АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен Мажарстан астанасында өтуі тиіс кездесудің болмайтынын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW агенттігіне сілтеме жасап.
"Біз президент Путинмен кездесуді тоқтаттық. Меніңше, бұл дұрыс шешім емес. Біз діттеген нәтижеге жете алмаймыз деп ойладым. Сондықтан да кездесуді болдырмадым. Бірақ та, болашақта оны міндетті түрде өткіземіз", – деді Трамп Ақ үйде өткен брифинг барысында.
Тілшілер Трамптан: "Ресей президентінің Украинаға қарсы өзі бастаған соғысты тоқтатқысы келеді деп ойлайсыз ба?" деп нақтылады.
"Олардың екеуі де бейбітшілікті қалайды деген ойдамын", – деді Ақ үй басшысы.
Дональд Трамп бұл соғысты тоқтататын уақыт келгенін тағы айтты. Бұдан басқа ол Ресеймен соғысты тоқтату жөніндегі келіссөздердің баяу жүріп жатқанына көңілі толмайтынын жеткізді.
"Шынтуайтқа келсек, Владимир Путинмен сөйлескенде әрдайым жақсы әңгіме болады, алайда кейін ол ешқандай нәтиже бермейді", – деп атап өтті АҚШ президенті.
Айта кету керек, бұған дейін Трамп пен Путин Мажарстанда кездесетінін жазғанбыз.