Жаңа оқу жылы Қазақстанда ата-аналар чаттарында қызу талқылауға себеп болды. Бұған мектеп қауымдастығының бірінде таратылған хабарлама түрткі болды. Онда кешігу, дресс-кодты бұзу, тіпті ата-аналардың бейәдеп сөз қолдануы үшін айыппұл енгізілетіні айтылған.
Әлеуметтік желі қолданушысы мұндай шаралардың заңдылығына күмән келтіріп, көпшілікті толғандырған сұрақты көтерді: мектептің ақша өндіріп алу құқығы бар ма? Осыған байланысты Inbusiness.kz редакциясы ҚР Оқу-ағарту министрлігінен ресми түсініктеме алды.
Оқиға ата-аналар чатына шыққан скриншоттардан басталды. Онда жаңа ережелер туралы хабарланған:
Міндетті іскерлік үлгідегі киім, бұзған жағдайда "ескерту жасамай айыппұл салынады".
Сабаққа кешігу үшін "бақылауға алынып, айыппұл салынады".
Ата-аналардың бейәдеп сөз қолдануына жеке "айыппұл".
Бұл хабарлама ата-аналар арасында сұрақтар туғызды: "Бұл қаншалықты заңды?", "Айыппұл кімнің қалтасына түседі?". Сондай-ақ, үш хаттама толтырылған соң іс құқық қорғау органдарына берілетіні жазылған.
Министрліктің ресми жауабы: Мектеп айыппұл салмайды, тек тіркейді.
ҚР Оқу-ағарту министрлігі Қарағанды облысының білім басқармасының дерегіне сүйеніп, 2025 жылғы 1 қыркүйекте Қарағанды қаласындағы №63 орта мектепте Қамқоршылық кеңесінің отырысы өткенін хабарлады. Онда жаңа оқу жылына дайындық мәселелері қаралып, мектеп ішкі тәртіп ережелері түсіндірілген. Ведомствоның айтуынша, әлеуметтік желіде таралған мәтінді мектеп әкімшілігі мен педагогтар әзірлемеген.
Министрлік мектептер мен мұғалімдердің айыппұл салуға құқығы жоқ екенін растады. Олардың міндеті – тәртіп бұзушылықтарды тіркеу және құзырлы органдарға жолдау.
Дегенмен бұл ата-аналарды жауапкершіліктен босатпайды. Қазақстан заңнамасы ата-аналардың міндеттерін орындамағаны үшін нақты жауапкершілік тетігін белгілейді.
Негіз ретінде ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы алынады. Ол ата-аналар мен заңды өкілдердің баланы тәрбиелеу, оқыту және қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін жауапкершілігін қарастырады.
Бұл бапқа мынадай бұзушылықтар жатады:
Сабақты себепсіз жүйелі түрде қалдыру.
Баланың үлгерімі мен тәртібін бақыламау.
Кәмелетке толмағанның алкоголь, есірткі қолдануына, қаңғыбастыққа немесе қайыршылыққа баруына жол беру.
Баланың қасақана құқық бұзушылық жасауы.
Айыппұл мөлшері мен рәсімі
Заңда мынадай айыппұлдар қарастырылған:
- Бірінші бұзушылық – 10 АЕК айыппұл.
- Қайталанған жағдайда – 15 АЕК немесе 5 тәулікке дейін әкімшілік қамау.
- Егер ата-аналардың әрекеті немесе әрекетсіздігі ауыр салдарға әкелсе – 20 АЕК немесе 10 тәулікке дейін қамау.
Айыппұл салу рәсімі қатаң реттелген. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы мына органдар толтыра алады:
- Ішкі істер органдары;
- Білім беру органдары;
- Балалардың құқықтарын қорғау және әлеуметтік қорғау органдары.
Материалдар кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға беріледі. Шешімді солар қабылдайды.
Биылғы жаңа енгізілім: Буллинг үшін айыппұл
Осы оқу жылынан бастап Қазақстанда мектептегі травлямен күреске бағытталған жаңа шаралар күшіне енді. Енді буллинг пен кибербуллинг (баланы жүйелі түрде қорлау, қудалау, қорқыту, еркінен тыс әрекетке мәжбүрлеу) үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Жауапкершілікке тікелей қорлаушы тартылады, ал егер ол 16 жасқа толмаса – оның ата-анасы немесе заңды өкілдері.
Жаза мынадай:
- Бірінші рет – ескерту немесе 10 АЕК айыппұл.
- Қайталанса – айыппұл үш есе өсіп, 30 АЕК болады.
Осылайша, заң ата-аналық тәрбиедегі олқылықтармен қатар, мектептегі травля сияқты деструктивті құбылыстарға қарсы нақты тетіктерді қарастырады. Ең маңыздысы – айыппұл салу туралы шешімді мектеп директоры немесе мұғалім емес, уәкілетті мемлекеттік органдар мектеп тіркеген жүйелі әрі ауыр бұзушылықтар негізінде қабылдайды.