Қазақстанда параның биткойнмен берілетіні рас па

2988

Заманына қарай адамы деуші еді. Қазір заманына қарай парасы да түрленіп жатқан көрінеді. Жемқорлардың параны биткойнмен алатыны айтылып жүр. Рас-өтірігін inbusiness.kz порталының тілшісі анықтап көрді.  

Қазақстанда параның биткойнмен берілетіні рас па

"Үлкен кабинеттердегі қулық"

Бұған дейін Youtube желісіндегі "Уақыт көрсетеді" атты арнада сұхбат берген саясаттанушы Санжар Боқаев жемқорлық жаңа әдіспен жүргізіліп жатқанын мәлім еткен еді. Оның айтуынша, қазір пара үлкен кабинеттерде флешка арқылы биткойнмен беріледі-мыс.

"Қазір ешкім ақшалай пара бермейді екен. Үлкен кабинеттерде параны биткойн түрінде бере салады. Бітті! Флешкадағы сандарды ашса да, ешкім түсінбейді. Өйткені кодын ешкім білмегеннен кейін, ешкім ұсталмайды. Ал биткойнның бағасын білесіз", – деген болатын Санжар Боқаев.

Бір қызығы, биткойнмен пара алу фактілері көрші Ресейде енді ғана тіркеліп жатыр екен. Мәселен, биыл ғана Мәскеудегі сот Федералды қауіпсіздік қызметінің бұрынғы тергеушілері Алексей Колбов пен Сергей Белоусовты криптовалюта күйінде пара алғаны үшін соттаған. Бұрынғы чекистер 4 және 0,1 транзакциясы бойынша биткойнды пара күйінде алыпты. Олардың құны 26 ақпандағы курс бойынша 15 млн долларға бағаланған. Криптовалюта қылмыстық істің материалдарында сақталған жад картасында болған. Бұрын соттан кейін параға қатысты қаражат ресейлік заң бойынша мемлекет кірісіне түсетін. Алайда бұл жолғысы биткойндарға қатысты алғашқы іс болғандықтан, оны сатып, мемлекет меншігіне жарату мәселесі адвокаттар мен тиісті орган өкілдерінің басын едәуір қатырған көрінеді.

Жемқорлыққа қарсы агенттік не дейді?

Қазақстанда пара биткойнмен берілуі мүмкін бе? Мұндай факті тіркелді ме? Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне жақында ғана төраға болып келген Марат Ахметжановқа осы сұрақтарды жолдап көргенбіз. Әйтсе де Санжар Боқаевтың сөзін агенттік нақты фактілермен растамады.

"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бүгінге дейін биткойнмен пала алу немесе беру фактісін тіркеген жоқ", – деп жауап берді ресми сауалымызға Марат Ахметжанов.

Агенттік Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, "цифрлық теңгені" енгізу мәселесін пысықтап жатқан көрінеді. Бұл шаруалар қолма-қол ақша айналымы азайған қазіргі заманда бюджет қаражатын бақылау, "жалған кәсіпорындар" арқылы қаржыны қолма-қол ақшаға айналдыру фактілерінің алдын алу мақсатында қолға алынған. Осылайша, жүргізілген транзакциялардың бәрінің ашықтығы қамтамасыз етіліп, мемлекет билігі тендерлер мен субсидияларға бөлінген қаражатты бақылай алады. Ал сол тендерлерден қаржыны алған адамдардың оны ел ішінде қалай пайдаланғанын да бақылауға мүмкіндік болады.

"Бюджет процестері мен қолма-қол ақшасыз операциялардың цифрландырылуы елдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ететінін ескере отырып, агенттік бұл бағытта парақорлыққа жол бермеуге күш салады", – дейді Марат Ахметжанов.

Парақорларда креатив "ұрып тұр"

Агенттік Қазақстанда жемқорлыққа қатысты жылына шамамен 2 мыңға жуық іс тіркелетінін хабарлайды. Өңірлерге, жергілікті жері мен жұмыстағы саласына қатысты пара да әртүрлі болады екен. Параның көп кездесетін түрі – делдалдар арқылы қолма-қол ақша беру. Бұл – пара алудың классикалық нұсқасы. Лауазымды адамдар сонымен қатар заманға сай технологияларды, атап айтқанда Kaspi bank, Kaspi Gold, Kaspi- и Qiwi-әмиян, тіпті Олимп букмекерлік кеңселерінің логині секілді құралдарды да пайдаланады.

"Мәселен, Маңғыстау облысында Ақтау қаласының патрульдік полициясының аға инспекторы Мұратов 3 жылға сотталды. Ол 250 мың теңгелік параны "Kaspi" қосымшасына аударту арқылы иемденген. Сол секілді Павлодар облысында 162/10 мекемесінің бастығы Хасенов карта шотына 200 мың теңге параны аударып алу арқылы алған. Оған көлемі 6 млн теңгелік айыппұл салынды. Сондай-ақ Батыс Қазақстанда Ұлттық ұланның 5517 әскери бөлімі командирінің орынбасары Омаров пен заттық қызмет бастығы Қыдыров сотқа тартылды. Олар "Qiwi әмиян" арқылы кәсіпкерден 300 мың теңге пара алған. Омаров 7 жылға сотталса, Қыдыровқа 300 мың теңге айыппұл салынды", – дейді агенттік басшысы өз жауабында.

Мұндай мысалдар көп әрине. Материалдық құндылық күйінде пара алатындар да кездеседі. Мысалы, Қостанай облысында Рудный қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Тілеуов кәсіпкерден параны "Nissan Qashqai" автокөлігі күйінде алыпты. Ал Маңғыстау облысының Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясы бастығының орынбасары Ашахов параны 280 мың теңге тұратын 1 келілік қара уылдырық күйінде алып, оның 2 жылға бас бостандығы шектелген.

"Әйтсе де биыл жемқорлық фактілерінің өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 38 пайызға азайғанын байқаймыз (былтыр 1 338, биыл 886). Оған бірнеше фактор себеп болып отыр. Ең бірінші кезекте, жемқорлыққа барған адамға жауапкершілік күшейтілді. Сондай-ақ прокурорлардың негізгі процессуалдық шешімдерді енгізуі де пара беру немесе алу фактілерінің азаюуына себеп болды", - дейді агенттік басшысы.

 Аян Өрібай


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу