Қазіргі уақытта инвесторлар құрамына 3 ұйым еніп отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Олар – "Павлодар өзен порты" АҚ (50%), "RR-CAPITAL" ЖШС (25%) және "Біріккен жеміс-көкөніс компаниясы" ЖШС (25%).
– Бұл – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың отандық кәсіби футбол клубтарын коммерцияландыру жөніндегі тапсырмасын іске асырудағы маңызды қадам. Реформаның басты мақсаты – жеке инвестиция тарту, басқару тиімділігін арттыру және клубтардың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету, – деп мәлімдеді әкімдік.
"Ертіс" футбол клубын инвесторларға беру алдында оның мүлкіне бағалау жүргізіліп, қажетті рәсімдер толық аяқталған. "Павлодар өзен порты" АҚ 2026 жылы клубты қолдау мақсатында демеушілік көмек ретінде 250 млн теңге бағыттады. Жыл соңына дейін тағы 250 млн теңге инвестициялауды жоспарлап отыр. Алдағы уақытта үш инвестор да "Ертісті" қаржыландыру, инфрақұрылымды, негізгі және жастар командаларын дамыту бойынша ұзақ мерзімді міндеттемелер алады. Жыл сайынғы инвестиция көлемі кемінде 1,5 млрд теңгені құрайды.
– Жаңа стратегияның басым бағыттарының бірі – балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту. Іріктеу бағытында жұмыстар күшейтіліп, талантты жас футболшылардың балалар командасынан негізгі құрамға өтуіне қажетті жағдайлар жасалады. Әйелдер футболын дамытуға да ерекше көңіл бөлінеді. Бұл бағыттарға мемлекет тарапынан қолдау көрсету жалғаса береді, – делінген хабарламада.