banner

Қазақстанда ІТ-офшор құрылуы мүмкін

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
5723

Ел үкіметі Қазақстанда ақпараттық технологиялар офшорын құруды қарастыруда.

Қазақстанда ІТ-офшор құрылуы мүмкін

Бұл туралы үкіметтің отырысында жария етілді. Жиында тау-кен өндіру өнеркәсібінде, көлік пен логистикада цифрлық технологияларды қолдану мәселесі қаралған болатын.

"Индустрия 4.0" ең озық, заманауи жабдықтар мен технологияларды сатып алуды талап етеді. Бірақ ол сатып алулар тағы да шетелдік өндірушілерді байытқалы тұр екен.

"Өкінішке қарай, негізінен, шетелдік өндірістегі өнімдер мен технологияларды алуға тура келеді. Үкімет үйінде вице-премьер Асқар Жұмағалиевтің төрағалығымен өткен таяудағы кеңесте біз осы мәселені "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасымен талқыладық және Астанада "біліктілік орталығын" құру туралы уағдаластыққа келдік. "Еуразиялық топ" осы бағыттағы бағдарламаларды жүзеге асыруға алдағы үш жыл көлемінде шамамен 100 миллион доллар бөлуге шешім қабылдады. Біз осы қаражатқа Қазақстан аумағында технологиялық өндірістерді және ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім беру секілді салалардағы цифрлық сервистерді қамтамасыз ету үшін бағдарламалық өнімдер жасағымыз келеді", – деді үкімет басшысына қайырылған Еуразиялық топтың бақылаушылар кеңесінің төрағасы-ERG бас атқарушы директоры Алдияр Қазтаев.

Осы үшін қажетті ортаны түзу мақсатында отандық ірі бизнес ұлттық палатамен бірлесе отырып, шамамен 1,5 жас қазақстандық бағдарламашыларды іске тартуды жоспарлауда. Оған қажетті қаржылық ресурстар да бөлінуде екен. Бұл ретте бірқатар бастамалар қолға алынбақ және олар үкіметтің осы отырысында премьерге таныстырылды. Оның ішінде Астанада "Ай-ти офшор" құру жобасы бар. Оны жүзеге асыру үшін ірі бизнес бір шарт қойып отыр: бұл офшорды құру үшін мемлекеттен "ЭКСПО" көрме кешенінен орын бөлуді сұрайды. Үкімет басшысы өз орынбасарларына бұл бастамаларды қарап, пысықтауға және цифрландыру бағдарламасына қосуға тапсырма берді.       

Отырыста ірі бизнесті алаңдатқан тағы бір мәселе көтерілді.

"Вагондармен қамтамасыз етуге қатысты жағдай жыл басынан бері жақсармады, керісінше нашарлады. Вагондармен қамтамасыз етудің орташа көрсеткіштері "ҚТЖ-Экспресс" тарапынан 85 пайызды құрайды. Ал экспорттық бағыттар бойынша 60 пайыздан да аспайды. Біз алапат көлемде шығын шегіп жатырмыз. "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы алдағы 2018 жылға вагондар үшін ұсынып отырған баға тіпті 2019 жылдың соңына дейін келісімде бекітілген құннан екі есе қымбат болып шықты. Ашығын айтқанда, ол контрактілік міндеттемелерін бұзуда. Мұндай бағамен жеткізілімдер табысты болудан қалады. Біз бірнеше рет үкіметке өтінішпен жүгінгенбіз", – деген Алдияр Қазтаев ірі тау-кен экспорттаушылары атынан премьерден қазақстандық кәсіпорындарды қолжетімді бағада вагондармен қамтамасыз ету бойынша бірлескен іс-қимылдар жоспарын әзірлеуді сұрады

Бұған жауап ретінде премьер Бақытжан Сағынтаев экспортты іркіп отырған түйткілді мәселелер шешімін табуға тиістігін нықтады және өз орынбасары Ерболат Досаевқа тапсырма берді.

"Ерболат Асқарбекұлы, бизнестің бұл проблемалы мәселелерінің өзіңізге қатысты бөліктерін мұқият қараңыз. Асқар Ұзақпайұлы (бірінші вице-премьер А.Мамин), вагондарға қатысты мәселеге тағы оралу қажет", – деген Бақытжан Сағынтаев премьер-министр кеңсесінің жетекшісі Нұрлан Алдабергеновке ұсыныстарды жиынтықтап, тиісті шешім түзуді жүктеді.

Үкіметтің отырысында кезінде "Индустрияландыру күнінде" сән-салтанатпен ашылған, бірақ артынша жабылып қалған зауыт-кәсіпорындардың кейінгі тағдыры жария етілді.

Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, бүгінгі таңда осындай 72 проблемалық жобаның жұмысы "ерекше бақылауға" алынған. Әрбір жоба бойынша жеке-жеке  "Жол картасы" әзірленген.

"Кәсіпорындарға инвесторлар іздестіру, жер пайдалануға келісімге отыру, екінші деңгейдегі банктер арқылы несиелендіру, өңір кәсіпорындарына өнімдерді өткізуге жәрдемдесу секілді мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылды", – деді министр.

Ол биылғы сегіз айдағы жұмыс нәтижесінде 40 жоба (бұл барлық проблемалы жобалардың 56%-ы) бойынша "барлық мәселелер шешілгенін" және "олардың тұрақты жұмыс істеп тұрғанын" жария етті. Яғни, олардың қуаттылықтарының жүктелуі 50 пайыздан асқан.

"Тағы 13 жоба немесе 18%-ы әзірше 50%-дан төмен жүктелген. Бұл жобалар бойынша әкімдіктермен бірлесіп, толықтай жүктеу бағытында жұмыстар жүргізілуде. 8 жоба немесе 11%-ы мүлдем тоқтап тұр. Бұған олардың кредиторлармен арадағы қаржылық проблемалары, тапсырыстардың жоқтығы, әлемдегі бағалардың құлдырауы, айналымдық қаражаттың жоқтығы проблемалары ықпал етуде. 11 жобаны ары қарай жүзеге асырудан олардың меншік иелері өздері бас тартты. Атап айтқанда, екеуі банкротқа ұшырады, төртеуі – өндірістерін басқа салаға қайта бейімдеді, төртеуі – бұл қызметті ары қарай жүргізуді экономикалық тұрғыдан ұтымсыз деп тапты. Біреуі – қаржылық қиыншылықтарға ұшыраған. Бұлар бойынша біз әкімдіктермен тізе қосып, ол өндірістерді басқа бағытқа қайта бейімдеу бойынша жұмыс жүргізудеміз", – деді инвестициялар және даму министрі.

Әйткенмен, үкімет жаңа зауыт-кәсіпорындар мен нысандарды сән-салтанатпен ашудан бас тартпақ емес және биылғы желтоқсанда тағы 18 объекті осылайша өмірге жолдама алатын көрінеді.

Жеңіс Қасымбек индустриялық-инновациялық дамыту мемлекеттік бағдарламасын 2017 жылдың тоғыз айында іске асыру барысына да тоқталды. Осы жылдың тоғыз айында өнеркәсіптік өндірістің көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5,7%-ға өсіп, 6,5 трлн теңгені құраған. Сондай-ақ, фармацевтикада, жеңіл өнеркәсіпте, металлургияда, машина жасауда, мұнай өңдеуде, азық-түлік өнімдерінің өндірісінде және химиялық өнеркәсіпте өсу байқалады.

Мемлекеттік бағдарламаның негізгі мақсатты индикаторлары бойынша оң қарқын тіркелуде. Биылғы сегіз айдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінің экспорты өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 23,1%-ға өсіп, $9,9 млрд құрады.

Агрохимия, мұнай өңдеу және қара металлургия секторларында елеулі өсім байқалады. Бүгінде қазақстандық өңдеу өнеркәсібі өнімдері 115 елге экспортталады. Кейбір тауар түрлері бойынша өткізудің жаңа нарықтары ашылды.

"Алғаш рет "Азия Авто" жеңіл көліктері ҚХР-ға, "Сарыарқа автоөнеркәсіп" – Тәжікстанға экспортталды. Ауыл шаруашылығы машина жасау өнімдері – "ДонМар" компаниясы шығаратын өнімдер Ресей нарығына бірнеше жыл қатарынан экспортталуда. Жыл сайын 380-нен астам экспортшылар қаржылық әрі сервистік қолдауға ие болады", – деді министр.

Биыл ұлттық экономика министрлігі шикізаттық емес экспортқа қолдау көрсету жүйесін құру мақсатында "Ұлттық экспорттық стратегияны" әзірлеп, қабылдады. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, 2018–2022 жылдарға арналған Ұлттық инвестициялық стратегия әзірленіп, бекітілді. Кazakh Invest инвестициялар бойынша мамандандырылған ұлттық компаниясы шетелдік өкілдер мен өңірлік бөлімшелер желісімен қызмет көрсетеді.

Өңдеу секторына жеті жылдың ішінде 26 млрд доллардан астам тікелей шетелдік инвестициялар тартылды. Инвестициялар құрылымындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі 2016 жылдың қорытындысы бойынша 19,5%-ға өсті. Өсім қарқыны биыл да сақталып отыр, өңдеу өнеркәсібіне салынған инвестициялар көлемі 3,5%-ға өсіп, 599 млрд теңгені құрады.

2017 жылғы І тоқсан нәтижелері бойынша кәсіпорындардағы еңбек өнімділігі 16,1%-ға өскен екен. Негізінен өсу басымдықты секторларда орын алды: мұнай-газ химиясы, қара металлургия, мұнай өңдеу саласы.

"Шағын, орта және ірі кәсіпорындар бойынша нақты мәлімет осы жылдың қорытындысы бойынша қалыптастырылады. Бүгінгі өсу беталысын ескергенде, жыл қорытындысы бойынша көрсеткіштер өткен жылдың деңгейінен төмен болмайтынын болжауға болады", – деді министр.

Жалпы, өңірлерде барлық көрсеткіштер бойынша оң қарқын байқалады.

Жеңіс Қасымбектің мәліметінше, бағдарламаны іске асыру экономика мен өнеркәсіп құрылымының өзгеруіне әсер етті. Мәселен, өңдеу секторының экономика дамуына қосқан үлесі 2015 жылы 10,1%-дан 2017 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша 11,9%-ға дейін, өнеркәсіпте – 2010 жылы 31,8%-дан 2017 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша 40,7%-ға дейін, экспортта 2010 жылы 27,9%-дан 2017 жылдың 8 айында 32,7%-ға дейін өсті.

Сондай-ақ, министр бағдарлама аясында жыл сайын жаңа өндірістер іске қосылып жатқанын атап өтті.

"Барлығы жеті жыл және 2017 жылдың 9 айы аралығында Индустрияландыру картасы аясында жалпы 5,5 трлн теңге сомасында 1 080 жоба енгізілді, 101 мың тұрақты жұмыс орны ашылды", – деді ол.

2017 жылдың тоғыз айында 800 млрд теңге сомасына 4,5 мың тұрақты жұмыс орнын құрумен 52 жоба енгізілген. 2017 жылдың соңына дейін өңірлерде шамамен 10 мың тұрақты жұмыс орнын құра отырып, 700 млрд-тан астам теңге сомасына 80-нен астам жобаны аяқтау жоспарда бар делінді.

Қазіргі таңда елімізде 11 арнайы экономикалық аймақ (АЭА) және 22 индустриялық аймақ (ИА) жұмыс істейтіні де айтылды. Жалпы алғанда, АЭА құрылған сәттен бастап 682 млрд теңгеден астам сомаға 157 жоба іске қосылды, 11,6 мыңнан астам жұмыс орны құрылды.

Биыл тағы 100 млрд теңгеге үш мың жаңа жұмыс орнын құрумен 24 жобаны іске асыру жоспарлануда, және тағы 20 жобаның құрылысы басталады. Ал индустриалдық аймақтар алаңдарында 100 млрд теңге сомасына 115 жоба іске қосылды, шамамен сегіз мың жұмыс орны құрылды.

Сондай-ақ, жер телімін бөлу рәсімдерін жеңілдетуге, преференциялар ұсынуға, әкімшілік кедергілерді төмендетуге қатысты арнайы экономикалық және индустрияландыру аймақтары туралы заңнамаға өзгерістер енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Қорытындылай келе, Жеңіс Қасымбек 6 желтоқсанда Индустрияландыру күнінде осы жылдағы индустрияландыру жұмыстарының қорытындысы шығарылатынын хабарлады.

"Біз телекөпір аясында жалпы сомасы 399 млрд теңгеге 18 жобаны іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бұдан өзге, 26 жоба бойынша телевизиялық ролитерді көрсету жоспарымызда бар", – деп түйді министр.

Премьер Бақытжан Сағынтаев талқылау қорытындысы бойынша осы жылдың тоғыз айында индустрияландыру мемлекеттік бағдарламасын іске асыруда жақсы көрсеткіштерге қол жеткізілгенін марқая атап өтті. Ол жыл соңына дейін өңірлер негізгі капитаға салынатын инвестициялар бойынша артта қалушылықты жойып, өзге көрсеткіштер бойынша жоғарғы нәтижеге шығатынына сенім білдірді.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Асқар Маминге аталған барлық мәселелерді бақылауға алу тапсырылды.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу