banner

Қазақстанда тағы бір банк дефолт болғалы тұр ма?

8465

Елімізде кейінгі жылдары 9 банк банкрот болған еді.

Қазақстанда тағы бір банк дефолт болғалы тұр ма?

"Қазақстанда тағы бір банк дефолт алдындағы жағдайға жеткенге ұқсайды. Бұл – "Заман Банк" деп жазады "Банки Казахстана" мамандандырылған жаңалықтар веб-сайты.

Оның сарапшыларының байламынша, бұл қаржылық ұйымдағы проблемалық несиелердің үлесі биылғы 1 ақпанда 38,12%-ға жетіпті. Салыстыру үшін айтсақ, республикада банк секторы бойынша аталған көрсеткіштің орташа мәні әзірге 6,77%-ы ғана.

"Әрине, банк бұл кредиттерін қайта жандандыра алуы да мүмкін, соған қол жеткізсе, онда онысы NPL (қайтарылмайтын заем) санатына өтіп кетпеуі де ықтимал. Алайда соңғы уақытта оптимизм барған сайын азаюда, себебі сыртқы және ішкі ахуал теріс сипатқа ие бола бастады", – деген байлам жасайды "Банки Казахстана".

Осындай тәуекел барын The Pulse де хабарлады. Оның сарапшылары бұдан ауырлау болжам жасады.

"Бұған қоса, Қазақстанда "Jusan", "Еуразиялық банк", "Нұрбанк" және "Банк Хоум Кредит" секілді банктердің жай-күйі де алаңдаушылық тудырады. Оларда төлемін төлеу доғарылған кредиттердің үлесі 10%-дық межеден асып кеткен. Соңғы екі аптадағы жаңалықтар ағыны қорқынышты түсті елестетіп кетті. Нарықтар күйреуде, шикізаттық және басқа тауарлар құны бірнеше сағат ішінде ондаған пайызға қымбаттауда. Әлеуметтік желілер өшпенділікке толып барады", – деп мазасызданады басылым.

Осы орайда KASE "Fitch Ratings" рейтинг агенттігінің "Хоум Кредит энд Финанс Банк" АҚ-ның еліміздегі еншілес банкінің ұзақ мерзімді рейтингтік бағаларын төмендеткенін хабарлады. Бұл жайында биржаны банктің өзі құлағдар еткен екен.

"2022 жылғы 4 наурызда Fitch рейтинг агенттігі "Хоум Кредит энд Финанс Банк" АҚ-ның еншілес банкінің келесі рейтингтерін төмендетті және растады. Эмитенттің ұзақ мерзімді дефолт рейтингі (ЭДР) "В+" деңгейіне дейін төмендетілді, болжамы – "Теріс". Қысқа мерзімді ЭДР "В" деңгейінде растады, болжамы – "Теріс". Ұлттық валютадағы ұзақ мерзімді ЭДР-і "В+" деңгейіне дейін төмендетілді, болжамы – "Теріс". Акционердің қолдауы рейтингі "b" деңгейіне дейін төмендетілді, болжамы – "Теріс". Өміршеңдік рейтингі "b+" деңгейінде расталды, болжамы – "Теріс". Цитатаның соңы", – деп жазылған KASE хабарламасында.

Осының алдында Ресейдің ВТБ, Сбер, Альфа-банк секілді банктері және олардың еліміздегі еншілес банктері АҚШ пен Еуроодақтың ауыр санкцияларының астында қалғаны мәлім. Оларға қазақстандық банк секторының жалпы активтерінің 15%-ы тиесілі, бұл – өте қомақты енші. Бұған қоса, Ұлттық банктің дерегінше, ресейлік банктер қазақстандық заңды және жеке тұлғаларды несиелендіруін күрт арттырған: олардың несие портфелінің жиынтықты үлесі елімізде бір жыл ішінде 15%-дан 17,5%-ға дейін артып шыға келді.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 24 ақпан - 5 наурыз аралығындағы кезеңде Ресейге қарсы санкциялар енгізілгеннен кейін ресейлік банктердің еліміздегі еншілес банктерінен клиенттер кете бастағанын мәлімдеді.

"Енгізілген санкциялар кесірінен ресейлік еншілес банктердің өтімділігіне қысым күшейді. Бұған клиенттер қаражаттарының олардан еліміздің басқа банктеріне кетуі және ресейлік еншілес банктердің төл қарыз-міндеттемелерін төлеуге мәжбүр болуы ықпал етті. Еншілес банктер банктік қызметтерді тұрақты режимде үздіксіз көрсету, оның ішінде клиенттердің төлемдері мен ақша аударымдары бойынша тапсырмаларды уақытылы орындау бойынша қажетті шараларды қабылдауда. Осы мақсатта оларға Ресейдегі бас банктері ақша беру түрінде қосымша қолдау көрсетеді. Сонымен бірге агенттік Ұлттық банкпен бірлесіп, ақша-кредит саясатының құралдары шеңберінде банктерді өтімділікпен қамтамасыз ету бойынша қосымша шаралар қабылдауда", – деп мәлімдеді қазақстандық қаржылық реттеуші.

Агенттіктің сендіруінше, Батыс және оларға қосылған шет мемлекеттердің Ресейге қарсы санкцияларының Қазақстанның төл банктеріне теріс ықпалы байқалмайды.

"Қазақстанның банк секторының меншікті капиталы 4,6 триллион теңгені құрайды. Екінші деңгейдегі банктер өтімділігі жоғары активтердің елеулі қорына ие. Ол шамамен 11,6 трлн теңгені немесе активтердің 31,3%-ын құрады. Капитал мен өтімділігі жоғары активтер қорының жоғары деңгейі банктерге қаржы нарығында туындаған күйзелістердің әсерін барынша азайтуға мүмкіндік береді", – деп түсіндірді агенттік.

Қалай болғанда, билік алда банкрот болуы мүмкін банктердің бәріне бірдей көмектеспеуге бекініп отырғанға ұқсайды. Бұл бір жағынан дұрыс. Бәрін құтқаруға мемлекеттің қазынасы жетпес еді.

Сондықтан Қаржылық реттеу агенттігі тосын шаралар қабылдады. Оған сәйкес, банктер өз клиенттерінің ақша төлемдері мен аударымдары бойынша тапсырмаларын уақтылы орындауы үшін 2022 жылғы 1 маусымға дейін пруденциялық нормативтерді орындаудың ерекше тәртібі енгізіледі.

Бұл ретте еліміздегі банктер біріншіден, өтімділік коэффициенттерін; екіншіден, ішкі активтерге қаржы орналастыру коэффициентін; үшіншіден, өтімділікті өтеу коэффициентін; төртіншіден, нетто тұрақты қорландыру коэффициентін және бесіншіден, ашық валюталық позиция лимиттерін сақтаудың ерекше тәртібін орындауға міндеттеледі. Орындамаса, лицензиясынан айырылуы мүмкін.

Осының алдында Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов жағдайды "күрделі" деп бағалады. Сол себепті ҰБ базалық ставканы кезектен тыс 13,5%-ға дейін көтеруге мәжбүр болыпты. Бұл да банктерді құтқару үшін жасалған көрінеді.

"Бұл кредиттің қолжетімділік деңгейін төмендетеді. Алайда ағымдағы ахуалда біз базалық ставканы көтергенде, экономикадағы ақшаның құнын қымбаттатуды және несиені қолжетімсіз етуді көздеген жоқпыз. Бұл шешім банктердің қолында қор базасы қалуы үшін қабылданды. Ал ондай қор базасы халықтың депозиттерінен құралады. Солар арқылы банктер кредит таратады. Егер девальвациядан және инфляциядан үрейленген халық депозиттерін тегіс долларға ауыстырып жібергенде, онда банктерде несиелендіруге мүмкіндік беретін қор базасы қалмас еді", – деді Ұлттық банк басшысы.

Қазақстанда әлі күнге дейін 9 банкке қатысты ликвидация рәсімдері жүргізілуде. Ол банктердің салымшыларына тіпті кепілдендірілген өтеу сомасы да толық төленіп болмаған, 98%-дан сәл асатын сомасы өтеліпті. Бірақ кәсіпкерлердің, мемлекеттік мекемелердің, заңды тұлғалардың салымдарын қайтару кепілдендірілмегені мәлім. Оның үстіне теңгедегі депозиттерде – 10 миллион теңгеден, долларда – 5 миллион теңгеден асқан сома да кепілдікті қайтаруға жатпайды. Олардың бәрі "күйіп" кетті.

Сонымен қатар кейбір банктердің клиенттері салымын алуға сол бойы келмепті. Егер ондай азаматтар немесе олардың мұрагерлері жинағының барын есіне түсірсе, жойылған банкті іздеудің қажеті жоқ. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының арнайы ақпараттық ресурсы – төлемдердің электронды порталы арқылы бірнеше жойылған банк бойынша тиесілі өтемақы сомасын тексеруге және оны алу үшін онлайн өтініш беруге болады. Бұл үшін https://clients.kdif.kz/ мекенжайын терген жөн. Клиенттің электронды цифрлық қолтаңбасы болуы қажет.

ҚДКҚ бірқатар банктердің салымшыларына төлем төлеу мерзімі 2022 жылғы 1 мамырда және 3 шілдеде бітетінін еске салды. Атап айтқанда, "Валют-Транзит Банк" АҚ, "Қазинвестбанк" АҚ, "Эксимбанк Қазақстан" АҚ, "Delta Bank" АҚ, "Qazaq Banki" АҚ, "Астана банкі" АҚ, "Tengri Bank" АҚ, "AsiaCredit Bank" (АзияКредит Банкі)" АҚ-ның салымшылары 2022 жылғы 1 мамырды қоса алғанға дейінгі мерзім ішінде өтініш бере алады. Ал "Capital Bank Kazakhstan" АҚ-ының салымшыларының 2022 жылғы 3 шілдеге (қоса алғанда) дейін өтініш беруге мүмкіндігі бар.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу