Қазақстанда саманнан, ағаштан, тіпті қамыстан салынған мектептер көп

2946

Елдегі 177 мектептің пайдаланылу мерзімі 70 жылдан асып кеткен. 

Қазақстанда саманнан, ағаштан, тіпті қамыстан салынған мектептер көп Фото: ianews.kz/

Атырау облысына сапары аясында Президент облыста апатты жағдайда тұрған және үш ауысыммен оқытатын мектептер мәселесі әлі шешімін таппағанын сынаған болатын. Өңірде келесі жылы 11 мектеп тұрғызылмақ. Бұған республикалық бюджеттен қаржы бөлінген. Нәтижесінде проблема уақытша болса да, өзектілігін жоюға тиіс.

Мемлекет басшысы Үкіметке, әкімдерге білім беру инфрақұрылымын жаңғыртуға қатысты жоспарды толық орындауды, оның уақтылы және сапалы жүзеге асырылуын қатаң бақылауды жүктеді.

Бұл проблема еліміздегі 20 өңірдің бәрінде бар. Бірақ мәселе әрқайсысында қаншалықты өткір тұр? Оқу-ағарту министрлігінің дерегінше, тапшылық бойынша ең күрделі жағдай бес өңірде – Түркістан, Алматы облыстарында және Алматы, Шымкент, Астана қалаларында байқалады. Оқушы орындары тапшылығының жалпы санының 59%-ы немесе 159 мың орын соларға тиесілі.

Бұған қоса, қолданыстағы 710 мектептің тозығы жетіпті.

Масқарасы сол, Қазақстанда саман, қамыс мектептер де бар көрінеді: министрліктің хабарлауынша, бүгінде саманнан тұрғызылған 353 мектеп, ағаштан соғылған 69 мектеп, тіпті қамыстан жасалған 5 мектеп анықталды. Қойма, жапсарлас нысан және басқа да бейімделген ғимараттарда 40 мектеп орналасқан.

Елдегі 177 мектептің пайдаланылу мерзімі 70 жылдан асып кеткен.

Ресми статистика бойынша жалпы саны 147 мектепте үшауысымдық оқыту жүргізіледі деп есептелген. Апатты деп танылған 33 мектепте бала оқиды.

Бірақ осы салаға жүргізілген кең ауқымды түгендеу барысында қосымша бірнеше жүз үшаусымды мектептер анықталды.

Қазір ауылдарды аралап жүрген Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл Қызылорда облысының Арал ауданын мысалға келтірді. 

"Арал аудынында 50 мектеп бар, бірақ оның 39-ы ғана орта білім беру ордасы. Қалған 6-уы негізгі және 5-еуі бастауыш мектеп қана. Содан Ақшатау елді мекенінінде бастауыш сыныптарды аяқтаған, яғни 5–9 сыныпта оқитын оқушылар Арал қаласындағы, Аманөткелдегі немесе көршілес Қазалы ауданындағы туыстарының үйінде жатып, әрі қатынап оқиды. Баласын Аманөткелдегі мектепке апаратын тұрғындар жазда, күзде жанын шүберекке түйіп, арынды Сырдария үстіндегі қалқымалы көпірден өтеді. Бұл қайықтарды қатар қойып, өзара байлап жасалған көпірсымақ. Адамдар бастарын қатерге тігеді. Көктем және қыс айларында да жол азабын тартады: мұз қатқан, сел жүрген уақыттарда 25 шақырым қашықтық 75 шақырымға созылады: жұртшылық айналып өтіп, Ескіұра және Қызылжар арқылы қатынауға мәжбүр болады. "Жайлы мектеп" ұлттық жобасына 2,6 триллион теңге көлемінде бұрын болмаған қаражат бөлінуде, біз Мәжілісте бюджет жобасын бекіттік. Енді Үкімет, министрлік, әкімдіктер ұлттық жоба аясында осы сияқты ауылдардың проблемасы шешуге тиіс", – деді Бақытбек Смағұл.

Депутат тағы бір мысал келтірді. Аудандағы тіректі елді мекендердің бірі, туристік аймақ саналатын, Қамбаш көлімен әйгілі Қамыстыбас елді мекеніндегі №21 орта мектептің жаңа ғимараты қосымша құрылыс негізінде салынып, 150 орынға негізделіп, 2006 жылғы пайдалануға берілген екен. Бірақ бұл мәселені шешпепті. Себебі, ондағы 1–11 сыныптарда барлығы 480 бала оқып жатыр. Ғимаратта 7 оқу кабинеті ғана бар. Бір бөлмеде бірнеше сынып сығылысып отырады. Азан-қазан болады. Мұндай жағдайда білім сапасына нұқсан келетіні даусыз. Бастауыш сыныптар кезінде асар әдістерімен салынған, заман талабына мүлдем сәйкес келмейтін ескі ғимаратта оқуға мәжбүр. Қабырғалары жылу ұстамайтын бөлмелерде балалар дірдектеп тоңатындықтан, қысты күндері ата-аналар жиі наразылық білдіріп, шағымданады.

Демографияның өрістеуіне байланысты өлкеде алда оқушылар саны күрт өседі деп күтілуде.

Дегенмен, демографиялық дүмпу, ескі ғимараттарының тозуы және Ресейден, өзге елдерден миграцияның күшеюі нәтижесінде 2026 жылға қарай болжамды оқушы орнының тапшылығы 1,1 миллионнан асады деп күтілуде. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, тапшылықтың өсуінің негізгі факторларына бала туудың артуы (үлесі 51%), халықтың көші-қоны (34%) және мектеп ғимараттардың тозуы (15%) жатады.

Жалпы алғанда, "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында мемлекет 2025 жылға қарай 800 мың орындық мектептерді қолданысқа бермек. Онда қалған тапшылық қалай жойылады? Үкімет оны жекеменшік мектептер желісін дамыту арқылы да шешуге ниетті.

Finprom мониторинг агенттігі Ұлттық статистика бюросының деректерін талдай отырып, білім беру саласы капитал үшін тартымды сектордың біріне айналғанын жеткізді. 2022 жылғы қаңтар–қыркүйекте білім беру саласының негізгі капиталына, соның ішінде құрылысқа да құйылған инвестиция 219,1 млрд теңгеге жеткен. Бұл былтырғы ұқсас кезеңдегіден 49,2% көп. Салыстырсақ, 2021 жылы секторға салынған инвестиция көлемі 146,9 млрд теңге болған. Ал 2020 жылғы секторға 9 айда 166 млрд теңге келіпті.

Дегенмен, білім саласына бағытталған биылғы бүкіл инвестицияның 72%-ы бюджеттік қаржы көрінеді. Қалғаны – жекенің үлесі.

Өңірлер арасында Алматы алдына қара салмады: 61,7 млрд теңге, былтырғыға қарағанда 2,3 есеге артқан. Екінші орынға Түркістан облысы шықты: 33,9 млрд теңге немесе өткен жылғыдан 67,8% көп. Үштікті Шымкент тұйықтады: 22,3 млрд немесе 20,3% көп. Яғни, жеңімпаздар тұғырын қалпымен оңтүстік өңірлер еншіледі.

Осы үш өңір білім саласына төгілген барлық қаражаттың 53,8%-ын қанжығаларына байлаған.

Бұл салаға алда тың серпін берілуі мүмкін. Оқу-ағарту министрлігі мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) аясында мектеп ашатын бизнесмендерді, қалталы азаматтарды кешенді қолдауға кіріседі. Олар жеңілдетілген салық салуды пайдаланады, олардың жаңадан енгізген орта білім беру ұйымдары ғимараттарының амортизация шығыстарын мемлекет көтереді. Тегін жер беріледі. Инженерлік, коммуникациялық желілерді мемлекет тартып береді, бизнес коммуналдық инфрақұрылымды уақытша өтеусіз қолдана алады. Бұдан басқа, инвестициялық шығындарды өтеу, өзге де төлемдер, соның ішінде жеке әріптестің кредиттік міндеттемелері бойынша пайыздық шығыстарын өтеу, жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүргізілетін үлгілік талаптармен салыстырғанда объектінің жақсартылған сипаттамалары үшін төлем де қарастырылады.

Инвесторға мемлекет басты бір талап қояды: жеке мектептің жобалық қуаты 1 200 оқушы орнынан кем болмауға тиіс.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу