Парламент үкіметке қызметтік баспаналарға тексеру жүргізуді жүктеді

2196

Бір топ депутат үкімет басшысына жүгініп, шенеуніктердің бюджет есебінен өздері үшін сарайлар сатып алып жатқанына дабыл қақты.

Парламент үкіметке қызметтік баспаналарға тексеру жүргізуді жүктеді

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевқа шағымданған мәжіліс депутаттары биік лауазымды шенділерге қызметтік баспана бөлу ісін тәртіпке келтіруді талап етті. "Ақ жол" фракциясы үлкен бастықтардың түпсіз құлқыны мен сән-салтанатқа деген сүйіспеншілігінің шығындарын қарапайым салық төлеушілер, яғни, бизнес пен халық көтермеуге тиістігін айтады.

"Мәселен, әкімдерді айтпағанның өзінде, ауыл-аймақтағы аз-кем ғана лауазымы бар бастықсымақтардың өздері, тіпті шағын колледж бен облыстық филармония директорлары бюджет қаржысына қазанаттай джип пен аса қымбат жеңіл көліктер мінуде. Ал енді биылғы жылы мемлекет есебінен баспанада басымдыққа қол жеткізу секілді билікті асыра пайдалану көріністері әшкереленуде. Бір аптадай бұрын ғана Павлодарда жалпы ауданы 230 шаршы метр болатын, ал құны шамамен 50 миллион теңге тұратын пәтерді қала әкімі үшін сатып алуға қатысты жанжал аяқталғаны мәлім. Бұдан бөлек, жалпы құны 226 миллион теңге болатын жоғары жайлылықтағы тағы бес пәтер алынғаны анықталды. Алайда бұл жеке-дара кездесетін жағдай емес, бұл – мұзтаудың су бетінде көрінген ұшар басы ғана", – дейді депутат Меруерт Қазбекова.

Қалаулылар үкімет басшысына жолданған ресми депутаттық сауалда басқа да жаға ұстатар жайттарды келтіреді. Атап айтқанда, "қыркүйекте Атырау қаласының әкімдігі бес бөлмелі тұрғын үйді жиһаздарымен бірге 58 миллион теңгеге сатып алған".

Өскеменде екі элиталы тұрғын үй нысанына бюджеттен 82 миллион теңге аударылған. Тарата айтқанда, бірінші лот – қабырғасының биіктігі стандарттан әлдеқайда жоғары, 4 метр болатын, ал ауданы 260 шаршы метрді құрайтын бес бөлмелі пәтер үшін 45,3 миллион теңге төленген. Ал басқа лот – 210 шаршы метрлік төрт бөлмелі пәтерге 37 миллион теңге шығындалған.

"Шымкент қаласының тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы бес супержайлылықтағы "қызметтік" бес пәтерді сатып алуға байқау жариялады. Олардың әрқайсысы үшін 43 миллион теңгеден бөлінген. Көкшетауда әкімдік 145 шаршы метрлік төрт бөлмелі пәтерді 40 миллион теңгеге сатып алған. Батыс Қазақстан облысының Ақсай қаласында тіпті баспана сатып алуға емес, аудан әкімінің кең сарайын жөндеуден өткізуге бюджеттен 24 миллион теңге жұмсалған. Алматы облысының Жамбыл ауданының әкімі үлкен автотұрағы, жеке моншасы бар 180 шаршы метрлік үйді 35 миллион теңге ел қаржысына сатып алуды жоспарлаған. Алайда ол көз тіккен Ұзынағаш кентінде ең қымбат үй 20 миллион теңге ғана тұратын көрінеді", – деген депутаттар мұның астарында қызметтік баспана құнын асыра қымбаттату жолымен бюджеттік миллиондарды жымқыру ниеті жоқ па деп мазасызданады.

Парламентшілер қарапайым қазақстандықтар тіпті "7-20-25" жеңілдетілген ипотекамен де баспана ала алмай, зар илеп жатқанда әкімдер мен шенділердің бұл қарекетін жөнсіз санайды.

"Тіпті "7-20-25" бағдарламасы да халық үшін баспана құнын 15-25 миллион теңгемен шектейді. Бұл ретте шенеуніктердің өз-өздерін еш шектемей, өздері үшін қайран қалдырарлық жағдайлар жасап алуы халықтың әділ сынын туғызады. Осы тұста ол объектілердің артынша сонда тұрып жатқан шенеуніктердің өздері белгілеген жеңілдіктер бойынша жекешелендірілетінін де естен шығармау қажет. Демек, әкімқаралар мен шенділердің мемлекет есебінен қызметтік баспана сатып алуы мәселесін олардың өз қарауына қалдырмау керек деп санаймыз. Бұл істе баға және баспана ауданы бойынша шектеу енгізілуге тиіс. Әйтпесе, мысалы, Павлодар облысында жергілікті тұрғындарға "7-20-25" бағдарламасы бойынша 15 миллион теңге көлемінде ең жоғарғы шек белгіленген, ал қала әкімдігі өзіне одан 3,5 есе қымбат үй алудан арланбайды", – дейді Меруерт Қазбекова.

Сондықтан депутаттар үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтан барлық әкімдіктердің, министрліктердің, мемлекеттік мекемелер мен бюджеттің мойнында отырған өзге де ұйым-кәсіпорындардың сатып алған және алғалы жатқан қызметтік баспаналарына қатысты кең ауқымды тексеру жүргізуді сұрады. Бұл ретте қалаулылар қызметтік баспаналардың кейін қандай шарттармен жекешелендіріліп кеткенін де қарауды ұсынады.

Үкіметке тексеру қорытындылары туралы парламентті және қоғамды құлағдар ету жүктелді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу