Қазақстанда өткен ауқымды ЖИ бағдарламасы жаңа буын көшбасшыларын дайындады

111

Орталық Еуразиядағы ең ірі AI білім беру бағдарламасының түлектері марапатталды.

Қазақстанда өткен ауқымды ЖИ бағдарламасы жаңа буын көшбасшыларын дайындады Фото: Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі

Аlem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығында Орталық Еуразиядағы басшыларға арналған жасанды интеллект бойынша ең ірі білім беру бизнес-бағдарламасы – "AI Leaders 2026" түлектеріне ресми сертификатпен марапаттау рәсімі өтті, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Бағдарлама Стэнфорд университетінің Жасанды интеллектті зерттеу орталығымен (Stanford University Human-Centered Artificial Intelligence – HAI), "OpenAI Academy" ChatGPT әзірлеушісінің білім беру платформасымен және "Silkroad Innovation Hub" ұйымымен бірлесіп, Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылды.

Бағдарлама Қазақстандағы Жасанды интеллект жылының негізгі жобаларының біріне айналды. Ол әлемнің 9 елінен (соның ішінде Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркия, Қатар, БАӘ және Моңғолия) 150-ден астам ұйымның 800-ден астам басшысы мен маманының басын қосты. Қатысушылар арасында мемлекеттік органдардың, ұлттық холдингтердің, қаржы институттарының, технологиялық компаниялардың, өнеркәсіптік кәсіпорындар мен білім беру ұйымдарының өкілдері бар.

Салтанатты шара аясында Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев шараға қатысушыларды құттықтады. "Silkroad Innovation Hub" негізін қалаушы және бас директоры Әсет Әбдуалиев "AI Leaders 2026" бағдарламасының басты нәтижелерімен таныстырды.

OpenAI-дың экономика саласындағы стратегі Рейчел Браун ЖИ-дің экономикалық дамудағы рөлі туралы дәріс оқыды. Сондай-ақ, шараға OpenAI-дың "Мемлекеттерге арналған білім беру" халықаралық бағытының жетекшісі Валери Фокке қатысты. Бағдарламаның бөлек бір блогы қатысушылардың өз ұйымдары үшін әзірлеген ЖИ-стратегияларының таныстырылымына арналды.

Жиында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев ЖИ-дің жаһандық бәсекеге қабілеттіліктің негізгі факторына айналып келе жатқанын атап өтті.

Оның айтуынша, технологияның өзі экономика мен мемлекеттік басқаруды өзгертпейді, ал басты қозғаушы күш – оны тәжірибеде қолдана алатын адамдар мен командалар. Ол бағдарламаға жеке мамандар емес, тұтас ұйым командаларының қатысуы ЖИ-ді процестерге жүйелі енгізуге жол ашатынын айтты.

"AI Leaders" бағдарламасының академиялық жетекшісі Stanford HAI профессоры Питер Норвиг болды. Оның жетекшілігімен оқу материалдары өңір ерекшеліктеріне бейімделді. Бағдарламаға сондай-ақ Сэнди Пентланд, Майкл Бернстайн, Дийи Янг және Майкел Кохендерфер сияқты 15-тен астам халықаралық сарапшы қатысты.

Сегіз апталық оқу барысында қатысушылар 45 сағаттан астам дәрістер мен воркшоптарға қатысты. Сонымен қатар, 240-тан астам стратегиялық сессия және 120 сағаттан астам жеке менторлық кездесулер өткізілді. Қатысушылар өз ұйымдарына ЖИ енгізу бойынша нақты стратегиялар әзірледі.

OpenAI-дың экономика саласындағы стратегі Рейчел Браун Қазақстанның қысқа мерзімде ЖИ енгізуде өңірлік көшбасшылардың біріне айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, ЖИ-ден ең жоғары нәтиже оны ауқымды процестерде қолданатын ұйымдар алады. Ол бағдарлама түлектерінің алған білімін нақты жобаларда қолдануына мүмкіндік бар екенін айтты.

Бағдарламаға Stanford HAI, OpenAI Academy және Silkroad Innovation Hub-тан бөлек CAYU және Lovable компаниялары да серіктес болды. Банктік сектор, мемлекеттік басқару және өнеркәсіп салалары үшін ЖИ-агенттерін әзірлеуге арналған практикалық воркшоптарға ерекше назар аударылды.

"Silkroad Innovation Hub" негізін қалаушы Әсет Әбдуалиев бағдарламаны тек білім беру жобасы емес, цифрлық экономика көшбасшыларын қалыптастыратын платформа ретінде сипаттады. Оның айтуынша, бағдарлама нәтижесінде 100-ден астам ЖИ-стратегия жасалып, Орталық Еуразияда кәсіби қауымдастық қалыптасты.

Бағдарлама аяқталғаннан кейін қатысушылар Stanford University HAI және OpenAI Academy сертификаттарын алды және "AI Leaders Community" кәсіби желісінің мүшесіне айналды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу