Қазақстанда шенеуніктерді жаппай қысқарту жүрмек

8573

Бұл науқан Нұр-Сұлтанда орналасқан министрліктердегі және өзге де орталық атқарушы органдардағы мемлекеттік қызметшілерді қамтиды.

Қазақстанда шенеуніктерді жаппай қысқарту жүрмек

Сондай-ақ одан меморгандардың аумақтық құрылымдары және оларға ведомстволық бағыныстағы мемлекеттік мекемелердегі адамдар да құтыла алмайтын түрі бар.

Ел Үкіметі министрліктердің және басқа да мемлекеттік органдардың штат санының лимиттерін қайта бекітуді ұйғарды.

Бұл ретте нақты сандар да мәлім болып отыр. Ең ірі қысқартуларға ұшырайтын ведомстволар анықталды.

Үкіметтің тиісті қаулы жобасына сәйкес, Сапархан Омаров жетекшілік ететін Ауыл шаруашылығы министрлігінің, оның аумақтық органдарының және оған ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелердің қолданыстағы штаттық саны 9 мың 744 адамды құрайтын. Оның ішінде АШМ-ге ведомстволық бағынысты мекемелерде 5 мың 853-і істейтін.

Енді бұл сан тиісінше, 5063-ке және 2081-ге дейін азайтылады деп жоспарлануда.

Роман Скляр басқаратын Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің, аумақтық органдарын қоса алғанда, қазіргі штаттық саны 2 мың 148 қызметкер көрінеді. Жаңа үкіметтік құжат қабылданғаннан кейін, бұл ұжым 1 мың 818-ге дейін шағынданбақ.

Парламентте "суперминистрлік" аталатын, басшысы Премьер-министрдің орынбасары рангіне дейін жоғарылатылған Қаржы министрлігі құрылымына салықшылар, кеденшілер, контрабандамен күресушілер, мемлекеттің есепшілері, аудиторлар және басқа да органдар мен құрылымдар кіретіні мәлім. Сондықтан оның штаттық саны – бюрократиялық жүйедегі ең ірісі саналады.

Құжатта көрсетілгендей, аумақтық органдарын және оған ведомстволық бағыныстағы мемлекеттік мекемелерді ескергенде, Қаржы министрлігінің штаттық саны 19 мың 883 адамды құрайды. Бас қаржыгер Әлихан Смайылов өз командасынан тек 75 адамды "жоғалтуы" ықтимал. Бұл көрсеткіш 19 мың 808-ге дейін ықшамдалады деп белгіленуде.

Қазақстанның энергетика министрі Қанат Бозымбаев өз адамдарын сақтай алмайтын түрі бар. Бұл ведомство былтыр бірнеше вице-министрінен айырылған. Атап айтқанда, энергетика министрінің орынбасарлары Бақытжан Жақсалиев, Ғани Сәдібеков және Анатолий Шкарупа жемқорлық үшін күдікке ұшырап, тұтқынға алынды.

Жалпы, аумақтық органдарын және ведомстволық бағынысты мекемелерін бірге есептегенде, Энергетика министрлігі штатының саны 1 мың 8 адамнан тұратын. Алда одан бар-жоғы 446 адам ғана қалуы мүмкін.

Асқар Жұмағалиев ұжымы да екі еседей кемігелі тұрғанға ұқсайды. Үкіметтің бұрынғы қаулысы бойынша Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің жалпы штаты 715 адам, ал оған ведомстволық бағыныстағы мемлекеттік мекемелердің қызметкерлерінің саны 203 болатын. Биылғы ақпан айында мемлекеттік орган "Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі" болып қайта құрылды. Жаңа жобада оған небәрі 411 адамдық штат бекіту қарастырылуда.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік саясаттың басымдықтарын және тиісінше, бүкіл бюджетті көп балалы аналарды, әлеуметтік осал топтарды, аз қамтылған отбасыларды қаржылай қолдап, қорғауға бағдарлауда. Соған қарамастан, осы салаға жауапты орган да әлгі науқаннан бойын аулақ сала алмайтыны байқалуда. Бірақ науқан оны шамалы ғана жанап өтеді. Нақтылай кетсек, Бердібек Сапарбаев тізгінін ұстаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіндегі, оның аумақтық органдарындағы 938 штаттық орынның тек бесеуі ғана жойылады деп болжануда.

Бақыт Сұлтановқа сеніп тапсырылған, жақында ғана ашылған Сауда және интеграция министрлігіне небәрі 431 штат беріліп отыр. Оның 12-сі Қазақстанның сауда өкілдігіне қарасты болады.

Жуырда құрылған, Мағзұм Мырзағалиев басшылық ететін экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі – ең ірі ведомствоға айналып шыға келмек. Оның ұжымы 5 мың 431 қызметкерден тұрады деп белгіленуде. Рас, оның арасында барлық ұлттық табиғи парктер мен мемлекеттік табиғи қорықтар қызметкерлері де бар.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің мәліметінше, қазіргі кезде шенеуніктердің жалпы штаттық саны 98,7 мыңды құрайды. Соның ішінде саяси қызметкерлер, яғни министр, әкім, агенттік төрағасы және басқа да биік лауазымды бастықтар саны – 453, "А" корпусындағы басшыларының саны – 285. Қалған 97 мың 988-і – қатардағы қызметкерлер.

Барлық шенділердің 52 мың 363-і – орталық мемлекеттік органдарда, ал 46 мың 363-і – жергілікті мемлекеттік органдарда жұмыс жасайды.

2018 жылғы дерекпен салыстырғанда, штаттық сан 227 бірлікке өскен. Оның ішінде 17 саяси, 6 "А" корпусының, 204 "Б" корпусының жаңа лауазымдары пайда болған. Бұған Шымкент қаласының "республикалық маңыздағы қалаға" айналуы, Алматы және Түркістан облыстарында, Нұр-Сұлтан және Ақтөбе қалаларында жаңа аудандардың құрылуы, жекелеген министрліктердің қайта құрылымдалуы себеп болған екен.

Қазіргі уақытта әрбір 1 мың қазақстандыққа орташа есеппен 5,4 шенеуніктен келеді. Салыстыру үшін айтсақ, Жапонияда әрбір 1 мың тұрғынға небәрі 2,7 шенеуніктен келеді.

2018 жылы мемлекеттік қызметке, бұрын кеткендер орнына және жаңа ашылған орындарға барлығы 12 мың 274 адам жұмысқа қабылданған. Олардың үштен екісі немесе 67%-ы – ең төменгі қызметтерге тұрса, қалғаны басшы болып келген.

Дегенмен дамыған елдерге қарағанда, Қазақстанда шенділер санының көптігі аңғарылады.

Осы орайда қысқарту шаралары қазірден Үкіметтен бастап, өзге мемлекеттік органдарда да тарап жатыр. Мәселен, билік "рұқсат беру бюроларын" жауып жатқаны анықталды. Бұған дейін министрліктегі не мемлекеттік органдағы лауазымды тұлғаның қабылдауына кіру үшін азамат алдымен "рұқсат беру бюросына" баратын. Бұл ретте лауазымды тұлға не оның көмекшісі бюроға телефон шалып, өз қабылдауына жазылған адамның жеке куәлігінің деректерін беретін. Осыдан кейін бюро қызметкері ол деректерді компьютерлік базаға енгізіп, келушіге принтерден рұқсатнама басып шығаратын.

Жаңа тәртіп бойынша бюролар жабылып, орнына есік жанына, кіреберіс залда арнайы терминал орнатылады. Келуші сол құрылғының лазерлік есептегішіне жеке куәлігінің штрих-кодын тосса, терминал оған рұқсатнама берілгенін растап, "фотоға түсуді" сұрайды. Тиісті нүктені басқаннан кейін, келуші фотоға түсіріледі де, терминалдан талон түріндегі рұқсатнама шығады. Осы талондағы штриф-кодты есіктегі датчикке тақаса, мекеменің есігі немесе турникет ашылады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу