Қазақстанда қаңтарда іскерлік белсенділік жақсарды. Бұл туралы Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты департаментінің директоры Рүстем Оразалин мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"2026 жылғы қаңтарда іскерлік белсенділік жақсарып, оң аймаққа оралды – 50,8 (2025 жылғы желтоқсанда – 49,9). Қызмет көрсету секторында белсенділік жақсарғаны сезіледі, онда индекс 52,1 болып, өсу аймағына ауысты (2025 жылғы желтоқсанда – 49,0). Ал өндіріс пен саудада индекс өсу аймағында қалып, 50,8 және 50,3 болды (2025 жылғы желтоқсанда – 52,0 және 51,3). Құрылыста 47,1 көрсеткішімен индекс жақсарғанына қарамастан, төмендеу аймағында қалып отыр (2025 жылғы желтоқсанда – 45,4), тау-кен өндіру секторында көрсеткіш 49,1-ге (49,4) дейін төмендеді", – деді Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты департаментінің директоры Рүстем Оразалин.
Бизнес жүргізудің бүгінгі жайы мен келешек жағдайын бағалау көрсеткіші төмендегендіктен, бизнес-ахуал индексі өткен айда 4,4-ті құрады. 2025 жылғы желтоқсанда бұл көрсеткіш 5,2 болған. Бизнес-цикл "сағатының" индикаторы көтерілу мен өсу аймағының шекарасында орналасты.
Барлық секторда сұраныс динамикасында жақсару үрдісі байқалады, тек өндіріс саласында ғана өсім қарқыны біршама баяулады.