2026 жылдың алғашқы тоқсаны республика экономикасының тамыр соғысы жиілеп, демі тарыла бастағанын аңғартқандай. Ұлттық статистика бюросы ұсынған "Қазақстан Республикасындағы субъектілер санының негізгі көрсеткіштері" – жалаң сандардың жиынтығы емес, елдегі іскерлік ортаның бүгінгі хәлінен сыр шертетін шежіре іспетті.
Бір қарағанда бәрі қалыпша, тіпті тамаша сияқты: ресми мәліметтерге сәйкес, 2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша елде жалпы саны 550 751 тіркелген заңды тұлға (юрлицо) бар. Сырттай қарағанда, жарты миллионнан асатын компаниялар "армиясы" тау қопарып, тас уатуға қайратты, жұмыла кетсе, кез келген экономиканы туу биікке көтеруге қауқарлы үлкен "армияға", қуатты күшке ұқсайды. Алайда оның құрылымын талдай бастағанда жағдай басқаша көрінеді: жартысынан астамы "жарамсыз" болып шықты.
Осы ауқымның ішінде 184 906 компания өз қызметін уақытша тоқтатқан. Яғни, сапта бар, бірақ заты жоқ. Тағы 4 103 компания банкроттық және жойылу процесінде. Басқаша айтқанда, "тіркелгендердің" үлкен бір бөлігі – іс жүзінде бизнестің статистикадағы "көлеңкелері", "елесі" ғана.
Статистика мамандары ашық ескертеді: тіркелген заңды тұлғалардың барлығы бірдей жұмыс істеп тұрған жоқ. Олардың көбі тіркелгенімен, нақты қызметке сол бойы мүлдем кіріспеген. Салдарынан, қазіргі уақытта Қазақстанда небәрі 203 233 "жұмыс істеп тұрған" заңды тұлға ғана қалды. Бұл жай ғана статистика емес, бұл іскерлік климатқа қойылған диагноз: тек әрбір үшінші компания ғана аман қалыпты.
Егер салалық құрылымға көз жүгіртсек, күйзелістің жекелеген бір секторға ғана емес, негізгісінің бәріне тамыр жайғаны байқалады. Белсенділіктің төмендеуі, сарапшылар тілінде "кең сипатқа ие" және экономиканың бүкіл басты салаларын қамтиды. Бұл құрғақ сөздердің артында бос қалған сауда залдары, тоқтап тұрған құрылыс нысандары, қаңырап қалған кәсіпорындар жатыр.
Тар жол, тайғақ кешуде көптеген "жауынгерінен" айрылған антилидерлер көшінің басында экономиканың келесі салалары тұр:
- Көтерме және бөлшек сауда – 45 682 заңды тұлғасы қызметін тоқтатқан немесе мүлдем жабылған;
- Құрылыс – 31 271;
- Өзге де қызмет түрлерін ұсыну – 20 075;
- Кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет – 11 770;
- Ауыл, орман және балық шаруашылығы – 11 283;
- Өңдеу өнеркәсібі – 10 448;
- Көлік және қоймалау – 8 274;
- Әкімшілік және қосалқы қызмет көрсету саласы – 8 127;
- Жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар – 7 556;
- Білім беру – 6 433;
- Ақпарат және байланыс – 6 363;
- Басқа салаларда – әрқайсысында 5 мыңға дейін.
Шағын бизнес те тығырыққа тірелді
Экономикалық ахуалдың ең сезімтал индикаторы саналатын, кез келген өзгеріске тез бейімделетін шағын бизнес сегментінде де жағдай мәз емес.
"2026 жылдың ақпанымен салыстырғанда, наурыз айында тіркелген жеке кәсіпкерлік (ЖК) субъектілерінің саны 2,3%-ға азайды. Ал, өткен жылдың наурызымен салыстырғанда олардың саны бірден 3,6%-ға қысқарды. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың өткен айымен салыстырғанда жұмыс істеп тұрған ЖК субъектілерінің саны 2,5%-ға, ал, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2,6%-ға азайып кетті", – деп хабарлады Ұлттық статистика бюросы.
2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша елде 1 754 076 жеке кәсіпкер тіркелген. Алайда олардың 64 335-і қазірдің өзінде әрекет етпейтіндер қатарында.
Сонымен қатар, былтыр жаңа Салық кодексі қабылданғанда-ақ көптеген дара кәсіпкер жаңа жылға дейін онысын жауып тастауға жүгірді. Нәтижесінде, егер 2025 жылдың 1 сәуірінде Қазақстанда 1 819 033 ЖК жұмыс істесе, содан бергі уақытта тағы 64 957 кәсіпкер қызметін доғарыпты.
Статистикаға сәйкес, Қазақстанда шетелдік заңды тұлғалардың филиалдары да жабылуда. 2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша олардың 865-і қызметін тоқтатқан, тағы 76-сы тарату сатысында тұр. Нарықтан қандай брендтердің кеткені ресми жарияланбады.
Соның салдарынан Қазақстан Республикасында шетелдік заңды тұлғалардың "тіркелген" 3 862 филиалы қалды. Дегенмен, оның ішінде бүгінде тек 2 134-і (!) нақты "жұмыс істеп тұр".
Егер бөлімшелермен шектелмей, шетелдік меншік нысанындағы заңды тұлғалар мен филиалдардың бәрін жиынтық түрде қарастырсақ, онда тіркелген барлық 65 952 субъектінің ішінен қазіргі уақытта тек 49 587-сі ғана белсенді болып қалған. Кәсіпкердің табанына кірген шөңге – экономиканың маңдайына тиген тас.
Осы ахуал аясында Үкіметтің қаржы-салық қанатындағылардың қуанышты мәлімдемелері "біртүрлі" естіледі. Қаржы министрі Мәди Тәкиев осы аптадағы Үкімет отырысында 2026 жылдың бірінші тоқсанында мемлекеттік бюджеттің кірістері бірден 17%-ға өскенін хабарлады.
Елдің бас қаржыгері жыл басынан бері республикалық бюджетке 4,2 трлн теңге түсімді түсіргендерін жариялады. Бұл жерде санның өзінен оның мәнісі маңыздырақ. Мәди Тәкиев бюджеттің кіріс бөлігіне сыртқы факторлар айтарлықтай әсер еткенін мәлімдеді. Мұнайдың орташа бағасы барреліне 80,6 долларға дейін көтерілгендіктен, экспорттық кеден салығы бойынша қосымша 40,5 млрд теңге түскен екен.
Алайда "теңге бағамының шектен тыс қымбаттауы (долларға шаққанда болжанған 540-тың орнына 497,7 теңгеге дейін) республикалық бюджетке түсетін түсімдерді" 146 млрд теңгеге кемітіп тастапты.
"Осылайша, сыртқы баға конъюнктурасы, соның ішінде бағамдық айырма республикалық бюджет кірістерінің негізгі тежегіші болды. Салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру есебінен қосымша 137,6 млрд теңге түсім қамтамасыз етілді", – деді министр Тәкиев.
Айта кетер жайт, биылғы 26 ақпанда Қаржы министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісіне қатысқан Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин 2026 жылы 4 трлн теңгеден астам салық түсімін қамтамасыз ету міндетін қойған еді.
Сонымен бірге, вице-премьер әкімшілендірудің әділ болуға тиіс екенін нықтап, салық жинауда цифрлық құралдарға сүйенуді және ең бастысы бизнеске артық қысым жасауды болдырмауды жүктеді.
Бизнес борыш батпағына да белшеден батып жатыр. Uchet.kz жариялаған ақпаратқа сәйкес, 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша елімізде бюджетке алым-салығын төлей алмаған 157 мың борышкер бизнес нысаны тіркелген.
Берешектің жалпы сомасы 1,1 трлн теңгеге жетті: оның 557 млрд теңгесі – негізгі салық, 493 млрд теңгесі – өсімпұл (пеня) және тағы 23,5 млрд теңгесі – айыппұлдар.
Микро және шағын бизнес бойынша көрсеткіштер ерекше назар аудартады: олардың арасында жиынтық берешегі 273 млрд теңгені құрайтын 67 157 борышкер бар. Қарыз құрылымы мынадай: 90 млрд теңгесі – өсімпұлдар және 6,5 млрд теңгесі – айыппұлдар. Яғни, кәсіпкерлердің мемлекетке қарызының үлкен бір бөлігін салықшылар есептеген айыппұлдар-өсімпұлдар құрайды.
Әлбетте, биыл мемлекет салықтық рақымшылық жариялап, кәсіпкерлерге біршама жеңілдік жасағандай болды. Соның аясында 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін қордаланған негізгі қарызын 1 сәуірге дейін толық өтегендердің өсімпұлдары мен айыппұлдары, сондай-ақ қосылған құн салығы бойынша тіркеуге кешігіп тұрғаны үшін салынған айыппұлдары есептен шығарылуға тиіс еді.
Алайда әлеужелілер мен құзырлы мекемелерге жолданған арыз-шағымдарында кәсіпкерлердің осы бір титтей игіліктің өзіне қол жеткізе алмай, сан түрлі сылтаумен тауы шағылып жатқанын мәлім етті. Бұл наразылықтың "жаны бар" екенін ресми деректер жанама түрде растап отыр. Жоғарыда айтылған 1,1 триллион теңгелік берешектің бүгінде небәрі 7,7 миллиарды немесе символикалық 0,7% ғана өтелген.
"Бізде "Жаңадан баста" бастамасы іске асырылуда, оның аясында бизнес қазірдің өзінде 11 млрд теңгеге негізгі берешегін өтеді. Бұл ретте 17 мың шағын және микробизнес субъектілері үшін 7,7 млрд теңгенің айыппұлдары мен өсімпұлдары есептен шығарылды", – деді қаржы министрі Мәди Такиев.
Кәсібінен береке кеткен адамның берешегін еселеп өсіру қандай қисынға сыяды? Салық – мемлекеттің ұстыны, бірақ ол кәсіпкердің "қабіріне" айналмағаны жөн. Айыппұлдар арқылы бюджет толтыру болашақты бүгін жеп қоюмен бірдей.
Жасанды интеллект табиғи құлдырауды тоқтата ма?
Экономистер жаңа Салық кодексі күшіне енгеннен кейін экономикалық өсім динамикасының айтарлықтай төмендегеніне назар аудартып жүр. Жаңсақ пікір емес сияқты. Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысында ЖІӨ өсімі небәрі 3%-ды құрағанын мәлімдеді.
"Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында экономиканың сапалы және тұрақты өсімін қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл міндет өңдеу өнеркәсібін дамыту, инвестициялық белсенділікті арттыру, өндірістерді технологиялық жаңарту арқылы жүзеге асырылуда. Осы кезеңде ЖІӨ-нің нақты өсімі 3%-ды құрады. Көрсеткіштің шикізаттық емес сектордағы, соның ішінде өңдеуші салалардағы, көлік, құрылыс және саудадағы тұрақты өсім есебінен қамтамасыз етілгенін атап өту маңызды", – деп түсіндірді Бектенов.
Алайда, тек деңгей ғана емес, динамика да маңызды. Салыстырсақ, Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, былтыр, 2025 жылдың бірінші тоқсанында ЖІӨ өсімі нақты мәнде 5,6%-ды құрап, "жаһандық тұрақсыздық жағдайындағы экономикалық өсімнің жоғары көрсеткішіне" қол жеткізген еді. Бірақ биыл неге ЖІӨ өсімінің қарқыны екі есеге жуық құлағаны Үкімет отырысында жария етілмеді.