Қазақстанда Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы басталды

376

Бүгін, 23 тамызда, Қазақстанда Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауына дауыс беру басталды.

Қазақстанда Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы басталды Фото: СІМ

Ел бойынша барлығы 10 423 сайлау учаскесі дайындалды. Оның ішінде 107 учаске таңғы сағат 06:00-де жұмысын бастады. Олар әскери бөлімдерде, стационарлық медициналық мекемелерде, үздіксіз өндіріс орындарында, вахталық әдіспен жұмыс істейтін кәсіпорындарда және арнайы мекемелерде орналасқан, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Сағат 06:00-де ашылған учаскелерде тізімге енгізілген барлық азаматтар дауыс беріп үлгерсе, дауыс беру белгіленген уақыттан бұрын аяқталуы мүмкін. Ал сағат 07:00-де ашылған қалған сайлау учаскелері кешкі сағат 20:00-ге дейін жұмыс істейді.

Шетелде де Қазақстанның 61 мемлекеттегі өкілдіктері жанынан 79 сайлау учаскесі ашылды.

Сайлаушылар тізіміне 12 605 788 азамат енгізілген. Заң талаптарына сәйкес бюллетеньдер сайлаушылар санынан 1 пайыз артық көлемде басылып, жалпы 12 731 847 бюллетень дайындалды.

Дауыс беру тәртібіне сәйкес, сайлаушы жеке басын куәландыратын құжатын көрсеткеннен кейін бюллетень алады. Бюллетень сайлаушылар тізіміне қол қойылған соң беріледі. Оны арнайы жасырын дауыс беру кабинасында толтыру қажет.

Сайлаушы таңдаған саяси партия атауының оң жағындағы бос шаршыға немесе "Барлығына қарсымын" деген жолдың қарсысындағы шаршыға белгі қояды. Толтырылған бюллетень сайлау жәшігіне салынады. Бюллетеньді қарындашпен толтыруға және оған түзету енгізуге болмайды.

Сондай-ақ сайлау күні толтырылған бюллетеньді фотоға немесе бейнежазбаға түсіруге және мұндай материалдарды таратуға тыйым салынады.

Құрылтай депутаттарын сайлауды бақылауға 777 халықаралық байқаушы аккредиттелген. Олардың қатарында 42 шет мемлекеттен келген 160 байқаушы және 13 халықаралық ұйымның 617 өкілі бар. Сонымен бірге 41 елдің парламенттерінен 138 депутат, сондай-ақ 22 мемлекеттің орталық сайлау органдарының өкілдері сайлау барысын бақылауға қатысуда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу