Қазақстанда Қытай қарызына салынып жатқан жолдар күрт қымбаттады

4450

Мемлекеттің сыртқы борышы тоқтаусыз артып барады.  

Қазақстанда Қытай қарызына салынып жатқан жолдар күрт қымбаттады

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясын дамытудың 2023-2032 жылдарға арналған ұзақ мерзімді жоспарын ұсынды. Құжатты әзірлеу барысында министрлік жұмылдырған сарапшылар автомобиль жолдарына қатысты ахуалға терең талдау жүргізді. Біраз қызықты жайттар әшкереленіп отыр.

Мысалы, Қазақстандағы халықаралық дәліздер мен республикалық трассалардың құрылысы негізінен, шығыс көршіге тәуелді екені байқалады. Себебі еліміздің жол құрылысы жобаларының үлкен бөлігін Қытай қаржыландырады.

ҚХР төл мемлекеттік банкі арқылы несиелендіріп отырған қазақстандық жобалар дүркін-дүркін қымбаттауда. Әрине, өзге жобалар құны да өсіп жатыр. Бірақ ең үлкен қымбатшылық қытайлық қаржыландыруға қатысты жобаларды жайлапты.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, биылғы 2022 жылы негізгі жол-құрылыс материалдарының құны орта есеппен 50%-ға шарықтап кетті. Бұл қазір іске асырылып жатқан жобалар бойынша жобалық-сметалық құжаттамалар (ЖСҚ) құнының өсуіне алып келді. Соның ішінде өзіміздің республикалық бюджеттен қаржыландырылатын жобалардың бағасы 25%-ға өссе, ал Қытай халық республикасының Эксимбанкі қаржыландыратын жобалар бойынша қымбаттау 28% және одан көп болды.

Министрліктің түсіндіруінше, жол құрылысының қымбаттауына әкелетін факторлар көп. Соның бастысы, автожол жобаларын іске асыру циклы көп жағдайда бюджет процесінің кезеңімен сәйкес келмейді. Жол құрылысының жобасы, ЖСҚ-сы нақты сол жылдағы бағаларды басшылыққа алып, әзірленеді де, мүдделі министрліктердің қарауына енгізіледі. Ал ел бюджеті жыл соңында қабылданады, жаңа жылдың басында күшіне енеді. Әрі қарай бюджетті жүзеге асыру үшін Үкіметтің тиісті қаулысы, өзге нормативтік құқықтық актілер қабылдануға тиіс. Ол біраз уақытты алады. Содан соң тендерлер дайындалып, өткізілуі шарт, олар бірнеше айға ұзауы мүмкін. Нәтижесінде, мердігерлер көбіне күзге қарай, жол төсеуге ең қолайсыз уақытта құрылысқа кірісе алады. Бірақ жобалар былтыр жасалғандықтан, онда көрсетілген бағалар бір жыл ішінде өзгеріп, қымбаттап кетеді.

"Сонымен қатар құрылыс материалдарының, көрсетілетін қызметтер мен жұмыстардың, машиналар мен құрал-жабдықтардың тұрақты қымбаттауы, ұлттық валюта бағамының тұрақсыздығы жобаның объективті қымбаттауына соқтырады. Ресми көздерден алынған, нарықтық шынайы жағдайға сәйкес келмейтін ескірген баға номенклатурасын қолдану да проблеманы күрделендіре түседі. Жобалардың қымбаттауы жобалау-сметалық құжаттаманы (ЖСҚ) түзету қажеттілігін туындатады. Бұл ретте құрылыс жұмыстары меморгандардың қорытындысын алғанға дейін тоқтатылады. Ал ЖСҚ-ны түзету ұзаққа созылады. Осының бәрі ақыры жол төсемінің сапасына теріс әсер етеді. Бұған сатып алу рәсімдерінің ұзақтығы, жете қаржыландырмау мәселесі қосылып, жол құрылысының сапасына кері ықпал етеді", – деп түсініктеме берді министрлік.

ИИДМ қаржыландыру жоспарын түзету жиі кездесетінін айтады. Бірақ министрлік оны өзі түзетіп бере алмайды. Бюджетке жауапты Қаржы министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігінің алдынан өтіп, келісімін алуы шарт. Мұның бәрі маңызды жол құрылысын "іске асырудың бүкіл процесін қиындатады". Жолдар құрылысының соңы сиырқұйымшақтанып, жылдан-жылға созылатыны да содан.

Министрлік оның үстіне еліміздегі автожолдар құрылысының жете қаржыланбайтынына шағымданады. Салаға құйылатын қаржы жылдан жылға азайып келеді.

"Халықаралық және республикалық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау және жөндеу жобаларын қаржыландырудың 2013-2021 жылдардағы жыл сайынғы динамикасы талданды. Талдау соңғы жылдары жол салуға және қайта құруға арналған шығындарды қаржыландырудың тұрақты төмендеуін көрсетті. Атап айтқанда, егер 2017 жылы республикалық бюджеттен жол салуға және реконструкциялауға 187,1 млрд теңге бағытталса, 2018 жылы бұл сома – 121,6 млрд теңгеге, 2019 жылы – 100,2 млрд теңгеге, 2020 жылы – 58,7 млрд теңгеге және 2021 жылы – 47 млрд теңгеге дейін құлдырады", – деп мәлім етті ИИДМ.

Республикалық бюджеттен қаржы азайған соң, сала шетелден қарызды көп тартады. Әйткенмен, бүгінде халықаралық қаржы ұйымдары ол қарыздың қайтатына мемлекеттің кепілдік бергенін азсынады. Жобаға мемлекеттің де төл қаржысын салуын талап етеді. Мәселен, Қытайдың Эксимбанкімен арадағы кредиттік келісімдердің талаптарында жобаның 15%-ы республикалық бюджеттен қаржыландырылуы талап етіледі. Еуропа қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) мен Азия даму банкі (АДБ) – 12% мөлшерінде қоса қаржыландыруды сұрайды.

2022 жылғы жағдай бойынша ЕҚДБ, ҚХР Эксимбанкі және АДБ-дан мемлекеттік кепілдікпен жол құрылысын жүргізуге жалпы сомасы 2 млрд 552 млн долларға және қосымша 202 миллиард теңгеге 10 заем алынған.

Жатжұрттардан осынша мол қарыз алудан келетін қауіп бар. "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясын дамытудың 2023-2032 жылдарға арналған ұзақ мерзімді жоспарында осы қарыздарды өтеудің шырқау шегі әлемнің жаңа тарихындағы ең күрделі, дағдарысты кезеңге тұспа-тұс келіп, қауіп тудыратыны жазылған.

"Сыртқы қарыздарды өтеу кестесін талдау көрсеткендей, негізгі жүктеме 2023-2036 жылдар кезеңіне тура келеді. Бұл жаһандық саяси-экономикалық жағдайдың нашарлауына, санкциялық текетірестердің өршуіне, әлемдік экономиканың жаһандану деңгейінің төмендеуіне байланысты сын-қатер болып табылады", – делінген құжатта.

Жалпы алғанда, Үкіметтің жалғыз жол құрылысына ғана емес, басқа да ірі жобаларына мемлекеттің кепілдігімен алған қарыздарын өтеу сомасы алда тек арта бермек.

Нақтыласақ, мемлекеттік борышқа қызмет көрсетуге республикалық бюджеттен 2023 жылы – 1 трлн 759 млрд, 2024 жылы – 1 трлн 965,4 млрд, ал 2023 жылы – 2 трлн 164,8 млрд теңге шығындалады деп жоспарланған.

Бұған қоса, "ҚазАвтоЖол" мәліметінше, жол саласын күтіп ұстау мен дамыту да айтарлықтай қаржы ресурстарын бөлуді талап етеді. Қазақстанда енді жол құрылысы бағдарламалар аясында емес, Үкіметтің 2021 жылғы 12 қазандағы №729 қаулысымен бекітілген "Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері" ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылады.

Ұлттық жобаның міндеттерін орындау үшін жалпы сомасы 970 млрд теңге қарастырылған. Ұлттық компания оның тым аз екенін жеткізді: 2025 жылға дейінгі қажеттілік шамамен 4 трлн 953 млрд теңгені құрап отырған көрінеді. Соның ішінде республикалық жолдарды реконструкциялауға – 3 трлн 935,9 млрд теңге, ал жөндеу жұмыстарына – 1 трлн 17,3 млрд теңге қажет екен.

Жолдар шет-шегі жоқ түпсіз шыңырауды елестетеді. Қанша жерден жүздеген миллиард қаржы құйса да, жұмырығына жұқ болмайды. Бұл сала Қазақстанды өзге елдерге тәуелді етіп тынуы ғажап емес.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу