Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Демографиялық үдерістерді талдау және болжау орталығын құруды тапсырды. Жаңа орталық жасанды интеллект технологиялары негізінде жұмыс істеуі тиіс.
Сарапшылар бұл Қазақстан үшін жақсы бастама екенін айтады. Себебі елдің әлеуметтік-экономикалық дамуында демографиялық үрдістердің маңызды рөл атқаратыны сөзсіз. Жаңа орталық құрылған жағдайда, қандай бағыттарға басымдық берілуі керек және нақты қандай мәселелерді шешуі тиіс? Осы тақырыпта демограф Аяулым Сағынбаеваның пікірін білдік, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Президент өз Жолдауында демография саласында мәліметтерді тиісті деңгейде есепке алып, талдау жасау жолға қойылмағанын айтты. Неге бұл салаға осы уақытқа дейін тиісті көңіл бөлінбей келді?
Бұған дейін талдау жасалмағанда, өкілетті орган болмаған. Әлі күнге дейін демографиялық саясат жоқ. Мысалы, өлім-жітім мәселесі Денсаулық сақтау министрлігіне, жәрдемақы мәселесі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне, аймақты дамыту мәселесі Ұлттық экономика министрлігіне қатысты болды. Сәйкесінше өкілетті орган болмағандықтан, бұл зерттеулерді бүгінге дейін ешкім талап етпеді. Яғни, түрлі секторларда түрлі демографиялық процестердің өзіне емес, белгілі бір көрсеткіштеріне ғана жауапты органдар бар. Енді бұған дейін не себепті бұлай болғанын decision maker-лер, яғни шешім қабылдаушы азаматтар айтуы керек. Шыны керек, не себепті бұл салаға көңіл бөлінбей келген деген сұрақтың жауабын білмеймін, өйткені біз ол туралы 2010 жылдан бастап, Прагадан демографтар магистратура мен докторантураны тәмамдап келгеннен айтып келе жатырмыз.
– Стратегиялық жоспарларды жасау үшін қазіргі статистикалық мәліметтер жеткілікті ме? Неге басымдық берген жөн?
Стратегиялық жоспарларды жасау үшін қазіргі статистикалық деректер жеткілікті, өйткені Ұлттық статистика бюросы 5 мыңнан аса статистикалық мәліметтерді жыл сайын жариялап отырады. Бұдан бөлек он жылда бір жасалатын ұлттық санақтың деректері бар. Қазір ауыл шаруашылығының санағы өтіп жатыр. Басымдық белгілі бір нәрсеге берілмейді, барлық мәселелерді қарастырған жөн. Халықтың саны, жас-жыныстық құрылымының дамуы, оның болашақта қандай болатынын болжау мәселелері, урбанизация, көші-қон, халықтың қартаюы сияқты мәселелер бар. Демографиялық үрдістердің қайсыбірі ерекше маңызды, екіншісі маңызды емес деп айта алмаймыз.
– Мемлекет басшысы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің базасында ауқымды деректер мен жасанды интеллект технологиялары енгізілген Демографиялық үдерістерді талдау және болжау орталығын құруды тапсырды. Орталық нақты қандай мәселелерді шешуі тиіс?
Орталық бірінші кезекте демографиялық мәселелермен айналысуы керек. Бұл – халықтың жалпы санының дамуы, жас-жыныстық құрылымының дамуы, урбанизация мәселесі, көші-қон, өлім-жітім мәселесі, туу көрсеткіші. Халықтың қартаюы мәселелерін де қарастыру керек. Стратегиялық дамудың, стратегиялық құжаттардың, концепциялардың, басқа да заңнамалардың енгізілуі, жалпы өңірлік дамудағы жоспарлаудың барлығы қаншалықты демографиялық дамуға сәйкес жасалып жатқандығы туралы мәселелерді қарастыру керек шығар деп ойлаймын. Тапсырма күні кеше ғана берілді. Ол бірден іске аспайтын дүние. Орталықтың ашылуымен байланысты түрлі процедуралар бар. Қалай ашылады, не істейді – бұның барлығы даму және стратегиялық жоспарлау агенттігінің шешімімен жүзеге асады. Оған біршама уақыт керек.
– Орталықтың табысты жұмыс істеуі үшін қандай халықаралық тәжірибелерді үлгі етуге болады? Бұл орталық мемлекеттік шешімдер қабылдау процесіне қандай нақты үлес қоса алады?
Халықаралық тәжірибеге сүйену деген мәселеге ерекше назармен қараймын, себебі бірінші кезекті біздің өзіміздің үлгіміз болуы керек. Әр елдің экономикалық мүмкіндіктері, проблемалары әртүрлі. Бірақ жалпы халықаралық деңгейдегі белгілі зерттеу институттарының, демографиялық орталықтардың жұмысы сияқты жүзеге асуы тиіс. Яғни, секторды түрде болуы керек: халықтың санының дамуы, жас-жыныстық құрамы, туу мен өлім-жітім деңгейін зерттеу, көші-қон. Кез келген зерттеу орталықтары зерттеу жасағанда ұсыныстар береді. Бұл ұсынымдық сипатта ие. Оны қаншалықты қабылдайды немесе қабылдамайды – шешім қабылдаушы органдарға байланысты. Сондықтан жалпы демографиялық дамуға келген кезде біз біржақты осы орталықпен ғана шектелмеуіміз керек. Зерттеу жұмысы бір бөлек, ең бастысы шешім қабылдаушы органдарда, мемлекеттік қызмет атқаратындарда, квазимемлекеттік секторды, жалпы демографиялық білім мәселесін де қарастыруымыз керек.
– Big Data мен жасанды интеллектті қолдану демографиялық болжамдарды қаншалықты жақсартады?
Бірінші кезекте жасанды интеллектке келетін болсақ, бұл үрдістің қалыптасқанына көп уақыт болған жоқ. ЖИ демографиялық болжауларды жасағанда қаншалықты жақсартады дегенге келсек, оның барлығы көп ауқымды деректерді өңдеуге арналған құрал ретінде қабылданады. Бірақ әзірге ЖИ-ге түбегейлі барлығын тапсыра алмаймыз, себебі ол біршама қателіктер жібереді. Бұл сұрақ әлі үлкен зерттеуді қажет етеді.
Жалпы алғанда, Президенттің бұл шешімі – өте маңызды шешімдердің бірі. Орталықты Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің базасында жасау өте дұрыс шешім деп қабылдаймын, себебі бұл статистикалық деректерге қолжетімділікті жеңілдетеді. Ұлттық статистика бюросы осы агенттіктің құрамында екені белгілі. Екіншіден, бұл орталық кезекті зерттеу орталықтары сияқты емес, есептеуден бөлек, оқу үрдісін дамытатын, эксперттік үлкен талдау орталықтарының бірі болады деген сенімдемін.