Қазақстанда психикалық денсаулықты сақтау жүйесі жаңғыртылады

431

2027–2030 жылдарға арналған жаңа жоспардың басымдығы – аурудың алдын алу, ерте анықтау және азаматтарға кешенді қолдау көрсету.    

Қазақстанда психикалық денсаулықты сақтау жүйесі жаңғыртылады Фото: primeminister.kz

Қазақстанда халықтың психикалық денсаулығын сақтау жүйесі жаңартылып, негізгі басымдық аурудың салдарын емдеуден оның алдын алу мен ерте анықтауға ауысады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бұл бағыттағы өзгерістер Психикалық денсаулықты сақтау жөніндегі 2027–2030 жылдарға арналған жаңа кешенді жоспарда көзделген.

Құжат ҚР Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қаралып, мақұлданды.

Жоспардың негізгі бағыттары туралы денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова баяндады. Оның айтуынша, бүгінде елімізде мамандандырылған көмекті екі республикалық клиника, өңірлердегі 20 психикалық денсаулық орталығы, 98 бастапқы психикалық денсаулық орталығы және ауылдық жерлерде орналасқан 200-ден астам психикалық денсаулық кабинеті көрсетіп келеді. Алайда жүргізілген талдау бұл қызметті одан әрі жүйелі түрде дамыту қажеттігін көрсеткен.

Жаңа кешенді жоспар аясында психикалық денсаулық саласының мамандарын емханалар жұмысына кеңінен тарту, ауруларды ерте анықтау жүйесін жетілдіру, пациенттің медициналық көмек алу бағытын цифрландыру, кадрлық әлеуетті күшейту және инфрақұрылымды жаңғырту көзделген. Сонымен қатар балалар мен жасөспірімдердің психикалық денсаулығын қорғауға ерекше көңіл бөлінеді.

Құжатты әзірлеу барысында мемлекеттік органдар ғылыми зерттеулерді дамыту, мамандар даярлау сапасын арттыру, білім беру бағдарламаларын жаңарту, педагогтер мен психологтердің біліктілігін жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізген. Сондай-ақ мүгедектігі бар балалар мен ересектерге арналған арнаулы әлеуметтік қызметтер мен тиісті инфрақұрылымды дамыту шаралары да қамтылған.

Үкімет отырысында министрліктер мен өңір әкімдіктерінің баяндамалары тыңдалғаннан кейін Психикалық денсаулықты сақтау жөніндегі 2027–2030 жылдарға арналған кешенді жоспар ресми түрде мақұлданды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу