Қазақстанда танымал маркетплейсті "ұрлық жайлауы мүмкін" екені айтылып жатыр

2063

Ozon мен тауар беру бекеттерінің иелері арасында қақтығыс басталды.

Қазақстанда танымал маркетплейсті "ұрлық жайлауы мүмкін" екені айтылып жатыр Фото: canva.com

Ресейлік Ozon өзін "логистикалық желісі дамыған мультикатегориялық маркетплейс" деп дәріптейді. Бүгінде "Ozon" бренді жазылған тапсырыстарды беру пункттері (пункт выдачи заказов) қазақстандық ірі қалалардың әр көшесінде бірнешеуден қаптап ашылуда. Дегенмен, ізінше жабылып қалып жатқандары да жетерлік.

Компанияның мәліметінше, оның қоймаларының жалпы ауданы 2,5 миллион шаршы метрден асқан.

Тапсырыстарды беру пункттері мен постаматтарының жалпы саны 45 мыңнан көп көрінеді. 2020 жылдан бері Ozon-ның логистикалық инфрақұрылымы 8 есе артты. Осының арқасында компания РФ пен ТМД-дағы аса ірі логистикалық желіге ие болды.

"Озон" Ресейде және шетелде жалпы саны 31 жоғары технологиялы фулфилмент-орталыққа ие. 100-ден астам сұрыптау орталығымыз бар. Олардың әрқайсысында қызметкерлердің қауіпсіздігі және жұмыстың тиімділігі – біздің қамқорлығымызда", – деп сендіреді өз сайтында компания.

Алайда көршінің ақпарат құралдары Ozon-ды "ұрлық пен жаман сервис жайлағанын", маркетплейс пен беру пункттерінің иелері арасындағы тайталас өршігенін жаза бастады. Бұл дау-жанжал РФ федералдық антимонополиялық қызметіне шағым түскелі "жаңа белеске" көтерілді.

"Қақтығыстың себебі сол, маркетплейс сервистік алым енгізді. Кәсіпкерлердің айтуынша, алым оларды табысынан айырады және бизнесін дамытуға салым салуға тосқауыл болады. Біз сұрастырған эксперттердің байламынша, жаңа алым кесірінен, тапсырыстарды беру пункттерінің (ТБП) қожайындары өз қызметкерлерінің жалақысын төмендетуге мәжбүр болады. Бұл олардағы ұрлықтың және тауарларды алмастырып қою оқиғаларының әрі қарай ушығуына соқтырады", – деп жазады RTVI.

Биылғы жылы Ozon-ның ТБП-ларға қатысты сервистік алымды енгізгені туралы алғашқы хабарлар 14 наурызда пайда болды.

Маркетплейс алымның сомасы әр ТБП үшін әртүрлі болатынын ескертті: оның көлемі әрбір пункттің айналымына, арендалық шығынына, ТБП орналасқан елді мекендегі, көшедегі халықтың тығыздығына байланысты болатын көрінеді.

Компанияның есептеуінше, жаңа ережелер серіктестердің 1%-ының түсімінің 5%-дан 3%-ға дейін төмендеуіне, тағы 9%-ының түсімінің 3-5% айналасында тұрақтауына әкеледі.

Ozon жаңа алымнан түскен ақшаны тапсырыстарды беру бекеттерінің желісін дамытуға, онлайн "базарында" сауда жасайтын жаңа клиенттерді тартуға, сондай-ақ инфрақұрылымын өрістетуге бағыттауға ниетті.

Ozon-ның тауарларын беретін серіктестері өздерімен келісілмеген бұл өзгерістерге қарсы шықты. Baza порталының мәліметінше, ондаған кәсіпкер ТБП-ларын жабатынын айтып отыр. Ozon бұл ақпаратты жоққа шығарды. Оның өкілдерінің пікірінше, жаңа алым енгізілгеннің өзінде, олардың бизнесі табысты болып қалады.

Бұдан қазақстандық серіктестері – шағын және орта бизнес те зардап шегеді. Бірақ қазақстандық бизнес қоғамдастықтар да, билік органдары да әзірге үнсіз. Түсініктеме бермеді.

Forbes жазуынша, дау "додасына" Ресейдің Электронды коммерция нарығы қатысушыларының қауымдастығы (АУРЭК) ат қосып отыр. Ол сервистік алымның ТБП иелеріне қандай нұқсан-залал келтіретіні туралы мәліметтерді жинауға кіріскенін мәлім етті. Артынша қауымдастық кәсіпкерлердің шығыны 40%-ға жететінін жариялады.

Өткен аптада, 27 наурызда Ozon серіктестерімен және бизнес қауымдастық өкілдерімен кездесті. Дегенмен, тараптар бір ымыраға келе алмады. Бір анығы, бизнестің шығыны шынымен, орасан болғалы тұр.

"Кездесу барысында біз серіктестерімізге сервистік алымның көлемін солардың пайдасына қарай өзгертетінімізді аңдаттық. Алым мөлшері біршама азаяды. Мысалы, төлеуге тиіс алымының көлемі максималды межеге, 20-дан 40%-ға дейін баратын серіктестеріміздің саны, қайта есептеуден кейін, 2 еседей азаяды. Кәсіпкерлердің 1%-ынан 0,5%-ына дейін кемиді. Серіктестеріміздің 92,5%-ы үшін алым көлемі сыйақысының 4%-ынан аспайды", – деді Ozon өкілдері.

Компания сәуір айы бойы серіктестерінен алым мөлшерін қате есептеуге қатысты шағымдар қабылдайтын болады. Соның негізінде талдап, түзету жүргізбек. Жаңа алым бойынша түзетілген төлемдер мамыр айында түседі.

Бірақ ТБП иелері бұл жеңілдікті азсынып, мардымсыз санап отыр. Ұйымшылдық танытқан ресейлік сектордағы кәсіпкерлер тізе қосып, АУРЭК қауымдастығымен бірге 28 наурызда Ресейдің құзырлы органдарына шағым түсірді.

Олар федералдық антимонополиялық қызметтен контрагенттеріне қолайсыз шарттарды біржақты таңғаны үшін Ozon-ды тексеруді сұрады. Қазақстан жағы тағы үнсіз.

Ресейлік қауымдастықтың пайымдауынша, "серіктестердің 92%-ы ең минималды алымды төлейді" деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.

"Бүгінде сауда-саттық маусымының көрігі әзір қызған жоқ. Қазақстанда, Ресейде, Беларусьте, басқасында жаңажылдық мереке, наурыздағы мейрамдардан кейін сауда тыншып қалды. Халық сатып алуларға қаражат жинауда. Салдарынан, агенттер бірнеше ай бойы тапсырыстардың аздығынан айналым қаражат тұрғысынан тапшылықты сезінуде. Соған қарамастан, контрагенттердің басым көпшілігіне сервистік алымның минималды емес, жоғарылау көлемін төлеуге тура келеді", – деп түсініктеме берді АУРЭК өкілдері.

Ресейлік антимонополиялық қызмет жағдайдың мән-жайын анықтау үшін Ozon-ға сұрау бағыттамақ. Жанжалдың ары қарай қалай дамитыны негізінен, сол органның шешіміне байланысты болуы мүмкін.

RTVI сұрауына жауап берген сарапшылар оқиғаның өрбу барысының екі сценарийін болжады.

Біріншісінде, РФ федералдық антимонополиялық қызметі (ФАҚ) ресейлік маркетплейстің заң бұзушылыққа жол бергенін жариялайды. Мұндай жағдайға Ozon бір жағынан, жаңа сервистік алымды енгізуінің себебін, екінші жағынан, оның көлемінің әртүрлі ТБП-ның айналымына тәуелді болуының қаншалықты дұрыстығын дәлелдеуге мәжбүр болады.

"Егер "Озонның" негіздемесі ФАҚ-ты қанағаттандырмаса, онда ол маркетплейстен сервистік алымды есептеу тәртібін қайта қарауын немесе оны мүлдем жоюын талап етеді. Бұл қызметтің шешімі орындалуға міндетті. Онда Ozon-ға жоспарланған шығыстарын өтеудің басқа көздерін іздеуге тура келеді. Мәселен, клиенттері мен өнім жеткізушілері үшін жағдайларды нашарлатуы мүмкін", – деді "Томашевская и партнеры" антимонополиялық реттеуге маманданған заңгерлік фирмасының басшысы Вадим Кузьмин.

Яғни, тапсырыстарды беру пункттерінің қожайындары ұтады, маркетплейсте тауарын сататын кәсіпкерлер мен оны сатып алушылар ұтылады.

Бірақ басқа көзқарастар да бар: Digital&Analogue Partners басшысы Александр Звягинцевтің пікірінше, компания мен ТБП араларындағы дау саудагерлер мен сатып алушыларға еш әсер етпеуге тиіс. Ол ТБП-ларға сервистік алымның енгізілуі "Озонда" сатылатын тауарлардың бағасының қымбаттауына соқтырмайтынына сенімді.  

Екінші сценарий бойынша ФАҚ ресейлік электронды коммерция алпауытының әрекетінен ешқандай кемшілік таппайды. Мұндай жағдайда тауар беру бекеттеріне қиын болады. Тұтынушылары тығыз, немесе элиталық аудандарда орналасқан, сондықтан алдынан көп, қымбат тапсырыстар өтетін, сол арқылы өскен табысы жаңа алымды еркін "жабатын" пункттердің иелері жұмысын жалғастырмақ.  

Мұндай игіліктерден алыстау қонған бекеттер не өзге шығындарын қысқартады, мысалы, персоналын азайтады, жалақысын төмендетеді, пункт орынжайының ауданын, бөлме санын кемітеді. Немесе жабылып тынады. Олардың клиенттері өзгелеріне көшеді.

"Қала не ауданның әкімшілік бірлігі шегіндегі бір немесе бірнеше ТБП-ның жабылуы тапсырыстардың іс басында қалған өзге пункттер арасында бөлінуіне әкеледі. Дәл іргедегі бекет жабылып қалды екен деп, адамдар маркетплейсте зат сатып алудан бас тартпайды. Өйткені базарлар мен сауда орындарында жаппай қымбатшылық белең алуда, тұрмысы нашарлаған жұрт арзандау тауарды маркетплейстерден іздейді. Нәтижесінде, бизнес айдынында қала алған пункттердің айналымы артады. Бірақ бұл жағдайда олардың сервистік алымы да өседі", – деді Вадим Кузьмин.

Ozon-ның көксегені сол, өтімділігі жоғары және айналымы көп, барынша ірі және табысты тапсырыстарды беру пункттерінен барынша мол алым жинау. Сондықтан оларға да әкімшілік шығыстарын енді мейлінше азайтуға тура келеді.

"Бұл олардың жұмыс сапасына сөзсіз, теріс ықпал етеді. ТБП-лардағы жұмысшылардың жалақысын төмендету әртүрлі алаяқтыққа, махинацияларға дем беруі мүмкін. Ұрлық немесе тауарларды ауыстырып қою сияқты қылмыстар өршуі ықтимал. Олай болса, бұл жеткізушілер мен тапсырыс берушілердің де теріс айналуына түрткі болады. Бұл ретте сервистік алым "Озонда" сатылатын тауарлардың бағасына тікелей серпін бермейді. Тауарлар бағасы маркетплейс пен ТБП иелері арасындағы қарым-қатынасқа байланысты емес", – деп түсіндірді В.Кузьмин.

Сарапшылардың бұл алаңдаушылығына Ozon жауап қатты: оның сендіруінше, "жеткізудің бүкіл тізбегінде әрбір буынның дұрыс жұмыс істеуі тексеріледі", сол себепті, тауарлардың жолай жаппай ұрлануын күтуге болмайды.

2023 жылы Ozon маркетплейсі арқылы 46 миллион адам сауда жасаған екен. Сатып алушылар қатары 2022 жылмен салыстырғанда, 31% өскен. Алайда компанияның қанағат емес, қомағайлық таныта бастауы оны жарға жығып тынбаса.

Айтпақшы, сатып алушылар Ozon-ның тапсырыс берілген тауар үшін қосымша шығындалуға тура келетіні туралы ескерту жібере бастағанына назар аудартуда. Мәселен, тауардың 200 еуро көлеміндегі лимиттен қымбат тұратыны, сондықтан баж төлеуге тура келетіні туралы хабарламалар келе бастады.

Осыған байланысты сарапшылар "сатып алынатын тауарлардың себет-кәрзеңкесін қалыптастыру кезінде олардың ақырғы сомасы сіз күткендегіден асып түсуі ықтимал" екенін ескеруге кеңес береді. Сондай-ақ еуроның бағамы құбылып тұратынын да ұмытпаңыз. Тиісінше, шетелден тасылатын тауардың іс жүзіндегі құны мен баж мөлшері төлем төленетін күні өзгеріп кетуі ықтимал.

Бұған "Озон" айыпты емес: биылғы 1 сәуірден бастап, Ресей үкіметі шетелден тапсырыс берілетін тауарларға белгіленіп келген 1 мың еуролық шекті ұзартпай, жойды. Салдарынан, тапсырыс берілген тауар РФ шекарасын кесіп өткенде, клиент сол үшін қосымша баж төлеуге тиіс.

Бұл талап құны 200 еуродан асатын немесе салмағы 31 келіден артық барлық шетелдік жүктерге қатысты қолданылады. Бұдан былай әрбір артық келі үшін РФ қазынасына 2 еуро баж төленбек. Егер тауардың құны 200 еуродан асса, баж көлемі одан артқан соманың 15%-ын құрайды.

Бұдан өзге, клиент ресейлік кедендік брокердің қызметін төлеуге де мәжбүрленеді: оның құны 500 рубльден басталады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу