Қазақстанда кімдер жоғары жалақы алады?

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
7487

Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары тұрғындарының табысы төмен.

Қазақстанда кімдер жоғары жалақы алады?

Биылғы жылдың II жартыжылдығында ел азаматтарының орташа жалақысы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,6%-ға ұлғайып, 186,5 мың теңгеге жетті. Ал халықтың сатып алу мүмкіндігі инфляцияны қоса есептегенде 8,9%-ды құрады.

"2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" үш жылдық заңға енгізілген өзгеріс мемлекеттік және азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының жалақысын арттыруға мүмкіндік берді. Нәтижесінде республикалық бюджеттен жалақысы төмен қызметкерлердің еңбекақысын көбейтуге 38 млрд теңге бөлінді. Көрсетілген қаражат 1 шілдеден бастап бюджеттік мекемелерде мардымсыз айлыққа жұмыс істеп жүрген қызметкерлердің жалақысын 30%-ға, аудандар мен облыстарда еңбек ететін атқарушы органның қарапайым қызметкерлерінің жалақысын 25%-ға көбейтуге жұмсалатын болды. Кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жалақысы төмен қызметкерлердің айлығын 1 шілдеден емес, 1 маусымнан бастап көтеру туралы тапсырма берді. Іс барысында ең төменгі жалақы 1,5 есе өсті. Ал аз айлыққа жұмыс істеп жүрген жандардың салықтық жүктемесі 10 есе қысқартылды.

Статистика комитетінің зерттеуінше, орташа айлық жалақының ең жоғары көрсеткіші Атырау облысында тіркелген. Былтыр 291,3 мың теңге айлық алған атыраулықтар биыл 325 мың теңге табыс тауып отыр. Жалақы деңгейі бойынша екінші орында тұрған Маңғыстау облысының тұрғындары 289,6 мың теңге, үшінші орында тұрған нұр-сұлтандықтар 287,7 мың теңге жалақыға жұмыс істеп жүр.

Атырау облысында орташа айлық жалақы республикалық көрсеткіштен -74,2%, Маңғыстау облысында - 55,2%, Нұр-Сұлтан қаласында - 54,2% жоғары.

Айлық жалақысы төмен аймақтарға келетін болсақ, көш басында Жамбыл облысы тұр. Мұндағылар бір айда 126,5 мың теңге тауып, соған өмір сүреді. Солтүстік Қазақстан облысы тұрғындарының бір айлық бюджеті 130,3 мың теңгеден аспайды. Ал түркістандықтар 128,1 мың теңгені бір ай өмір сүруге жеткізеді.  

Бүгінгі таңда қаржы және сақтандыру саласының қызметкерлері жоғары жалақы алады. Бұған дейін де осылай болған. Қазір олардың айлық табысы 458 мың теңге. Тау-кен саласында еңбек ететін мамандар екінші орынға орналасқан. Олардың бір айлық еңбегі 387,3 мың теңге деп бағаланады. Үшінші орында техник мамандар тұр. Олардың пластикалық карталарына ай сайын 315,1 мың теңге түседі. Төртінші, бесінші орындарды ақпарат және байланыс саласының қызметкерлері мен құрылысшылар бөлісіп отыр. Алғашқылары ай сайын 274,9 мың, соңғылары 233 мың шамасында табыс табады.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу