Қазақстанда ойын бизнесі өркен жаюда, ал салығы күрт кемімек

5124

Саладағы үш алпауыттың төлейтін бүкіл салығы мемлекеттік телеарнаны ұстап тұру шығынын да өтемейтін көрінеді.

Қазақстанда ойын бизнесі өркен жаюда, ал салығы күрт кемімек

Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың "2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заңының жобасына Парламент Мәжілісіне жолданған түсіндірме жазбасынан білуге болады. 

Құжаттан белгілі болғандай, биыл құзырлы органдар тексере келе, үш алпауыт букмекерлік компанияның салық төленуге тиіс табысын жасырғанын әшкерелеп, ол үшеуінен 16 млрд теңге қосымша қаражат өндіріліпті. Сондықтан келесі жылы ойын бизнесінен түсетін түсім дәл осынша сомаға күрт азаяды. Әрине, егер құзырлы органдар олардың былығын тағы әшкерелеп, ірі айыппұл салса, қосымша өндірсе, онда жағдай түзелуі мүмкін.

"Ойын бизнесіне салынатын салық бойынша 2023 жылға арналған болжам 12 млрд 589,6 млн теңге сомасында айқындалды. Бұл ретте ол біріншіден, салықтық тексерулердің қорытындысы бойынша "Alpha-bet" ЖШС, "Олимп kz" ЖШС және "Onlibet" ЖШС-ларынан түскен біржолғы түсімдер есебінен 16 млрд теңгеге азаяды. Екіншіден, болжамдалатын инфляция деңгейінің өсуі есебінен 2022 жылғы бағалауға қарағанда 986,3 млн теңгеге ұлғаяды", – деп түсіндірді Үкімет басшысы.

Осылайша, жаңа үш жылдық басты қаржылық құжат – республикалық бюджет жобасында ойын бизнесінен 2023 жылы – 12 млрд 589,6 млн теңге, 2024 жылы – 13 млрд 156,1 млн, ал 2025 жылы – 13 млрд 616,6 млн теңге салық түседі деп жоспарланып отыр.

Сонымен бірге премьер өз түсіндірме жазбасында, мысалы, мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асыру аясында алдағы 2023 жылы телерадио хабарларын таратуы үшін бюджеттен "Хабар" АҚ-ғаа – 16 млрд 494 млн, ал "Қазақстан" РТРК" АҚ-ға – 26 млрд 145 млн теңге қаржы жұмсалатынын ашық айтты.

Яғни Жаңа Қазақстанның елді қан қақсатқан казино, букмекерлерден табатын табысы мемлекеттік үгіт-насихатының жұмырығына да жұқ болмайды екен.

Ал құмар ойынды ұйымдастырушылар халықты азапқа салуын жалғастыруда. Бар тапқанын соларға салып, қайыршыланғандар, тіпті өзіне-өзі қол салғандар, құмаройындарға есі кетіп, үйі мен мүлкін сатып, отбасын далада қалдырғандар туралы Inbusiness.kz талай жазды.

Айтқандай, қылмыс жайлаған саланы заң аясына оралту үшін бұрынғы Үкімет Мөлшерлемелерді есепке алу орталығын құрды. Оған сәйкес, барлық букмекерлік кеңселер сонда тіркеуден өтіп, тиісті ақысын аударып тұруы қажет. Бұған қоса, 2021 жылдың 4 қаңтарынан бастап, букмекерлік ставка жасағысы келетін әрбір ойыншы осы МЕО-да (МЕАО деп те жазылады) тіркеліп, идентификациялаудан өтуге міндетті.

Бірінші қадамда ойыншылар МЕО-ға тіркеліп, сәйкестендіру процедурасынан өтеді. Екінші қадамда әр ойыншы үшін жеке кабинеті ашылады, жеке әмиян жасалады. Сол арқылы орталық ойыншылардан бәс құны үшін қолма-қол және онлайн түрде ақша алады. Әрі қарай букмекерлік кеңселерге де орталық аударады. Яғни ортадағы делдал.

Үшінші сатыда МЕО платформасында ойыншылар орталықпен шарт жасасқан букмекерлік кеңселерді таңдайды және олардың сайтында тіркеледі. МЕО ақшаны букмекер шотына аударады, сома ойыншының шотында көрсетіледі. Ойыншы ставка жасайды, бәс тігеді.

Бұл делдал ойыншыға не береді? Егер ол спорттық жарысқа бәс тігіп, ақша ұтса, онда сол ұтысын кепілді түрде ала алатын көрінеді. Жеңіске жеткен кезде ойыншы ақшаны әлгі схема бойынша алады, тек процесс кері тәртіпте жүреді. Букмекерлік кеңсе қаражатты МЕО шотына аударады, сол жерден олар ойыншы әмиянына түседі.

"МЕО біріншіден, Қазақстан аумағында букмекерлік кеңселердің қызметін заңдастырады. Екіншіден, букмекерлік кеңсе, ойыншы және реттеуші арасында толық ашықтық пен сенімділікті қалыптастырады. Үшіншіден, МЕО ойыншылар мен букмекерлердің мүдделерін сақтайды және құқықтарын қорғайды. Ойыншыға ұтыстарын кепілдендірілген түрде төлейді және адал емес ұйымдастырушылардан қорғайды", – делінген орталықтың сайтында.

Алайда содан бері толыққанды жұмысын бастай алмаған орталықтың айналасы даудан арылмай тұр. Сондықтан таяуда Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев ойын бизнесінің және төлем жүйелерінің өкілдерін жинап, МЕО болашағына қатысты жиын өткізді.

Саясаттанушы Марат Шибұтовтың әңгімелеуінше, онда бұл орталықты жекеменшік немесе мемлекеттік меншік нысанында құру, оның бизнеспен өзара ықпалдастығын дұрыс жолға қою мәселелері талқыланыпты. Сала бизнесмендері оның қазіргі күйдегі қызметіне қарсы көрінеді.

"Қазіргі күйде Мөлшерлемелерді есепке алу орталығы ойын бизнесінің де, төлем жүйелері бизнесінің де мүдделерін мүлдем ескермейді. Бұл тетік бұрынғы министр мен Үкімет тұсында әзірленген. Ол жеке монополияны қалыптастыруға бағытталды, ал бұл қазақстандық экономиканың, жаңа дәуірдің талаптарына сәйкес келмейді. Оның үстіне біз министрге МЕО-ға қатысты нормаларды жасырын тұрған әлдекімдер өз мүддесі үшін ілгерілетіп жатқанын қадап айттық. Өйткені әу бастан бұл жобаны жеке компаниялар жүзеге асырады деп қарастырылды", – деді журналистерге қатысушылардың бірі, Қазақстан букмекерлері қауымдастығының басшысы Арай Сагынтай.

МЕО сайтында Мәдениет және спорт министрлігімен серіктестікте Қазақстанда ставкаларды есепке алу орталығын енгізетін төлем ұйымы "EXIRIUS" ЖШС екені, ал "PayBox.money" ресейлік компаниясы – технологиялық серіктесі болып табылатыны жазылған.

Сала ойыншылары әр жаққа тартып, әр тарап өз мүддесін тықпалап, тайталасып жатқанда, екі ортада қарапайым ойыншылар зардап шегуде.

Алматылық Үсен Райымжанов жанкүйер ретінде футболдан, клубтардан жақсы хабары бар. Осы білімін табыс табуға пайдалану үшін букмекерлік кеңседе бәс тігуге ұйғарады. Қазіргі кезде онлайн букмекерлер жарнамасының көрігі қызып тұр. 

"Zenitbet, Мostbet букмекерлеріне ставка жасадым. Олардың сайттары Қазақстанда бұғатталмаған. Қолдан жасалса керек, әлеуметтік желілерде, ғаламторда олар туралы жақсы пікірлер қалдырылған. Алайда шынында заңсыз істейтін болып шықты және құқық қорғау органдары өзін жазаламайтынын пайдаланып, бәс тігушілерді алдап кететінін кейін түсіндім. Әлгі букмекерлер менің ақшамды заңсыз тәркілеп алды. Олардың қауіпсіздік қызметіне шағымдарым жауапсыз қалды, елемейді. Бір ғана Zenitbet-те 200 мың теңгем жоғалып кетті. Осыған шағымдана бастап едім, логинімді бұғаттап тастады. Ізінше Mostbet те 220 мыңға жеткен шотымды тәркіледі. Аккаунтым қалпына келтіру мүмкіндігінсіз бұғатталғанын жазып жіберді", – дейді Үсен.

Ол қаражатын қайтара алмайтынын ұғынған. Бірақ бұлардың өзін Қазақстанда бұғаттап тастау үшін шағымданыпты.

Жалпы ол дегеніне жетті де, Zenitbet.com, Мostbet.com сайттарына тосқауыл қойылды. Бірақ жеңіс толық болмады. Олар қазір zenitbet.com.kz, mostbetkz95.com сияқты сайттарда жұмысын жалғастырды. Олар ойыншыларды өздерінің "Қазақстанда заңды түрде жұмыс істейтініне" сендіріп бағады. Алайда ізінше "Егер сайт жұмыс істемесе, айнаны (зеркало) пайдалансаңыз, жеткілікті" деп ескертеді. Заңды букмекерлер бұлай жасамайтыны белгілі.

Қазіргі кезде Қазақстанның беттингтік нарығында 10 заңды БК ғана бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу