Қазақстанда таулы жерде орналасқан ең биік көлік көпірі ашылды

304

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Шығыс Қазақстан облысындағы әлеуметтік және жол-көлік инфрақұрылымы жобаларымен танысты.

Қазақстанда таулы жерде орналасқан ең биік көлік көпірі ашылды Фото: Үкімет

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында көлік-логистика саласын дамытуға, транзиттік әлеуетті арттыруға және жол инфрақұрылымын жаңғыртуға қатысты тапсырма берді. Осы тапсырмаларды орындау – Үкімет жұмысының маңызды басымдықтарының бірі, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Өскемен қаласындағы Сәтбаев даңғылы мен Жібек жолы көшесінің қиылысындағы жаңа жол айырығының құрылыс барысымен танысты. Мұндағы қозғалыс қауіпсіздік талаптары ескеріле отырып, кезең-кезеңімен ашылады. Нұрлыбек Нәлібаев жауапты басшыларға құрылыс мерзімі мен жұмыс сапасына қатысты міндеттер жүктеді. Есеп бойынша жолайрықтың өткізу қабілеті тәулігіне 85 мыңнан 200 мыңнан астам көлікке дейін артады.

Үкімет басшысының бірінші орынбасары жұмыс сапары аясында Тереңсай асуын айналып өтетін жол мен Пихтовка өзені арқылы өтетін көпірдің ашылу салтанатына қатысты. Бұл – өңірдегі көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттыратын, елді мекендер арасындағы байланысты жақсартатын жобалар.

Пихтовка өзені үстінен өтетін ұзындығы 175 метрлік көпір шатқалдан 45 метр биіктікте орналасқан. Бұл – Қазақстандағы таулы жерде орналасқан ең биік көлік көпірі. Таудың қия беткейі, терең шатқалы мен күрделі табиғи жағдайында салынған жаңа нысан осы аймақтың геологиялық және табиғи ерекшеліктерін ескеретін инженерлік шешімдер мен заманауи технологияларды қажет етті. Жеті аралықтан және сегіз тірек бағанадан тұратын көпір құрылысы айналма жолды салудағы ең жауапты кезеңдердің бірі болды.

Тереңсай асуы жүргізушілер үшін күрделі учаскелердің бірі еді. Әсіресе қыс мезгіліндегі қарлы боран мен көктайғақ жолдағы жағдайды қиындатып, көлік қозғалысын уақытша шектейтін. Асудың күрделі бұрылыстары мен тік өрлері де жүргізушілерден ерекше сақтықты талап ететін. Енді бұл бағыттағы қозғалыс жаңа арнаға көшеді. Ұзындығы шамамен 12 шақырым болатын айналма жол көліктерге қауіпті серпантинге соқпай, асуды айналып өтуге мүмкіндік береді.

"Бұл – өңір үшін ғана емес, еліміздің көлік инфрақұрылымын дамыту жолындағы да маңызды оқиға. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Үкімет алдағы уақытта да еліміздің көлік инфрақұрылымын жаңғырту және өңірлердің транзиттік мүмкіндіктерін кеңейту жұмыстарын жалғастырады. Бүгінгі жаңа жол Шығыс Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, өңірдің туристік және инвестициялық әлеуетін арттыра түссін! Баршаңызды осы айтулы оқиғамен шын жүректен құттықтаймын!" – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Жаңа жол сапар уақытын қысқартып қана қоймайды, ең бастысы, жол-көлік оқиғаларының қаупін азайтып, жолаушылар мен жүк тасымалын тұрақтандырады. Ауа райы қолайсыз болған кезде де қозғалыс шектелмейді. Өскемен қаласы мен Алтай, Үлкен Нарын және Қатонқарағай аудандары арасындағы көлік қатынасы жақсарады. Бұл бағытпен күнделікті қатынайтын тұрғындар үшін де, жүк тасымалдаушылар мен туристер үшін де жолдың қауіпсіз әрі қолайлы болғаны маңызды.

Сонымен қатар, жаңа бағыт Шығыс Қазақстанның туристік әлеуетін дамытуға ықпал етеді. "Бұқтырма" су қоймасына, "Қатонқарағай" мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне және "Рахман қайнары" шипажайына баратын саяхатшылар үшін қолайлы болады. Осылайша, өңірдің көрікті жерлеріне келетін туристер ағыны артады. Жаңарған жол инфрақұрылымы экономикалық және әлеуметтік байланыстарды нығайтып, шалғай елді мекендер тұрғындарының жол қатынасын жақсартады.

Осы сапар барысында Үкімет басшысының бірінші орынбасары Өскемен қаласындағы Гематология орталығының ашылуына қатысты. Жаңа мекеме Шығыс Қазақстан, Абай және Павлодар облыстарының тұрғындарына күрделі гематологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеуге арналған мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетеді. Басты мақсат – азаматтардың тұрғылықты жеріне қарамастан, сапалы әрі уақытылы медициналық көмек алуына жағдай жасау.

Ауқымды жобаның құрылысы 2020 жылы басталған. Өткен жылы Президент тапсырмасымен нысан құрылысын аяқтауға Арнаулы мемлекеттік қордан 33,6 млрд теңге бөлінді.

"Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, медициналық нысандарды салып қана қоймай, олардың тиімді жұмыс істеуіне және халыққа нақты пайда әкелуіне мән беріледі. Сондықтан орталықтың білікті мамандармен қамтылуы, заманауи жабдықтардың тиімді пайдаланылуы және медициналық қызмет сапасы басты назарда болуы тиіс. Гематология орталығы Шығыс Қазақстанның ғана емес, көршілес өңірлердің де тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсететін маңызды нысанға айналады деп сенеміз!" – деді Премьер-министрдің бірінші орынбасары.

Орталық әлемнің жетекші өндірушілерінің заманауи диагностикалық және емдеу жабдықтарымен жарақтандырылған. Жоғары технологиялық жабдықтар онкогематологиялық аурулар мен қан тамырлары патологияларын дәл диагностикалауға мүмкіндік береді. Дәрігерлер, инженерлер мен медбикелер жетекші республикалық және шетелдік клиникаларда білімдерін жетілдірген.

Негізгі корпус 148 орынға арналған:

  • 24 орындық балалар стационары;

  • 30 орындық соматикалық бөлім;

  • 25 орындық ересектерге арналған гематология бөлімі;

  • 37 орындық кардиология бөлімі;

  • 20 орындық кардиохирургия бөлімі;

  • 12 орындық сүйек кемігін трансплантациялау бөлімі.

Кешен құрамына сондай-ақ 24 орындық, үш қабатты пансионат кірді. Ол оңалтудан өтіп жатқан пациенттер мен олардың жақындарына уақытша бірге тұруға арналған. Үш ғимараттың жалпы ауданы 38 мың шаршы метрден асады.

Сапар барысында Премьер-министрдің бірінші орынбасары өңірдегі стратегиялық маңызы бар екі энергетикалық нысан – Өскемен СЭС-і мен Өскемен ЖЭО-сына барды. Өскемен СЭС-індегі төртінші гидроагрегатты жаңғырту жұмыстарымен танысып, жабдықтардың тиімді әрі сенімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуге қатысты тапсырмалар берді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу