Қазақстанда қатерлі ісік аурулары белең алып барады

3805

​Әкімдер химия терапиясын алу үшін мегаполистерге аттанатын ауыл-аймақ тұрғындарының жол шығынын өтеуге міндеттелмек.

Қазақстанда қатерлі ісік аурулары белең алып барады Фото: canva.com

Байқоңырдан зымырантасығыштардың үнемі ұшуы, Аралдағы улы тұздың ұшқыны мен құмның көшкіні, жер астынан уран, түрлі метал мен минерал, көмір мен көмірсутектерді өндіру көлемінің еселеп артуы, ауыл шаруашылығында аста-төк қолданылатын пестицидтер мен гербицидтер, сапасыз тамақ, пластиктегі өнімдердің басымдығы... Осы және басқа факторлар қордалана келе, Қазақстан халқының саламатты, сау ұлт болуына шанс қалдырмайды.

Қазақстанда онкологиялық аурумен ауыратындар саны жыл сайын 4%-ға өсіп барады. Бір ғана 2022 жылы атын естігенде адам шошитын қатерлі ісік ауруларына 39 мыңнан астам жаңа науқас душар болған.

Азап шегіп, өмірден өткендерін қоспағанда, бүгінде Қазақстанда 205 мыңнан астам қазақстандық есепте тұр.

Мәжіліс депутаты Ислам Сұңқардың мәліметінше, жыл сайын қатерлі ісіктен 13 мыңнан астам адам қайтыс болады. Еліміздегі жалпы өлімнің негізгі себептерінің арасында аталған ауру екінші орынға шығыпты. Бұл сырқат ең көп таралған облыстар – Қостанай, Ақтөбе, Ақмола, Маңғыстау, Қызылорда және басқасы.

Үкімет елордада жаңа Ұлттық ғылыми онкология орталығын құру жұмыстарын 2021 жылдың басында аяқтауға тиіс еді. Онысы кешікті. Нақтылағанда, Ұлттық ғылыми онкология орталығын құру – бұрынғы Ұлттық ғылыми онкология және трансплантология орталығының қолданыстағы ғимаратын реконструкциялап, жаңа емдеу-диагностикалық корпусын салуды қарастырады.

Орталықтың дерегінше, жобаны іске асыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жаңа ұйымда 210 төсек-орны бар тәуліктік стационар (оның 70-і – онкогематология үшін) болады. 150 төсекорны – күндіз ем алатындарға арналған амбулаторлық терапия орталығы болмақ. Орталықта бір ауысымында 500 келушіге дейін қабылдайтын емхана ашу жоспарланыпты. 

Қаржы министрлігінің хабарлауынша, Астана қаласындағы осы жобаға жыл соңына дейін Ұлттық қордан 9 млрд 756,6 млн теңге бөлу ұсынылып отыр. Соның ішінде 9 млрд 401,4 млн теңге – Ұлттық ғылыми онкология орталығын салуға, құрылыс-монтаждау жұмыстарына, қалған 355,1 миллион теңгеден астам қаражат орталық құрылысының инжинирингтік қызметтеріне, атап айтқанда техникалық және авторлық қадағалауға, жобаны басқаруға жұмсалатын көрінеді.

Денсаулық сақтау министрлігі Президент жолдауына сәйкес, онкологиялық аурулармен күрес денсаулық сақтау саласының басым бағыты болып табылатынын мәлім етті.

"Қатерлі ісікті ерте диагностикалау және оны емдеудің тиімділігін арттыру тек халықаралық озық тәжірибе негізінде мүмкін болады. "Ұлттық ғылыми онкология орталығы" (ҰҒОО) базасында Қазақстанда және Орталық Азия аймағында алғаш рет ядролық медицинаның инновациялық, тиімділігі жоғары әдісін – протон терапиясын енгізу жоспарлануда. Бұл – радиотерапияның бір түрі. Онда ісікке әсер ету үдеткіште арнайы үдетілген протон бөлшектерін сәулеленген аймаққа жеткізу арқылы жүзеге асырылады. Әдіс ісікті ғана нысаналы түрде зақымдауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, оның айналасындағы сау тіндерге зиянды әсер азаяды, жанама әсерлер саны қысқарады, ісіктің қайталану, рецидив қаупі кемиді. Пациенттердің өмір сүру деңгейі жоғарылайды. Сау тіндерге сәулелік ауыртпалық азаяды. Әлемде балалардағы ісіктердің 100% жағдайында протон терапиясымен емдеу ұсынылады", – деп түсіндірді Денсауминінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті.

Бірақ ведомство бұл жаңалық тез өмірге жолдама алмайтынын ескертеді. Әлемдік тәжірибеге сәйкес, протон терапиясын енгізу 5 жылдан 10 жылға дейін созылады екен. Мысалы, РФ Димитровград қаласының протон орталығын пайдалануға беру – 10 жылға, Дания протон орталығы – 7 жылға, Коян қаласындағы Корей онкологиялық орталығы – 5 жылға, Санкт-Петербург қаласының МИБС онкологиялық клиникасының протон терапиясы орталығы – 5 жылға ұзапты.

Кадр да тапшы.

"Технологияларды дамыту мақсатында халықаралық ғылыми практикада "ментор" институты қолданылады. Яғни, тәжірибелі маман шақырылып, ол белгілі бір уақыт ішінде қызметкерлермен өз білімін, біліктілігін және дағдыларын бөліседі. Қазақстан үшін бұл технологиялардың жаңашылдығын ескере отырып, "Ұлттық ғылыми онкология орталығына" жетекші онкологиялық орталықтардан, протонды терапия орталықтарынан шетелдік тәлімгерлерді тарту қажет болады", – деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі. Бұл да қаражатты қажет етпек.

Бұдан бөлек, министрлік әзірлеген, "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау саласындағы нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болдырмау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" деп аталатын жаңа заң жобасына осыған қатысты өзгерістер ұсынылып отыр.

Егер мұны Үкімет пен Парламент мақұлдаса, онда жергілікті әкімдіктер кепілдендірілген тегін медкөмек (ТМККК), МӘМС аясында химиотерапияның интенсивті курстарын алу үшін өзге елді мекендерге, қалаларға, соның ішінде елордаға баратын жергілікті тұрғындардың жол шығынын көтеру құзырына ие болады. Қалауына, бюджетінің шамасына қарай жергілікті сырқаттардың жол ақысын тегін немесе жеңілдікті ету туралы шешім қабылдай алады.

Бұл ретте балаларға еріп жүретін ата-анасының немесе заңды өкілінің де жол шығынын көтеру қарастырылады. Бұл ұсыныс қабылдана ма, әлде заң жобасынан алып тастала ма, ол Парламент депутаттарының табандылығы мен елге қамқорлығына да байланысты.

ДСМ дерегінше, елордадағы Ұлттық ғылыми онкология орталығының Сәулелі терапия орталығы жыл сайын шамамен 4000 пациентті емдеуді жоспарлап отыр. 2024 жылдан бастап, Протонды терапия орталығы жыл сайын шамамен 800 пациентті емдейді деген де жоспары бар көрінеді. Егер уақытылы құрыла алса...

Сарапшылар сырқаттардың пәтер жалдау, немесе қонақүйде тұру ақысын да бюджеттен көтеруге қатысты әкімдерге құзыр беру қажеттігініне назар аударады. Түсетін үйі болмаса, оны жалдауға қаражаты жетпесе, онда бұл науқастардың ірі қалаға баруына кедергі болуы мүмкін. Ұзатып алса, дерті ушығуы ғажап емес.

Денсаулық сақтау министрлігі тұру (проживание) ақысын жергілікті бюджеттен көтеруге рұқсат беруге қарсы емес.

"Көпшілік жағдайда сәулелі және протонды терапия ауруханада тәулік бойы болуды талап етпейді. Ол күндізгі стационар жағдайында өткізіледі. Бірақ қосымша аурулары бар сырқаттар сәулелі терапия процесінде ұзағырақ бақылауға мұқтаж. Бұдан бөлек, сәулелі терапияны алу курсы орта есеппен, 45–50 жұмыс күніне созылады. Салдарынан егер тұратын жері болмаса, онда өзге өңірдегі пациентке 1,5-2 ай бойы сәулелі терапия сеансын алу үшін орталыққа күн сайын қатынап тұруға тура келеді", – деп дәйектеді ведомство. 

Онкологиялық аурудан әлсіреген адамның күрделі ем-дом шарасынан соң қайтадан жолға шығуы қиын. Оның қалада қалып, демалғаны жөн.

Бұл жерде Денсауминінің де қолы қысқа: Ұлттық экономика және Қаржы министрлігіндегі әр тиынды санаған пысық жігіттер "әлеуметтік салаға тым көп шығын кетеді" деп, әлеуметтік жаңа жобаларын қаржыландыру бастамаларын құптамай тастайды. Олардың келісімі болмаса, кез келген жоба бюджет жобасына кірмейді.

Мысалы, ДСМ Үкіметке енгізетін аталған заң жобасында осы ұсыныстарының тұсына "РБК (Республикалық бюджеттік комиссия) мақұлдауын алу керек" деген виза соғып қойыпты.

Сол ұсыныстардың бірі жергілікті атқарушы органдарға мұқтаж санаттардың тұру (уақытша баспана, қонақүй) ақысын төлеу құзырын беруді көздейді. Министрлік ондай санаттарға балаларды, табысы күнкөріс шегінен төмен азаматтарды, сондай-ақ жұмыссыздық, отбасы мүшелерінің біреуінен айрылу, өртке, табиғи апатқа тап болу, жазатайым оқиға, төтенше жағдай сияқты қиын жағдайға ұшыраған аз қамтылған тұрғындарды қосуға кеңес берді.

Бұл ізгі бастамалардың қабылдануы не қабылданбауы мемлекеттің қаншалықты әлеуметтік бағдарланғанын паш етпек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу