шығынын жартылай өтеп беру секілді бастамалар болды. Бірақ оның бәрі қағаз жүзінде қалған секілді көрінеді.
Мәселен, Қазақстан тері өңдеушілер қауымдастығының төрағасы Нұрман Нүптекеев салада айтарлықтай жүйелі іс жоғын айтып берді.
– Тері өңдеу саласы кейінгі 10 жылда кері кетті. Біріншіден, әлемдік нарықта сұраныс төмендеп, баға құлдырады. Негізгі сатып алушы қытайдың тері өңдеу саласы 2-3 есе төмен түсті. Көптеген зауыттар жабылды. Сұраныс болмаған соң баға да 80-83%-ға арзандады. Қазір тек сапалы, бәсекеге қабілетті өнім шығарған кәсіпорындар ғана қалды. Осыдан 15 жыл бұрын Қазақстанда 19 зауыт болса, қазір содан 9 зауыт қана қалды, олардың көбісі шалажансар күйде тұр. Негізі бұл іс көп қаржыны талап етеді, – дейді сарапшы.
Саладағы мәселелер бұнымен бітпейді, маман тапшылығы да күрделене бастады. Елімізде бұл істі "Технология және жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің дизайны" мамандығы арқылы оқытады. Дәл осы тері өңдеу жұмысына тек 3 жоғары оқу орны шәкірт тәрбиелеуде. Яғни, салаға қызығатын жастар жоқ.
Қазір елімізде қалған тері зауыттары шикізатты жартылай өңдеп ақуыз, желатин, белкозинге жіберіп күн көріп отыр. Себебі ірі қара мал терісінің 75-80%-ның сапасы тек соған жарайды әрі бағасы өте арзан. Ал жақсы сападағы терілер шетел асады. Сарапшылар бұндай күйге түсуге үкіметте саланы түсінбейтін кадрлар отырғаны себеп болғанын алға тартады.
Қазір Қазақстанда жұмыс істеп тұрған 9 кәсіпорын жылына 3,3 млн дана ірі қара терісін, 4 млн ұсақ мал терісін өңдеуге қауқарлы. Әзірге елден жиналған терілер Қытай, Түркия, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Африканың Нигерияға экспортталады. Бірақ тасымалды көбейтіп, табысты молайтуға мүмкіндік жоқ.
– Теріні елдімекендерден жинап, кәсіпорындарға дейін жеткізу бір машақат. Қостанайдан шыққан 20 тонна өнімді өзге өңірдегі зауытқа жеткізу үшін кемінде 600-700 мың теңге шығындаламыз. Шығыс пен солтүстіктегі өңірлерден тері жинап, зауытқа өткіземіз. Өз қаражатымызбен Ресейге де тасымалдап жүрміз. Бірақ терілер тиісті орынға жетпейінше, сатып алушылар ақша аудармайды. Кейінгі кездері Қытайға бүкіл әлем тері жеткізетін болып алғандықтан, сапаға қойылатын талап күшейді. Теріні тұздап, химиялық тазалау оңай емес. Мәселе жекелеген адамдардың малды жөнді соймай, теріні тілім-тілім қылып, гигеналық талаптарды сақтамауында болып тұр. Түрлі қолдаудан үміт үздік, десек те тері өңдеу саласына ұлттық бірегей бағдарлама қажет, – дейді тері жеткізуші кәсіпкер Самат Сейілханұлы.
Әзірге үкімет Ақтөбе облысында KazFelTec ЖШС жүн өңдеу зауыты мен Алматыда Iskefe Holding ЖШС ауыл шаруашылығы жануарларының терісінен желатин өндіру жобасы іске бастағанын жетістік ретінде хабарлаған.
Бұған қоса, 3 жылдық үзілістен кейін Орал қаласында "ПОШ Руно" ЖШС былғары өңдеу кәсіпорны жұмысын қайта бастаған. Ирандық инвесторлардың арқасында Persist Kazakh K&K компаниясын қалпына келтіру процесі жүріп жатыр. Ал Арқалықта тері өңдеу зауытына қытайлық инверторлар 6 млрд теңгеден астам қаражат құйып, жұмысы қайта жандана бастаған екен. Жылына 12 мың дана өнім шығару жоспарланыпты.
Байқағанымыздай, кәсіпкерлер мен үкіметтің айтар сөзі бір жерден шықпайды. Мәселенің түп-төркіні теріні тек шикізат күйінде экспортқа бағыттағаннан секілді. Қай салада да түйін – осы. Өзіміз терең өңдеу жүйесіне толық көше алғанда, әр мемлекетке шикізат-терімізді ұсынып әуре болмас па едік. Әзірге бұл бағытта айтарлықтай жұмыс атқарылып жатыр деуге негіз жоқ.