Қазақстанда кәріз желілерінің 50%-дан астамы тозған

296

Су бұру желілерінің тозу деңгейі 54%-ға жетті.

Қазақстанда кәріз желілерінің 50%-дан астамы тозған Фото: khc.kz

Кәріз-тазарту құрылыстарының орташа тозу деңгейі 65 пайызға тең. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қазақстанда 2030 жылға дейінгі Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясында шамамен 5 мың шақырым су құбыры желісін 700 млрд теңгеге жаңғырту жоспарланып отыр.

Сондай-ақ 400 млрд теңгеге 2,8 мың шақырым су бұру желісі жаңартылады. Бұдан бөлек 45 кәріз-тазарту нысанын салу және қайта жаңғыртуға шамамен 800 млрд теңге көзделген.

"Қазір су құбыры желілерінің жалпы ұзындығы 111 мың шақырымды құрайды, оның тозу деңгейі – 38 пайыз. Ал су бұру желілерінің ұзындығы 18 мың шақырым болса, тозу көрсеткіші 54%-ға жеткен. Ұлттық жобаны іске асыру нәтижесінде 2029 жылға қарай су құбыры желілерінің тозуын 33%-ға, су бұру желілерінің тозуын 41%-ға дейін төмендету көзделіп отыр. Биыл бұл көрсеткіштерді тиісінше 37 және 52%-ға дейін азайту жоспарланған", – деді Бақытжан Жүнісбеков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Ұлттық жоба аясында жалпы құны 356 млрд теңге болатын 146 жоба жүзеге асырылып жатыр.

"Инженерлік желілерді жаңғырту су бұру жүйесіндегі негізгі нысандарды – кәріз-тазарту құрылыстарын жаңартумен қатар жүруге тиіс. Қазіргі уақытта еліміздегі кәріз-тазарту құрылыстарының орташа тозу деңгейі 65 пайызды құрайды. Ұлттық жобаның негізгі міндеттерінің бірі – 45 қаладағы осындай нысандарды жаңғырту", – деді Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы.

Айта кетейік, бүгін Алматыда ұлттық жобаны іске асыруға қатысты жиын өтті. Кеңесте жобаны қаржыландыруға екінші деңгейлі банктердің қатысуын кеңейту жайы талқыланды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу