banner

Қазақстанда психикалық және мінез-құлық бұзылыстары қанша балада тіркелген?

2474

Былтыр 5949 балаға алғаш рет психикалық және мінез-құлық бұзылыстары диагнозы қойылды.  

Қазақстанда психикалық және мінез-құлық бұзылыстары қанша балада тіркелген? Фото: Білімді Ел

Еліміз бойынша психикалық және мінез-құлық бұзылыстары 38,5 мың балада тіркелген, деп жазады inbusiness.kz.

Психикалық денсаулық – адамға өмірдегі стресстік жағдайларды жеңуге, өз әлеуетін жүзеге асыруға, қоғам өміріне үлес қосуға мүмкіндік беретін психикалық саулық күйі.

Елімізде балаларға психикалық көмек көрсету мақсатында аудандық деңгейдегі 203 психикалық денсаулық кабинеті, қалалық емханалар жанындағы 82 бастапқы психикалық денсаулық орталықтары, 20 психикалық денсаулық орталығы, 1 республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы жұмыс істейді.

"Психикалық және жүріс-тұрыс бұзылыстары – науқастың өз жүріс-тұрысын бақылай алмауы, сол себептен ол қоғамдағы қарым-қатынастарды дұрыс орната алмайды. Қоғамдық дезадаптацияға алып келетін бұзылыстарды психикалық және жүріс-тұрыс бұзылыстары деп атаймыз", - деді РПДҒПО Бас директордың клиникалық және ғылыми сұрақтары жөніндегі орынбасары Нәби Есімов. 

Оның сөзінше, 2022 жылы 5949 балаға алғаш рет психикалық және мінез-құлық бұзылыстары диагнозы қойылған.

"Атап айтқанда, психологиялық даму бұзылыстары – 2258 балаға, ақыл-ой кемістігі – 2018 балаға, органикалық, симптоматикалық психикалық бұзылыстар – 1222 балаға, шизофрения, шизотиптік және сандырақтық бұзылулар, аффективтік бұзылулар, стресске байланысты невротикалық бұзылулар және соматоформалық бұзылулар, физиологиялық бұзылулармен және физикалық факторлармен байланысты мінез-құлықтық синдромдар және т.б. 451 балаға қойылды", - деді спикер.

Диагноз алғаш қойылған балалардың жас ерекшелігіне келер болсақ, олардың жартысынан көбі 5-9 жас аралығындағы балалар (3097 бала).  Тағы 1258-і 4 жасқа дейінгілер болса, 18,5%-ы – 10-14 жастағылар, 8,4%-ы 15-17 жастағы балалар көрінеді.

"Республика бойынша психикалық және мінез-құлық бұзылыстарына 38 515 бала шалдыққан. Жалпы аурушаңдықтың нозологиялық құрылымында 15451 балада ақыл-ой кемістігі тіркелді. Органикалық, симптоматикалық психикалық бұзылулар 11889 балада байқалса, 9872 балада психологиялық дамудың бұзылуы бар. Тағы 1303 балада шизофрения, шизотиптік және сандырақтық бұзылулар, аффективтік бұзылулар, стресске байланысты невротикалық бұзылулар және соматоформалық бұзылулар және т.б. бойынша динамикалық бақылауда тұр", - деп атап өтті ол.  

Нәби Есімовтың сөзінше, психикалық және мінез-құлық бұзылыстарының дамуы биологиялық (эндогендік) және әлеуметтік (экзогендік) себептердің өзара әрекеттесуіне негізделген.

Эндогендік факторларға жүктіліктің әртүрлі кезеңдерінде әйелдің әртүрлі соматикалық аурулары, жүктілік патологиялары, емдеуде гормоналды немесе жанама әсерлер беретін дәрілерді қолдану, әйелдің жүктілік кезінде ішімдікті, есірткіні, қарсы көрсетімдері бар дәрі-дәрмекті дұрыс пайдаланбауы жатады. Сонымен қатар нәрестенің шала тууы, ұрық асфиксиясы, генетикалық фактор, бас миының құрылымдық және функционалдық бұзылыстары, босану кезінде жарақат та әсер етеді.

Экзогендік, яғни әлеуметтік факторларға баланы анасынан айыру, ересектердің балаға деген агрессивтік қарым-қатынасы, отбасындағы тұлғааралық қатынастардың жетіспеушілігі, баланы балалар үйінде ұстау және т.б. жатады.

"Динамикалық бақылауда тұрғандар бойынша айтар болсақ, елімізде балалардағы психикалық аурулардың негізгі үштігіне ақыл-ойдың артта қалуы, психологиялық даму бұзылулары және шизофрения мен шизотиптік бұзылулар кіреді. Ал, диагноз алғаш қойылған балаларда психологиялық даму бұзылулары, ақыл-ойдың артта қалуы, органикалық, оның ішінде симптоматикалық бұзылулар басым", - деді РПДҒПО Бас директорының орынбасары.

Осы тұста республикамызда балалар психиатриясы мен психологиясында біліктілігі жоғары мамандар жеткілікті ме деген заңды сауал туындайды.

"Балалар психиатриясын дамыту мәселелеріне көп көңіл бөлінеді. Соңғы жылдары "Психиатрия" мамандығы бойынша резидентурадағы орындар саны артты. Республиканың әрбір өңірінде медициналық-оңалту бөлімшелерін ашу көзделген", - деді спикер.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу