Қазақстанда инклюзивті білім беру саласы қалай дамып жатыр?

Мүмкіндігі шектеулі балаларды дамытудың маңызды мәселелерінің бірі – білім беру. 

Қазақстанда инклюзивті білім беру саласы қалай дамып жатыр? Фото: canva.com

Бұл құжат пен мамандық алу мүмкіндігі ғана емес. Бұл ерекше қажеттіліктері бар балаларды әлеуметтендіру мәселесінің шешімі. Сондықтан Қазақстанда инклюзивті білім беруді дамыту қолға алынып отыр.

ҚР Конституциясына сәйкес (30-бап), еліміздің барлық азаматтары мемлекеттік мекемелерде, сондай-ақ жоғары оқу орындарында конкурстық негізде тегін орта білім алуға құқылы. Бірақ соңғы уақытқа дейін мүмкіндігі шектеулі балалар қарапайым білім беру мекемелерінде оқи алмады. Олар үйде оқытуға немесе мамандандырылған орталықтарға жіберілді, бұл әлеуметтенудің, балалардың қоғамға бейімделуінің қажетті деңгейін қамтамасыз етпеді. Сондықтан Қазақстанда инклюзивті білім беруді дамыту мәселесі қозғалды. 

Инклюзивті білім деген не? Инклюзивті білім беру – дені сау балалар мен мүмкіндігі шектеулі балаларды бірлесіп оқыту. Яғни, инклюзивті білім беру балалардың денсаулық жағдайына қарамастан білім берудің барлық қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін тең құқықтар мен мүмкіндіктерді қамтиды.

Инклюзивті білім берудің қандай принциптері бар? Инклюзивті білім келесі принциптерге негізделген, әр бала – ерекше. Барлық балалардың құқықтары тең, білім алу, үйірмелерге, концерттерге қатысу, одан әрі әлеуметтік даму перспективаларында тең құқыққа ие. Әр бала өзінше дамиды. Балалар арасындағы қарым-қатынас мейірімділікке, жауаптылыққа, жанашырлыққа негізделген. Балалардың өзара қарым-қатынасы олардың дүниетанымын кеңейтеді және академиялық интеллектті дамытады.

Қазақстанда инклюзивті білім беру қалай жүзеге асырылып жатыр? Инклюзия қалыпты жағдайға жетіп, қоғамның гуманистік ұстанымына айналуы керек. Бұл мәселе заңды түрде шешілді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы 26 маусымда "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инклюзивті білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңға қол қойды. Мемлекет ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға олардың жеке даму ерекшеліктерін ескере отырып, білім беру жүйесі шегінде білім алу үшін жағдай жасауға міндетті (8-бап, 1-1-т.). Мүмкіндігі шектеулі балалар үшін арнайы оқу бағдарламалары әзірленіп жатыр. Мектепке дейінгі және орта мектептегі білім беру ұйымдары заң бойынша оларға қызмет көрсету аумағында тұратын барлық балаларды, оның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қабылдауы тиіс (26-бап, 2-т.).

Инклюзивті білім беру нормаға айналуы үшін келесі мәселелерді шешу қажет:

  • мұғалімдердің, психологиялық және кәсіптік жағынан осындай балалармен жұмыс істеуге дайындығы;
  • басқа оқушылардың ата-аналары үшін ерекше балаларды бірге оқыту фактісін қабылдаудың қиындығы;
  • балабақшалардың, мектептердің және басқа оқу орындарының материалдық-техникалық базасының дайындығы.

Мүгедек балалардың ата-аналарының мүмкін болатын жағдайға байланысты алаңдаушылығы:

  • психологиялық қысым;
  • әлеуметтік остракизм (қорқыту, мазақ ету).

Мұғалімдер мен ата-аналарға психологиялық-педагогикалық және әдістемелік көмек көрсету үшін көптеген облыстарда (Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Батыс Қазақстан) инклюзивтілікті енгізу бойынша өңірлік орталықтар ашылды. Мамандардың мүмкіндігі шектеулі балалармен (церебральды сал ауруы, соқыр, саңырау және мылқау, ақыл-ой кемістігі жеңіл) жұмысының кадрлық мәселесін шешу үшін Қазақстанда дефектолог мамандарды оқыту географиясы кеңейтілді. Қазір оларды еліміздің 17 жоғары оқу орнында дайындайды. Педагогтар осы бағыт бойынша қайта даярлаудан өтеді.

Бұл қадамдардың барлығы инклюзивті білім беруді дамытуға арналған, осылайша ерекше балалардың көпшілігі болашақта өздерін шеттетілген емес, қоғамның толыққанды қатысушылары ретінде сезінеді. Қазақстандағы инклюзивті білім берудің болашағы және әлемдік тәжірибе 

Инклюзивті білім беру – қазіргі өмір сұранысы және халықаралық стандарт. Қазақстанда инклюзивті білім беруді қажет ететін 160 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі балалар бар. Олардың тек 23%-ы ғана осындай білім беру процесіне қатысады. Уақыт сұранысына сай болу үшін еліміздің білім беру саласы инклюзивті білім беруді енгізу кезіндегі қиындықтарды еңсеріп, туындаған проблемаларды, оның ішінде халықаралық тәжірибені енгізу арқылы шешуге тырысып отыр: шетелдік, қазақстандық мектептерде педагог-ассистент, тьютор лауазымы енгізілді.

ҚР педагогтері бейімделген спорт негіздерін үйренеді, француз әріптестерімен бірлесіп, бейімделген спортты мектеп бағдарламасына енгізу үшін арнайы бағдарламалар әзірлейді. Оқу бағыты инклюзивті ойындар арқылы дамиды, оған қарапайым балалар да, ерекше балалар да қатысады. Қайырымдылық ұйымдары инклюзияны қолдау кабинеттерін ашады, онда балалар мінез-құлықты қолданбалы талдау әдістемесі бойынша оқытылады.

Қазақстан Республикасының Білім және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, 2025 жылға қарай мектептердің, балабақшалардың 100%-ы және колледждер мен жоғары оқу орындарының 70%-ы инклюзивті білім беру үшін жағдай жасауы тиіс. Инклюзивті білім беру – қазіргі адамның санасындағы төңкеріс және ашық демократиялық мемлекеттерді таңдау.

Инклюзивті білім беру – БҰҰ-ның бірқатар конвенциялары қолдайтын жаһандық қозғалыс, "ұлттық білім беру саясатына шолу" басылымында атап өтілген. "Инклюзия" термині және инклюзивті білім беру принциптері 1994 жылы Саламанкадағы (Испания) ерекше қажеттіліктері бар адамдарға білім беру жөніндегі дүниежүзілік конференцияда Халықаралық қолданысқа енгізілді.

"Баршаға арналған білім" халықаралық бағдарламасына Қазақстан да қосылды. Ұлыбританияда мүгедек балалар 1976 жылдан бастап қарапайым мектептерде оқуға құқылы болды. Арнайы оқу орталықтарында бұзушылықтардың ауыр түрлері бар адамдар ғана оқиды. 

Англияда инклюзивті білім беруді дамыту үшін мемлекет қаражат бөледі, мамандар дайындайды. Ерте жастан бастап орта мектепке дейін ерекше баланы психологтар мен мұғалімдер ертіп жүреді, оған қажетті дағдыларды қалыптастырады, ата-аналарға кеңес береді. Арнайы оқу бағдарламаларын әзірлейді.

Мұғалімнен басқа баланың оқу материалын игеруге көмектесетін, психологиялық және әлеуметтік мәселелерді шешетін көмекшісі бар. 

Бұл шаралар мүмкіндігі шектеулі балаларға өздерін қоғамның толыққанды қатысушылары ретінде сезінуге, дамуға және айналасындағыларға пайдалы болуға мүмкіндік береді. 

Инклюзивті білім беруді дамыту  – мүмкіндігі шектеулі балаларға ғана емес, бүкіл білім беру жүйесіне арналған білім беруді дамыту. Бұл барлығына тең құқықта және тең жағдайда білім алуға мүмкіндік береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу