Қазақстанда халық банктерге 23,6 трлн теңге қарыз

744

Халықтың несиеге деген сұранысы артпаса, кеміген емес. 

Қазақстанда халық банктерге 23,6 трлн теңге қарыз  Фото: Абзал Калиев

Ел экономикасында берілген несиелердің 54,0%-ы немесе 23,6 трлн теңге халыққа берілген. Бұл туралы Ұлттық банк жариялаған мәліметтерден белгілі болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Кеңейтілген айқындаудағы экономика кредиттері 2024 жылдың 1 мамырынан бастап 22,0%-ға ұлғайып 2025 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша 43,7 трлн теңге болды. Қарыз алушылардың санаттары бойынша 20,1 трлн теңге немесе кредиттердің жиынтық көлемінің 46,0%-ы бизнес кредиттеріне (бизнес мақсаттарына кредиттер алған қаржылық емес заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер), 23,6 трлн теңге немесе 54,0% – халыққа берілетін кредиттер", – делінген хабарламада.

Теңгеде берілген кредиттер көлемі 39,6 трлн теңге (90,5%) болса, шетел валютасында – 4,1 трлн теңгені (9,5%) құрады.

Банк секторының кредиттері несиелердің жалпы көлемінің 85,6%-ына тең.

Кеңейтілген айқындаудағы экономикаға кредиттер бұл кредиттер бойынша нақты берешектің қалдықтары туралы мәліметтер болып саналады:

  • банк секторы (екінші деңгейдегі банктер, "Отбасы банкі" АҚ және "Қазақстанның Даму Банкі" АҚ қоса алғанда),
  • ипотекалық ұйымдар ("Қазақстандық тұрғын үй компаниясы" АҚ, "Экспресс Финанс" Ипотекалық ұйымы" АҚ),
  • квазимемлекеттік сектордың басқа субъектілері (нақты секторға кредит беруді жүзеге асыратын "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ еншілес ұйымдары: "Аграрлық кредиттік корпорация" АҚ, "ҚазАгроҚаржы" АҚ, "Өнеркәсіпті дамыту қоры" АҚ, "Қазына Капитал Менеджмент" АҚ),
  • микроқаржы қызметін жүзеге асыратын ұйымдар (микроқаржы ұйымдары, кредиттік серіктестіктер және ломбардтар).

Ұлттық банктің жуырда жариялаған ақша-кредит саясаты туралы баяндамасында биылғы сәуірде банктердің несиелік портфелі жылдық есепте 20,4%-ға артқаны жазылған болатын.

"Халықтың несиеге деген сұранысы әлі де жоғары деңгейде сақталып отыр. Тұтынушылық несиелер өсімінің баяулауына қарамастан сәуірде халыққа берілген несиелер жылдық есепте 22,4%-ға өсті. Сәуірде ипотекалық портфельдің жылдық өсімі 12,7% болды. Наурызда "Наурыз" бағдарламасы аясында жеңілдетілген ипотекаға өтінімдер қабылданды. Болжамға сәйкес, бұл 2025 жылдың алдағы айларында ипотекалық несиелеудің өсуіне ықпал етеді", – делінген ақша-кредит саясаты туралы баяндамада.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу