Республикада өзге ұлт өкілдерімен отбасы құру көрсеткіші артқан.
"2024 жылы барлық тіркелген некенің 81,8%-ы ғана – моноэтникалық болса, қалған 18,2%-ы – этносаралық болды. Осылайша, соңғыларының үлесі артып келеді. Салыстырғанда, 2023 жылы тіркелген некелердің 82,3%-ы – моноэтникалық, яғни бір ұлт арасындағы жұптардың отасуы болса, тек 17,7%-ы – этносаралық болған еді", – деп хабарлады статорган мамандары.
Бұл көрсеткіш тоқтаусыз өсіп келеді: 2022 жылы этносаралық некелердің үлесі 17,4% ғана болған еді. Тиісінше, бір ұлт өкілдерінің өзара отау құруының көрсеткіші 82,6 пайыздан асқан болатын.
Мысалы, ресми статистика бойынша 2012 жылы Қазақстан халқының саны 16 миллион 700 мыңға жетті. Дәл сол жылы қиылған неке санынан тарихи рекорд орнатылды: 164 681 жаңа отбасы құрылған. Содан бері тіркелген некелер саны үздіксіз құлдыраумен келеді. 2024 жылдың желтоқсанында Қазақстан халқының саны 20 миллион 265 мыңнан асты немесе 3 млн 565 мыңнан аса адамға көбейді. Соған қарамастан, 2024 жылы небәрі 123 626 неке тіркелген.
Некелесу коэффициенті әрбір 1 мың тұрғынға шаққанда 2012 жылғы 9,81 некеден 2024 жылы 6,13 некеге дейін құлдырады. Қарап тұрсаңыз, қарқынды түрде нөлге жақындап келеді. Тіркелген некелер саны 2021 жылғы – 140 256-дан 2022 жылы – 128 359, 2023 жылы – 120 851, 2024 жылы – 123 626 некеге дейін қарқынды түрде азайды.
"Отырған қыз орнын табады" дейді халық даналығы. Отбасы құруда қазақстандық жігіттердің бойынан табылмаған батылдық шетелдіктерден табылады. Содан "Қызыңды мақтасын десең алысқа жібер" деген байырғы мәтел-кеңесті ескеріп, ата-аналар "қызының қырымға" кетуіне ақ батасын береді.
The Times басылымының жазуынша, Қытайда ТМД елдерінен, соның ішінде іргедегі Қазақстан мен Ресейден қалыңдық таңдап беретін тұтас "неке империясы" құрылды.
Financial Post жазуынша, ҚХР-да бойдақ еркектердің саны тарихи рекордқа – 230 миллион адамға жетті. Олар қытайлық қыздар мен әйелдерге үйлене алмайды. Себебі, Қытайда некеге тұрудың қаржылық ауыртпалығы алапат және ер-азаматтың еңсесін езеді.
Көптеген провинцияда, әсіресе, ауылдық елді мекендерде тікелей ата-анасына берілетін қалыңмал 100 мың юаньнен (шамамен 7,5 миллион теңгеден) басталады және 600 мың юаньге (шамамен 45 миллион теңгеге) дейін жетеді.
Бұдан кейін үйлену тойын өткізу шығындары да ұшантеңіз. Сонымен қатар, қыздың төркіні бойжеткенін бермес бұрын күйеу баладан міндетті түрде төл баспанасы мен көлігіне қол жеткізуді талап етеді.
Шың елін жайлаған тұрғын үй құрылысының күйзелісі аясында әсіресе, қалалардағы баспана бағасы да аспандап кетті: мегаполистерді айтпағанның өзінде, бірінші деңгейдегі қалаларда пәтер құны миллион юаньнен (шамамен 75 млн теңгеден) басталуы ықтимал.
Құда жақтың талаптарын орындамасқа тағы болмайды. Өйткені шығыс көршіде әлі күнге қауымдық-тайпалық қатынастар сақталған, ел ескі салт-дәстүрлерге берік.
"Қытай дәстүрлері сән-салтанатты және көп қонақ шақырылатын үйлену банкеттерін өткізуді талап етеді. Сондай-ақ күйеудің жеке үйі мен автомобилі, жалпы, шаңырақтың беріктігін қамтамасыз ететін басқа базасы болуы қажет. Салдарынан, көптеген жас жігіт бірлескен өмірді бастамай жатып, қаржылық күйреуге ұшырайды, қара табан кедейге айналады. Құрылыс компаниялары, банктер және микроқаржы ұйымдары алдында берешек батпағына батқан ер-азаматтарға алапат қаржылық стресс аясында бизнесін кеңейту, немесе мансап сатысында өсу үшін қалаға көшу сияқты өршіл мақсаттарынан бас тартуына тура келеді", – деп жазды Financial Post.
Осы орайда шетелдік қызбен отасу қытайларға дәстүрлі некелесу рәсімдеріне, тойларға шығындалудан, ипотека мен автокредиттер алудан және басқа да қарыз тұзақтарынан құтылуға мүмкіндік береді.
Қытайда жасалып, аяқ астында жатқан түрлі тауарды, электрониканы, үй жабдықтарын және арзанқол жиһаздарды апарып берсе, шетелдік құда жағы соған да мәз болуы, қытайлық құдалар қоятын орасан зор шарттарды алға тартпауы мүмкін.
ҚХР-да қазіргі кезде экономикалық дағдарыс күшейді. Трамптың қытай экспортына қарсы жоғары баж алымдарын енгізуі, америкалық компанияларды ханзу елінен жаппай кетіп, өндірістерін Америка мен Вьетнамға көшіруге мәжбүрлеуі де шың еліне соққы болды.
Бұған үйлену шығыстарының қарқынды өсуі қосылып, қытай жігіттерін қалыңдығын көрші елдерден белсенді іздеуге итермеледі.
"Қытайлық нәзік болмыс иелерімен үйленуді қытайлық ер-азаматтардың қалтасы көтермейді. Өйткені "цайли", яғни, қытайлық қалыңдықтың құны ақшамен, жылжымайтын мүлікпен, алтынмен және басқа да бағалы тартулармен есептеледі. Тіпті ҚХР-дың ауылдық аудандарында қалыңмал 500–600 мың юаньге (70–80 мың долларға) жетті. Бұл Қытайда некені қолжетімсіз етті және еркек атаулыны "баламаларға" назар аударуға итермеледі", – деп жазады The Times.
Салдарынан, көрші елде шетелдік қалыңдықтарды іріктеп берумен, кездестіріп, көңіл қостырумен айналысатын неке агенттіктерінің тұтас индустриясы дамуда. Олардың кейбірі империяларға бірікті.
Қазіргі кезде, газеттің жазуынша, бұл іс ғаламтор мен әлеуметтік желі арқылы күрт ілгерілеп, тасы өрге домалауда.
ТикТокта, басқа әлеуметтік желілерде қытайлық еркек кіндіктілермен көңіл жарастыруға дайын қыздардың тұтас қоғамдастықтары қалыптастырылуда. Онда шың елінен орнын тапқан қыздар өз тәжірибелерімен бөлісіп, үгіттеп, басқа қыздарға "абысынға", жеңгетайға айналады.
Өз кезегінде, халықаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, неке агенттіктері ҚХР-да нағыз "пропаганда" жүргізуде. Оның аясында басқа жатжұрттық қыздарды мақтайды, олардың қытай отбасында өзін тұйық, ұстамды ұстайтынын, көнбіс-көнгіш келетінін, ал, құда жағы күйеу баладан ешқандай "цайли" да, жоғарғы жалақылы-табысты болуын да тілемейтінін жариялайды.
"Мен біраз уақыт жүздескен қытай қызына үйленбекші болдым. Бірақ ол қыз әлі күнге ата-анасымен бірге тұрады. Солардың ықпалымен ол менен тым көпті талап етті. Пәтер сатып әперуді, ата-анасына ірі сомада ақша беруді, түрлі алтын әшекейді сұрады. Сұрағанының бәрін есептесем, 400 мың юаньге (шамамен 30 миллион теңгеге) тартады екен. Менде сонша ақша жоқ", – дейді 34 жасар бухгалтер Сунь Янь.
Енді ол қалыңдықты шетелден іздеп жатыр. Тіпті болашақ әйелімен кездесу үшін ТМД елдерін аралауға ниетті.
Таймс жазуынша, ТМД елдерінен қалыңдық іздеуге "Мейлишка", "Қытайлық күйеу", "Қытайдың жүрегі" сияқты неке агенттіктері көмектеседі, тіпті қасына қытайлық ресми тілден – путунхуадан немесе мандарин тілінен қазақша мен орысшаға және керісінше аудара алатын тәржімашыны қосып беретін көрінеді.
"Алтын неке" агенттігі Қазақстаннан әйел аламын деген қытайлық еркектер және қытайлыққа шығамын деген қыздар үшін романтикалық турлар ұйымдастырады. Қызметінің құны 4 500 доллардан басталады.
Ал, ҚР Ұлттық статбюроның дерегінше, Қазақстан халқының саны 2025 жылғы 1 сәуірде 20 333 530 адамға жетті. Соның ішінде әйелдер саны басым – 10 397 426 адам. Ал, ерлер саны 9 936 104 адам ғана.
Басқаша айтқанда, статистикада гендерлік теңдік болуы үшін Қазақстанда жарты миллиондай, 461,3 мыңнан астам еркек жетіспейді. Көрші Ресейде әйелдер саны ерлерден 10 миллионға көп. Бұл асимметрия қытайлық бойдақтар үшін мүмкіндік.