Еліміздің батысында FIFA стандарттарына сай тағы бір стадион ашылды

Бұл туралы БҚО әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Еліміздің батысында FIFA стандарттарына сай тағы бір стадион ашылды Фото: kaz.inform.kz

Футбол алаңы Ақсай қаласындағы қайта жаңғыртылған "Жастар" стадионы, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Нысанның ашылу салтанатына БҚО-ның әкімі Нариман Төреғалиев, тапсырыс берушілер мен мердігер компания басшылары, аудан тұрғындары қатысқан. 

Аймақ басшысы бұқаралық спортты дамыту және ұлт саулығын нығайту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін еске салды. 

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, өңірімізде әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. 2023-2026 жылдары жаңа 132 әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Оның ішінде 24 спорт нысаны салынды. Барлық аудан орталығы мен ірі ауылдар дене шынықтыру-сауықтыру кешендерімен қамтылды. Енді мұндай заманауи нысандар шағын елді мекендерде бой көтеріп жатыр. Қайта жаңғыртылған "Жастар" стадионы жас спортшыларды жаңа белестерге қанаттандыратынына сенім мол, – деді Нариман Төреғалиев.

Көпбейінді спорт кешені "КПО Б.В." компаниясының әлеуметтік міндеттемелері аясында қайта жаңғыртылған. Мұнда заманауи спорт залы, FIFA стандарттарына сай футбол алаңы, ұлттық ойындар мен жаттығуларға арналған алаңдар, жүгіру жолдары және экстремалды спорт түрлеріне арналған арнайы аймақ қарастырылған.

Стадиондағы құрмет тақтасына Бөрлі ауданынан шыққан әлем чемпиондары Темірлан Көлбай, Гүлдана Әлмұхамбетова, Мерует Байниязова, Мәлік Мұқашев және Азария Хаммидуллинаның суреттері қойылып, спорттық жетістіктері жазылған.

Нариман Төреғалиев бұл бастаманы оң бағалап, әлем чемпиондарының жетістіктері жас спортшыларға үлгі болып, оларды жаңа белестерге ынталандыратынына сенім білдірді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу